Шала туған баланың шырағы бар

14.12.2016 3505
17 қараша – халықаралық шала туған балалар күні

Бүгін – халықаралық шала туған балалар күні. Соған орай, «University Medical Center» корпоративті қорының филиалы елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында мерекелік шара ұйымдастырды.

Оған орталықтың дәрігерлері, ата-аналар және балалар қатысты. Шараның мақсаты – шала туған балалардың ата-аналарына ақпараттық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсету, мерзімінен ерте туған балаларды бағып-күтуге қоғам назарын аудару.

Әлемде шала туған нәрестелер күні 2009 жылдан бері тойланып келеді.

Ал, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында бұл мереке 3 жылдан бері атап өтіледі. Осы уақыт аралығында орталықта 3276 шала туған сәбиге күтім жасалған.

Мұндағы неонатолог мамандар ең алдымен, шала туған балалардың өмір сүру сапаcын жақсартуды көздеп отырғандарын айтады.

Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің денсаулығының жақсаруына неонатологтардан бөлек, орталықтағы невролог, ортопед, хирург, офтальмолог, сурдологтар үлкен үлес қосып отыр.

Орталықтағы гинекология бөлімінің дәрігерлері әлемдегі сәбилердің 10 пайызы, ал, Қазақстандағы сәбилердің 7-8 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келетінін айтты.

 

Тамара Чувакова, медицина ғылымдарының профессоры, неонатолог:

– Шала туған балаларға біздің бөлімдегі барлық дәрігерлер мен медбикелер ерекше көңіл бөледі. Сәбилер айрықша қамқорлықтың арқасында өсіп-жетіліп, қазір, мінеки, көз алдымызда ән салып, ойнап жүр. Демек, бұл – біздің еңбегіміз еш кетпегені деген сөз. Біз бүгін ойнақтап жүрген балаларымызды көріп, қатты қуанып тұрмыз.

Анжела Айтқожина, Атырау облысының тұрғыны:

– Мен бүгінгі мерекеге ат терлетіп, сонау Атырау облысынан арнайы келдім. Былтыр, 19 қараша күні Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында қызым Гүлімді мерзімінен бұрын босандым. Қан қысымым жоғары болғандықтан, мені орталыққа санитарлық авиациямен шұғыл түрде жеткізді. Қызым 6 жарым айлығында дүниеге келгендіктен, салмағы небәрі 975 грамм еді. Дәрігерлер сәбиімнің өмірі үшін күндіз-түні күресті. Дәрігерім Рәйла Алматоваға және ұжым мүшелеріне шексіз аналық алғысымды білдіргім келеді. Әлемдегі барлық балалардың дені сау болсын деп тілеймін.

Гүлімім қазір шауып жүр, қимылы ширақ. Салмағы – 7 келі. Бұйырса, екі күннен кейін бір жасқа толады.

Неонатология бөлімінің медбикесі Эльмира Төлепбаева Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның 9 жылын неонатология бөліміне арнаған медбике өзінің қиын да қызықты жұмысы туралы былай дейді:

– Кезінде өзіміз күтім жасаған сәбилердің бүгін орталығымызға қонақ боп келгеніне қатты қуанып жүрміз. Қараңызшы, біреуі былдырлап сөйлеп, біреуі жүгіріп жүр. Олардың аман-сау жүргенін көріп тұрып қалайша қуанбассың?!

Неонатология бөлімінде жұмыс істеу оңай емес. Дәрігерлер мен медбикелерге де, босанған аналарға да үлкен төзім қажет. Өйткені, шала туған балалар тым әлсіз, біздің қамқорлығымызға зәру. Олардың арасында салмағы небәрі 500 грамм болып туылатын сәбилер де бар. Біз шақалақтардың аналарымен бірге оларға күндіз-түні күтім жасаймыз.

Салтанатты шара соңында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының директоры Бекбай Хайруллин неонатология және жансақтау бөлімдерінің меңгерушілеріне сыйлық тапсырды.

Сондай-ақ, мереке кезінде «Неонотология әлемі» фотокөрмесі ашылды.

Көрмеге Тұрар Қазанғапов, Мария Матвиенко, Евгения Горобец, Салават Нұрғожаев, Павел Большаковтардың түсірген суреттерге қойылған. 

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында "біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз" деп айтқан болатын. Сол себепті бір-бірімізге қолдау көрсету және әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге әрдайым қамқор болу әр азаматтың парызы.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар