Қандастар Ассамблея

Шебер қолдар – шектеусіз мүмкіндіктер

20.09.2016 4593
Қыркүйектің соңғы жексенбісі Халықаралық саңыраулар күні. El.kz тілшісі Астанадағы «Қазақ саңыраулар қоғамы» оқу-өндірістік кәсіпорны жұмысымен танысып қайтты.

Саусақтар – соқырдың көзі, мылқаудың үні, ал саңыраудың  құлағы. Олар күйбең тірліктің қарбаласқа толы сәттерінің үнін ести алмаса да, мүлгіген тыныштықтың үнін жүрекпен сезіне біледі. 25 қыркүйек – Халықаралық саңыраулар күні. Әлемде мұндай адамдардың құқығының бұзылуы, қоғамда жәбір көруі, кемсітушілік, мүмкіндігінің шектелгені ескерілмейтін жағдайлар көп кездеседі. Осы орайда El.kz тілшісі Астанадағы «Қазақ саңыраулар қоғамы» оқу-өндірістік кәсіпорны жұмысымен танысып қайтты.

 Әлеуметтік қызмет көрсету уақыты жылына 2 есеге көбейеді

1940 жылы ашылған Ақмола облыстық саңыраулар қоғамында қазіргі күні есту қабілеті бұзылған 500 азамат тіркелген. Бұл бөлімге негізінен Астана қаласы мен аймақтағы шағын аудандар қарайды. Астана бойынша сурдо-аудармашылардың көмегіне жүгінетін құлағы мүкіс 300-дей азамат бар.

– Астана бойынша 22 сурдо-аудармашы жұмыс істейді. Олар әлеуметтік және инфрақұрылым бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың әр түрлі мәселелерін шешулеріне көмектеседі. Бұған дейін ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері бір мүгедекке жылына 30 сағаттан асырылмайтын еді, енді келесі жылдан бастап естуі бойынша мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету уақыты жылына 60 сағатқа ұзартылды. Осы мәселені депутаттарға айтып жүріп бір жақты еттік, – дейді «Саңыраулар қоғамының» Ақмола облысы бойынша бөлімшесінің төрағасы Жангелді Бекбатыров.

Баспана және жұмыспен қамту

Бөлімше төрағасының айтуынша, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – тұрғын үй жайы. БҰҰ бас ассамблеясы бекіткен Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция Қазақстанда 2008 жылы ратификацияланды. Конвенцияның 28 бабында мүгедектердің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шаралар қабылдау керектігі туралы айтылған, алайда Қазақстандағы ішкі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмегендіктен, баспана мәселесі шешілмей тұр.

– Көптеген үшінші топтағы мүгедектер үйсіз-күйсіз жүр, себебі біздің ішкі заңнамада үшінші топ жұмыс тобы болып есептелгендіктен, тұрғын үй есебіне алынбайды. Бірқатар депуттаттар оларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқылы адамдардың тізіміне енгізу қажеттілігін айтып та жүр, – дейді Жангелді Бекбатыров.

Қазақстан Республикасының «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында көрсетілгендей, жергілікті атқарушы органдар қызмет орындарының жалпы санының 3 %-ы мөлшерінде мүгедектерге жұмыс орындарынан квота бекітуі тиіс екендігін айтады. Алайда, әрбір жұмыс берушінің өз талабы болғандықтан, бұл меже іс жүзінде орындалмай келеді.

– Жұмысқа алу үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдай жасалып, ыңғайлы орын жабдықталуы керек. Ал бұл жергілікті мекемелерде мүлдем қарастырылмаған, – дейді ол.

