Қандастар Ассамблея

«Шалқар»

27.08.2014 2190
«Шалқар»

Маған Қазақстаннан алғаш хат Мұса Дінішев ағамыздан  келді. Кейін ағамыз қазақтың белді қаламгері екенін əрі əйгілі əнші Əлібек Дінішевтің əкесі екенін біліп, бойыма бір рухани демеу болғанын жасыра алмаймын. Ағамыздың бізге деген айрықша ілтипаты бар. Біздің тағдырға бей- жай қарамайтынын елге оралғаннан кейінгі жылдары оның жазған бір мақаласынан оқып білдім. Сол мақаласында менің өткен жылдардағы көңіл күйім мен қазақстандағы бүгінгі ахуалымды қаламына тиек еткен екен. Соны оқып риясыз риза болдым. Сондай ағалардың тілегі біздің бағымыз деп сездім.

Мұса Дінішев ағамыздан кейін «Майты ағайыңнан», «Шарипа апайыңнан» деген хаттар легі менің жанымды жадыратып жүрді. Шарипа апай менің өмірімде ұмытпайтындай үш игіліктің жаршысы болды. Бірі- Ана тілімізде жарық көрген он томдық « Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» қоғам тарапынан жібергенін хабарлағаны, аталған он томдық түсіндірме сөздігімді ираннан алдырдым. Қазіргі кезде жеке кітапханамның рухани байлығы қатарында нұр шашып тұр, екіншісі-мені ата жұртымды көріп, елмен қауышып, танысып кетуге қоғамның шақыруын хабарлағаны, ол шақыру менің Ата мекенге алғаш сапарыма мұрындық болды. Кейін елімді өткені мен бүгінін салыстырып тануға мол мүмкіндік берді. Тəуелсіздіктің қадір-қасиетін одан əрі тереңдеу сезе білуім үшін көмектесті. Үшіншісі- ираннан Қазақстанда тегін, үкімет қаражатымен оқитын талапкер жастар болса қоғам тарапынан шақырамыз деген хаты болатын. Оның да игілігі- тұңғыш қазақ жігітін Қазақстанға əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға жіберу жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Қайдасың сүйінші хабарлардың қарлығашы, Шəрипа апай!

Осындай алыс-берістен кейін қиялдағы арманмен бетпе бет жүздесу уақыты да таяп келе жатқандай сезінгенім рас. 1987 жылдың жазғы мезгіліндегі Қазақстан «Отан» қоғамы тарапынан елге келіп-кету туралы маған жіберген шақыру хаты негізінде ата жұртыма сапар шектім. Мен аталған сапарды Тегеран – Стамбул – Мəскеуден Алматыға ұшу арқылы жүзеге асырдым. Мəскеуде мені қоғамның белді қызметтері Сапарғали аға қарсы алды. Ол кісіні жоғарыда атап кеткен «Ана тілі» атты оқулықтың авторы ретінде білетін едім. Кейде телефон арқылы да тілдесіп жүретін едік. Сосын қоғамның қызметкерлері біз үшін жақын ағайын-туыстай болған. Сапарғали аға құшағын жайып, аса бір құрметпен қарсы алуы менің бойымдағы абыржу сезімін мүлдем жойып жіберді. Мен кəдімгідей өз еліме келгендей марқайып Алматыға тездетіп жетуге асық болдым. Ұшақта менің көңілім ғарыштарға сапар шеккендей небір ғажайып сезімде болып, əсем Алматының əуежайына келіп қондық. Əуе жайдағы қызметкерлердің басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болғанын көріп, олардың барлығы да орыс тілінде сөйлегенін байқап шат көңілге сызат түскені де жасырын емес. Бүгін еліміздің жиырма жылдан асқан тəуелсіздік кезеңінде кеңестік уақыт салған жара біртіндей жазыла бастады. Қазір ел Тəуелсіздігінің жалт-жұлт еткен сəулесін көреміз. Күн нұрының шапағат-мейірін көреміз. Халқымыздың биіктеген еңсесін көреміз. Əлем елдерінің түкпір-түкпірінен қазақ бауырларымыздың ата жұртына жиналғанын көреміз. Мемлекеттік ғимараттарының биік тұғырында желбіреп тұрған Қазақстан Республикасының көк туын көреміз. Бұның бəрі өткен мен бүгінімізді сарапқа салып, мөлшерлеуге болатын аз ғана фактілер. Осыдан барып Аллаға шүкір дейміз.

