Қандастар Ассамблея

«Шахнама», шарасыз Фирдоуси және бiз

30.06.2014 8305
Ендi өзгенi, өзге заманды қойып, өзiмiзге, бүгiнге оралайық.

Бала кезiмде ұлы ақынның осындай әрекетке нелiктен барғандығын түсiне алмай дал болатынмын. Осынша ойлы басымен қайдағы бiр әмiршiге жарамсақтанғаны несi деп ұлы ақынды жек көрiп кеткен кездерiм де болды. Басқа-басқа, құдiреттi «Шахнаманы», әлдебiреулердiң айтуынша, көлемi бiр сандыққа әзер сиятын «Шахнаманы», бар болғаны, сұлтан Махмұдқа тарту ету үшiн жазылған деу, мен үшiн ұлы ақынның аруағы алдында күпiршiлiк жасау секiлдi сезiлетiн. Ақын кiм, әмiршi кiм, арасы жер мен көктей деп түсiнемiн ғой сол баяғы бала қиялымда. Сосын көктен жерге түскендей болған, пендешiлiктiң былығына белшеден батқан ақынды аяп кетемiн тағы да.

Кейiн түсiндiм, Фирдоусидiкi дұрыс екен. Ақында да құрсақ бар, отбасы бар, iшiп-жем, еркiн жүрiп-тұрыс керек. Бұл жағы қаржыға барып тiреледi. Рас, «Шахнама» ұлы шығарма, бiрақ ол қолжазба күйiнде құр қолжазба ғана, қолға су құюға да жарамайды. Ал, керiсiнше, ыңғайы келген тiрлiк боп, әмiршiнiң көңiлiнен шығып, талғамын тәнтi етiп жатса, бұл төккен тер, ыждаһатты, тынымсыз қаншама жылдық шығармашылық еңбектiң ақталғаны. Бүгiнгi түсiнiкке түсiргенде, рухани дүниенiң материалдық игiлiкке айналуы. Сосын, Махмұд сұлтанның өзi де кеңес кезiнде санаға сiңiре бергендей қалталы да құзырлы көп топастың бiрi болмай шықса не дейсiз?

Ендi өзгенi, өзге заманды қойып, өзiмiзге, бүгiнге оралайық.

Мiне, «тiлiне тiкен шыққыр» тележурналист бауырым танымал ақын ағамызға сауал қойып отыр. Сауал ауаны мынадай:

– Бүгiнгi әдебиетке келiп жатқан жастар, әлi бiтiрген түктерi болмаса да, мемлекеттен баспана сұрап жатыр, осылары – бере бер, ала беремiз деген астамшыл тоғышарлық емес пе?

– Бiз де кезiнде пәтерден пәтерге қаңғырып жүрдiк. Қаң­­ғырып жүрiп те бiр нәрсе бiтiретiнбiз. Ал бүгiнгi жас­тар­­дың сұраншақ, жылауық болып кеткендерiн өз басым түсiн­беймiн.

Сауал дұрыс қойылса, жауап та дұрыс болмақ керек-тi. Ағамның орнында Әбiлқасым Фирдоуси отырса қалай жауап берер едi, ағамның жауабына көңiлiм толмаған мен ерiксiз осындай ойға батамын.

«Ағам әдебиетке келген тұста мемлекет қайырымды едi, өмiр ертегi едi, бұл да бiр қой үстiне бозторғай жұмырт­­қа­лаған заман болатын. Таланттысың ба, талантсызсың ба демей, саралап бөлiп жатпай бәрiне түбi бiр төбелерiне шатыр тiгiп беретiн. Ол кездiң талантсызы да бақытты едi ғой, шiркiн...» Бiр ойым осы ауанда қаңғиды.

«Шахнамасын» отыз жыл жазып, сол отыз жылдық азабының өтеуiне отыз теңге де ала алмай кеткен Фирдоуси, мен, асылы, көзi тiрi ағаммен емес, он ғасыр бұрын сүйегi қурап кеткен сенiмен замандас болармын-ау» дейдi санама сыналап енiп кеткен тағы бiр ой легi.

«Қайран Махмұд, жарамсақтардың желбуаз сөзiне ермей, қолжазбаны өзiң бiр парақтап шыққанда, әдебиеттiң назасына, Фирдоусидiң қазасына себепкер болмас едiң-ау» дейдi қай нәрсеге де түсiнiстiкпен қарағысы келетiн тағы бiр ойым.

Жұмекен мен Шәмшiге мәңгә риза атақты «Менiң Қазақ­станым». Қанша шумақ едi өзi?

Бүгiнгi қазақ парсының «Шахнамасынан» хабарсыз болса да «Менiң Қазақстанымды» жақсы бiледi. Менiңше, бұның көлемi де бала кезiмде қиялымды сан тербеткен «Шахнама» секiлдi бiр сандық болады. Кем сандық емес, тең сандық.

Мұндай сандықтар жастар түгiлi төбесiнде шатыры бар ағаларымызда да некен-саяқ. Бiзге осы, бiр ойланып көрейiкшi, шын ойланып көрейiкшi, өнер керек пе, көлем керек пе?

Өнер керек болса, онда өнерге ендi келiп жатқан жас өрендерiмiзге, iнi-қарындастарымызға жанашырлықпен қарамайтындығымыз нелiктен?

Сөз соңында ретсiз жерде есiмiн атап, құлағын шуылдатқанымыз үшiн Фирдоуси, ұлы Фирдоусидiң аруағынан кешiрiм сұрауды жөн көрдiк. Ғайыптан тайып, құдайдың құдiретiмен қайта туып, кездейсоқ бүгiнгi күнi әдебиетке, қазақ әдебиетiне араласа қалса ол кiсi де бiр Фирдоусидi iздеп кетер едi деген ой ғана аш құрсақ көңiлiмiзге медеу...

Нақтылап айтсақ, өзгелер жайлының бәрi де өзiмiз туралы әңгiме болып шығады емес пе!

Ұқсас материалдар