Жангелді Бекбатыров el.kz-пен әңгімесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін білім беру, қызмет түрін еркін таңдау, соның ішінде еңбекке байланысты құқықтары толық сақталмауы да негізгі мәселелердің бірі екендігін алға тартады. Қазақстанда мүгедек жандар үшін мектептерде, ЖОО-да білім алу үшін ыңғайлы жағдай жасалмағандығынан үнемі қарама-қайшылықтар орын алатынын айтқан бөлімше төрағасы:

– Балалар оқығысы келеді. Құлағы естімейтіндер үшін арнайы топтар қарастырылмаған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үнемі күзетші, жүкші, қаланы көгалдандыру сияқты қара жұмыстарға ғана тартылады. Ал біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі болса да, небір талантты, өнерлі азаматтар жетерлік. Саңыраулар қоғамында қол-аяғы сау, ақыл-есі түзу жандар жетеді. Олар орынсыз әңгімеге уақыт кетірмей, берілген тапсырмаларды адал атқарады, тек олардың жұмыс істеуіне жағдай қарастырылмай отыр.

Жүзуден ҚР бас жаттықтырушысы – Нұрлан Жасанов

Осы қоғамның мүшесі Нұрлан Жасанов өзінің де осы мәселемен бетпе-бет жолыққанын еске алады. Ол Целиноградта есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектептің жоқтығынан 1992 жылы Талдықорғанға қатынап оқыған екен.

– Өзім туған қалам Целиноградта арнайы мектеп болмағандықтан, Талдықорғандағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған интернат-мектебіне жасым өтіп қабылдандым – дейді ол. – 2000 жылы «Мүгедек балалар қоғамы» бірлестігінің қатысуымен Астанада құлағының мүкісі бар балаларға арналған түзету сыныбы ашылды. Сөйтіп үйіме оралып, 11 сыныпты Астанада аяқтадым.

Бұдан соң Қазақ спорт және туризм академиясында дене тәрбиесі мамандығында оқыған Нұрлан қазіргі күні жүзуден ҚР бас жаттықтырушысы, әрі жүзуден спорт шебері. Одан бөлек жеңіл атлетика, волейбол, теннис пен футбол спортымен шұғылданады.

– Есту қабілеті нашар балаларды спортқа баулуды бала кезден армандап өстім, өйткені олардың жанын жақсы түсінемін. Республикалық, халықаралық жарыстардан 38 медаль алдым. Әрине, бұл тек басы ғана. Алдымда әлі бағындыратын талай шың бар, – дейді Нұрлан Жасанов.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Қытайдың Таюань қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Азия-Тынық мұхит ойындарында ерлер арасындағы эстафеталық жарыс өткен болатын. Осы жарыста Нұрлан Жасанов қатысқан жүзушілер командасы 4х100 метрлік қашықтық бәсекесінде қола жүлдеге ие болды. Ал 2016 жылы Беларусьте өткен халықаралық турнирде спорттық жүзу түрінен командалық есепте 2 күміс, 1 қола жүлде алды. Бұдан басқа Тайваньда, Португалияда, Кореяда өткен халықаралық жарыстарға қатысқан.

Қазір Нұрлан «Қазақстан» спорт кешенінде жаттықтырушы-мұғалім болып жұмыс істейді. Ол жаттықтыратын сыныпта есту қабілеті нашар 44 оқушы бар.

– Біздің мақсатымыз – балаларды жүзуге үйрету ғана емес, жүзу чемпиондарын баулу. Сонымен бірге, еліміздегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласамын. Астанадағы «Мүгедек балалар қоғамы» бірлестігіне ерікті түрде қолғабыс етемін, – дейді Қазақстан Республикасының құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұрлан Жасанов.

«Өндіріске керек станоктарды қолдан жасадық»

«Қазақ саңыраулар қоғамында» Нұрлан сияқты өнерлі, кәсіби мамандар жетерлік. Мысалы, осы қоғамға қарасты Астанадағы оқу-өндірістік кәсіпорнының өндіріс бойынша директорының орынбасары Валерий Волошин кәсіпорындағы металл өңдеу, жиһаз жасаудың нағыз шебері. Ол өз білгенін осы бірлестіктің мүшелеріне үйретіп, еңбекке баулып келеді. Әріптестері «дядя Вася» деп ерекше құрмет тұтады. Керек десеңіз, дядя Васяның жетекшілігімен олар кәсіпорындағы металл өңдеу станоктарының барлығы қолдан жасап шыққан. Ал керекті темірлердің барлығын құрылыс аумақтарындағы керексіз металл қалдықтарынан теріп алғандарын айтады.

– Бұрын троллейбус паркінде жылдар бойы механик болып жұмыс істедім. Темір-терсектің тілін жақсы түсінемін. Алғаш осында келгенде тігін цехынан басқа ештеңе болған жоқ еді. Жаңбырлы күндері тігінші қыздар суықтан дір-дір етіп, қолшатырдың астына тығылатын. Шатырын жамап, ғимараттың шұрқ тесік қабырғаларын сылап, жылу тарттық. Алғашқы жылдары 40 мың теңгеге жетер жетпес айлық алдық. Қазір орнығып алдық, жұмысшылардың айлығы 60 мың теңгеден түсіп көрген жоқ. Қалай болған күнде де бұл олардың адал еңбегінің жемісі, – дейді Астанадағы «Қазақ саңыраулар қоғамы» оқу-өндірістік кәсіпорнының өндіріс бойынша директорының орынбасары Валерий Волошин.

Кәсіпорынның металл өңдеу, жиһаз жасау бөлімінде есту қабілеті нашар 6 жұмысшы бар. Игорь Приходько мен Нұрлыбек Қинаятов тор тоқып жатыр (суретте). Белгіленген меже бойынша олар 100 метр тоқып, тапсыруы керек.

– Мектепке керек құрал-жабдықтарды да жасап шығарамыз. Мысалы, бір сыныпқа керек парта, орындық, тақтаны бір апта ішінде жасап бітіреміз. Біздің шамамыз көп нәрсеге жетеді, – дейді Валерий Волошин.

Астанадағы «Қазақ саңыраулар қоғамы» оқу-өндірістік кәсіпорны биыл Алматы ауданындағы 10 шақты ауладағы балалар алаңын жабдықтады. Ал, былтыр Есіл ауданындағы балалар мен ересектердің жаттығу алаңын ретке келтірген. Сонымен бірге кәсіпорын жұмысшылары жасаған киіз үйлер де сұранысқа ие.

Осы кәсіпорынның тігін цехында жұмыс істейтіндердің дені әйел адамдар. Жұмыс істеп келе жатқандарына 20 жылдан асқан ісмер Құралай Жомартқызы, Зоя Сон осы цехтың озат қыздары. Бүгін олар тапсырысқа түскен 500 арнаулы форманы тігіп, үтіктеп, тиісті орынға жөнелту үшін барын салуда.

«Үкімет кей жұмыстарды заңдастырып берсе екен»

Кәсіпорын жұмысшыларының орта есеппен айлық табысы 30-52 мың теңге шамасында, дегенмен бұл тұрақты көрсеткіш емес. Жұмыс өнімділігі мен тапсырыс көлеміне байланысты айлық есеп өзгеріп отырады.

– Көп жағдайда мүгедектерді жұмысқа алмайды, өйткені жұмыс орындарының 80 %-ы үкіметтік емес ұйымдар. Олардың өз талаптары бар. Сол тұрғыдан қиналамыз. Үкіметтен сұрайтынымыз – мүгедектердің қолынан келетін, шамасы жететін жұмыстарды тапсырыс ретінде заңдастырып берсе екен. Мысалы, кір жуу, құрылыс жұмыстары, жыл сайынғы мемлекеттік мекемелердің жөндеу жұмыстары, – дейді Астана қаласының «Қазақ саңырау қоғамының» оқу-өндірістік кәсіпорыны мекемесінің директоры Нұрлан Төкенов.

Астана қаласындағы «Қазақ саңырау қоғамының» оқу-өндірістік кәсіпорыны 1962 жылы құрылған. Кеңес үкіметі кезінен бүгінге дейін қанша қиыншылықты бастан өткерсе де әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Қазіргі күні кәсіпорында бес бағыт бойынша есту қабілеті бұзылған 68 адам жұмыс істейді.

 


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Ұқсас материалдар