Қандастар Ассамблея

«Shape Eurasia 2014» форумының маңыздылығы неде?

08.09.2014 2905
Соңғы күндері бұқаралық ақпараттық құралдардың көпшілігі Астана қаласында «Shape Eurasia 2014» форумы өтті деген жаңалық таратумен болды.

Соңғы күндері бұқаралық ақпараттық құралдардың көпшілігі Астана қаласында «Shape Eurasia 2014» форумы өтті деген жаңалық таратумен болды. Алайда, бұл форумның қайдан пайда болғаны, не үшін және қалай құрылғаны қарапайым азаматтар үшін беймәлім жағдайда қалды. Google арқылы кілт сөздерді терсеңіз де қосымша ақпарат таба қою қиын, нәтиженің бәрі кешегі күндері өткен форум туралы. Сонымен,  жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін қойылған сұраққа жауап беріп көрелік.  

Shape Eurasia 2014 – Global shapers community қауымдастығының алғашқы ресми форумының атауы. Яғни, бұл форум өзіндік форматта Астана қаласында бірінші рет өткізіліп отыр.

Global shapers community – әртүрлі салада белгілі бір жетістікке жеткен және қоғам дамуына өз үлесін қосқысы келетін 20-30 жас аралығындағы ерекше белсенді азаматтар құрған және басқаратын қалалық хабтар (ағылш. Hub – белсенді аймақтың, қауымның немесе желінің ең негізгі, әрі тиімді ортаңғы бөлігі) желісі. Қауымдастық Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) бастамасымен 2011 жылы қазан айында құрылды. 

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі президенті Клаус Шваб 2011 жылғы кездесуде мынадай өте маңызды ой тастады:

«Әлем халқының 50 пайызы 27 жастан төмен азаматтар. Біз ғаламдық қауіп-қатерлер мәселесін шешуге жастарды араластыруымыз керек, барлық деңгейде – жергілікті, аймақтық, ұлттық және жаһандық. Бұл ұрпақта болашақты жасауға деген құлшыныс, белсенділік және кәсіпкерлік рух бар».

Осы ой қауымдастықтың пайда болуына түрткі болды. Қауымдастық құрылған мезетте-ақ хабтар 80 қаладан ашылды. Бүгінде қауымдастық хабтарының саны 354 құрайды. Әр қалада бір ғана хаб болады. Шэйперлер (әр хабты басқаратын адам) жеке жетістіктері, көшбасшылық әлеуеттері және өзгеріс жасауға деген ұмтылысы бойынша сайланады. Global shapers community арқылы шэйперлер әртүрлі өңірдің белсенді жастарымен, өзгеде түрлі экономикалық форумдармен байланысқа түсіп, Дүниежүзілік экономикалық форум кезінде жастар атынан пікір білдіре алады.

«Shape Eurasia 2014» ерекшелігі неде?

Жоғарыда атап өтілгендей, форум алғашқы ұйымдастырылып отыр және тұңғыш форумды өткізу мүмкіндігіне Астана қаласы иеленді.

Қыркүйек айының 6-7 күндері өткен форум Астана қаласындағы Назарбаев Университеті қабырғасында өтті және оған әлемнің 40 елінен 100 тарта белсенді жастар келді.

Форум «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды және ашылу салтанатында алғашқы болып осы партияның төраға орынбасары Бауыржан Байбек сөз алды.

Екі күнге созылған бұл іс-шара негізінен екі бөліктен тұрды: 1) Түрлі жетістіктерге жеткен, айтар ойы бар тұлғалардың лекциясы; 2) Форум қатысушыларының арасында белгілі бір мәселеге арналған дискуссия.

Лекция оқығандар: Astana Global Shapers Community негізін қалаушысы Саясат Нұрбек («Қазақстанда ұлтаралық және конфессия аралық диалог құру»); SUN Group вице-президенті Шив Викрам Кхемка («Жетістік дегеніміз не?»); Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу («Өз өміріңізбен не істемексіз?»).

Дискуссия тақырыптары:

1.   Көпұлтты қоғамда конфессия аралық диалогты қалай құруға болады?

2.     21 ғасырдағы халықаралық білім беру қандай болуы тиіс?

3.     Жастар үшін тұрақты әлеуметтік лифтіні қалай құруға болады?

4.     Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға не қажет? 

Аталмыш тақырыптар бойынша форум қатысушылары төрт топқа бөлініп, мәселені талқылап, ақыр соңында өз шешу жолдарын ұсынды.

Форум барысында бейресми шаралар да ұйымдастырылып тұрды. Мәселен, Астана қаласының көрікті жерлерін аралау, АЛЖИР лагеріне сапар, гала-концерттер және т.б.

Форумның маңыздылығы

Ең алдымен, форум әртүрлі қоғамның, мемлекеттердің ең ұтқыр белсенді жастары арасындағы байланысты нығайтты. Сонымен қатар, қоғамдық мәселелерді шешудегі жастар рөлінің артуына белгілі бір деңгейде өз септігін тигізді. 


Ұқсас материалдар