...Сапар жоспары түгелдей жасалып, дайын тұрғанын Сапарғали Мұқашев аға түсіндірді. Ертеңіне қоғамның ғимаратында оны басқаратын нар ағамыз Жəнібек Шəңгерей қоғам қызметкерінің қатысуымен таныстыру мақсатында кездесу өткізді. Жəнібек ағаның парасатты да байсалды мінезі, қошамет сөзіндегі жылы лебімен ұштаса келе менің алғашқыда құлазыған көңілімді əжептəуір көтеріп, сағыныш сезіміме қозғау салды. Төраға қошамет айтып, таныстыру əңгімесінен кейін: «Елге келгенде қандай тұлғалармен кездесіп, қай жерлерде болғың келеді» деп сұрақ қойды. Бұл ұзақ əңгіме. Алматыда болған күндерді де əңгімелеу өзге күйді қажет етеді. Қысқасы сол кезде мені əсем Алматының Медеу шатқалы да қызықтыра қойған жоқ. Бөтенсіп жүрдім, жатсына қыдырдым. Алматыға қазақтың сөзін, иісін сағынып келгенім көкірегімде қадалып тұр. Қазақтың сөзін есту, қазақтың иісін иіскеу мүмкін болмай жүр. Сондай құлазыған күйде Алматының шынайы келбетін көре алуым үшін қоғам басшысына келесі кездесуімде: «мен қазақ елінде жүргенімді сезе алмай жүрмін. Маған қазақты, қазақтың тіршілігін көрсетіңізші» деп өтіндім. Жəнібек аға өтінішімді қандай шара қолданып шешкен болса да шешті. Мен соның арқасында Түрікстан мен Шымкентті шарлап келдім. Маңғыстауға барайын деген өтінішім «Маңғыстау жабық облыс, біздер рұқсат бере алмаймыз. Оған бару үшін Мəскеуден арнайы рұқсат қажет болады» деген уəж мені атамның туған өлкесін көруден махрұм етті. Бүгін сол сапардың мəн-жайына ой жүгірткенімде тəуелсіздігіміз қаншама құнды, бағалы, өзіндік рухани биік шыңымен ерекшеленіп тұрғанын жан-тəніммен сеземін, қуанып- шаттанамын. Бүгінгі тəуелсіздік табыстары – кешегі қиын кезеңдегі армандарымыз. Сол үшін сол жылдарда «Отан» қоғамында қызмет жасаған ағалар мен апайлар тағы басқа замандастарымыздың ұшан-теңіз еңбегін ризалықпен еске алып, жоғары бағалаймын. Өйткені Мəскеу не ойлағаны болса да ол ағайындар елдік мүддені көкейінде сақтап жүрді, шетте жүрген бауырларына да сездірткісі келіп жүрді. Оны біз олардың əрбір сөзінен, қимылынан сезіп жүрдік. Сондай-ақ тəуелсіздік биігінен өзіне тəн азаттықтың самалы есіп тұрғанын сездіреді. Еліміз тəуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары Қазақстан «Отан» қоғамының орнына мұрагері ретінде «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» құрылды. Оған марқұм Қалдарбек Найманбаев Төралқа төрағасының бірінші орынбасары болып бекіді. Қазіргі кезде аталған лауазымда қоғам қайраткері Талғат Мамашев мырза қызмет атқарып келеді. Қауымдастықта жазушы Сұлтанəлі Балғабаев пен тəжірибелі маман Ботагөз Уатқан сынды тұлғалар қызмет жасайды. Ал, «Біздің Отан» газеті кейін  «Шалқар», бара-бара «Шалқар-2» атымен бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді.  

Біздің буын Жəнібек Шəңгерей бастаған Уақап Қыдырқанұлы, Мұса Дінішев, Сапарғали Мұқашев, Майты Юсупов, Шарипа апай сынды əзіз жандар мен «Отан» қоғамының қызметкерлерін қашанда құрметпен есте сақтап жүреді. Тəуелсіздігіміздің 20 жылдық мерей тойының қарсаңында мен сияқтыларға «қиял қуған елгезек» деп ат қойып айдар таққандарға: «Аталардың біздің санамызға сіңірген арманы бізді азаматтығымыздың бір белесіне көтерді. Соның арқасында тəуелсіздіктің тəтті дəмін молынан сезуге бастау болды»,- дер едім.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

 

Ұқсас материалдар