Қандастар Ассамблея

Шарапова Заринаның болашағына сенеді

07.07.2015 1815
Зарияна Дияс пен Мария Шарапованың екінші кездесуі «Уимблдонда» өтті.

Қазақстанның нөмір бірінші ракеткасы (әйелдер арасында) Зарина Дияс «Үлкен дулыға» турнирлерінде Мария Шараповамен алғаш рет кездесіп жатқан жоқ. Бұған дейін «Australian Open» турнирінің үшінші айналымында әлемдік рейтингте екінші ракеткасымен қарсыласып, 6:1, 6:1 есебімен жеңілген болатын.

Зарина Дияс пен Мария Шарапованың екінші кездесуі «Уимблдонда» өтті. Бұл жолы төртінші айналым. Зарина қарсыласын зерттеп, үлкен дайындық жасағаны көрініп тұр. Аустралияда оңай айналып өткен ресейлік теннисшіге бұл жолы үлкен тойтарыс берді.

Зарина Дияс әлемнің үздік теннисшілерімен талай кездескен еді. Симона Халеп, Петра Квитова, Доминика Цибулкова, Анжелика Кербер, Саманта Стосур және Мария Шарапова... Бірақ, жас спортшы әзірге әлемнің үздіктерін бірде-бір мәрте жеңе алған жоқ. Мүмкін тәжірибенің аздығы кедергісін тигізіп жатқан болар.

Зарина өткен жылдан бері мәртебелі турнирлерге жиі қатысып, ең үздік теннисшілермен қарсыласып жүр.

Зарина үшінші айналымда әлемнің 14 ракеткасы Андреа Петковичті ұтып кеткенде (7:5, 6:4), Мария Шараповамен де біраз қарсыласады деп күткен болатын. Көпшілік күткендей, Зарина лайықты қарсылас атанды. 6:4, 6:4 есебі тіркелгенмен, кездесу тартысқа толы болды. Екінші айналымда 3:1 есебімен алға шыққан Заринаға тәжірибе жетіспеді.

Мария Шарапова

 

Зарина Дияс

74 %

Бірінші доп асыру көрсеткіші

64 %

74 %

Бірінші доп асыруды пайдасына шешу

63 %

33 %

Екінші доп асыруды пайдасына шешу

41 %

6

Эйстер

2

7

Доп асырудағы қос қателік

4

45 %

Доп қабылдау барысында жинаған ұпай

37 %

33 %

Брейк-пойнттарды жүзеге асыру

67 %

77

Барлық жинаған ұпайлар

67

67 %

Ортаға шығу (сетка)

75 %

25

Сенімді түрде жинаған ұпайлары

13

22

Жібермеуге де болатын қателіктер

17

Кездесу соңында Мария Шарапова пікірімен бөлісті. Естеріңізге сала кетейік, Мария Шарапова төрт жылдан бері алғаш рет «Уимблдон» турнирінің ширек финалына жолдама алды.

– Мәреге жақындаған сайын қарсыластар да күшейе түседі. Зарина шөпте керемет теннис ойнайтынын көрсетті. Оның соққыларына дайын болуым керек екендігін ерте түсіндім. Келесі кезеңге шыққаныма қуаныштымын. Өткен жылы дәл осы төртінші кезеңде жол бердім, – дейді Мария.

Әлемнің 34 ракеткасы Зарина Дияс "Уимблдондағы" соңғы кездесуі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Өкінішке қарай, «Уимблдон» мен үшін аяқталды. Әйтсе де, мұндағы 2 аптаға созылған уақыт өте тамаша өтті. Мені қолдағандарыңыз үшін, маған сенгендеріңіз үшін алғысым шексіз! – деді Зарина.  

Әзірлеген: Досжан Мейірім.