Қандастар Ассамблея

Үш айда «Атамекен» этно-мемориалды кешенін 13 мыңға жуық адам тамашалады

06.08.2015 5498
Танымдық-көркемдік кешен Қазақстанның тарихымен және елімізде тұратын халықтардың мәдениетінен сыр шертеді.

Жыл сайын 1 мамырдан бастап «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені қалатұрғындары мен  қонақтарына есігін ашады. Биылғы жылы кешеннің ашылған күнінен бастап  оны тамашалауға 13 мыңға жуық адам келген. Ол туралы қалалалық әкімшіліктің баспасөз қызметі хабарлады. Танымдық-көркемдік кешен Қазақстанның тарихымен және елімізде тұратын халықтардың мәдениетінен сыр шертеді.

Таулар, жоталар, далалар, ормандар, символды түрде белгіленген ірі қалалар осы мәдениет орталығының ансамблін құрайды. «Атамекен» кешенінің қызықты бөлігінің бірі Каспий теңізінің сәнді безендірілген үлгісі. Еліміздің басты автомобиль және теміржолдарына сәйкес келетін жолдармен саяхат  Қазақстанның ең маңызды деген әсем жерлерін  зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Жыл сайын «Атамекенге» мыңдаған адамдар келеді. Биылғы жылы кешеннің ашылған күнінен бастап  оны тамашалауға 13 мыңға жуық адам келген.

Қазақстан картасы қызметінің мақсаты халықты тарихи-мәдени және рухани құндылықтарғаортақтастыру, Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеуге көмектесу, ҚазақстанРеспубликасының барлық табиғи аумақтары мен экономикалық жетістіктерініңкөптүрлілігін көрсету, мәдени құндылықтарды сақтап, көбейту. 1,7 га аумағы бар алаңның орталығында мерекелер мен бұқаралық шаралар өткізетін аренасы бар ашық форум орналасқан. Сонымен қатар, бұнда ұсталық өнер шеберханалары бар, осы жерден қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен Қазақстанның әр аймақтарының сувенирлерін алуға болады. Гид кешен бойынша қазақша, ағылшынша, орысша экскурсия жүргізеді.

 

Жақында ғана мемориалдық кешенде Қызылорда облысы картасы жаңартылған нысандарын толыққанын айта кеткеніміз жөн. Барлық табиғи аймақтарымен таныстыратын ашық аспан астындағы бұл мұражайда сырға тұнған Сыр бойының да ең көрікті, киелі, тарихи орындары, атап айтсақ, ортағасырлық Сығанақ қалашығындағы мешіт, Қалжан ахун, Ғанибай мешіттері, Қорқыт ата мемориалды кешені, Солтүстік Арал теңізіндегі «Көкарал» су көтеру бөгеті, тағы да басқа қайталанбайтын нысандары Астана жұртшылығын, Елордаға келетін шетелдік қонақтарды кең байтақ мемлекетіміздің тарихымен, мәдениетімен бірге таныстырады.

 

Еске сала кетейік, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені 2001 жылдың  8 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған болатын. Кешен күн сайын таңғы сағат  9-дан түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істейді.

 

El.kz анықтамасы

Атамекен – «Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені 2001 жылдың 8 қыркүйегінде Астана қаласында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Мұндай тарихты танытудың үлгілері қазір әлемнің көп елдеріне танымал.

Жан жүрегімізді елжіретіп, от жігерімізді лаулатқан Отанымыздың жағрапиясын танып, жас ұрпақты қасиетті мекеннің иесі ретінде сезінеуге үйрететін «Атамекен – Қазақстан картасы» атты этномемориалды кешен құдды бір «оқу құралы» секілді. Алайда бұл картаны қабырғаға ілудің қажеті жоқ, оған мұғалімнің таяқшасы да керек емес. Өйткені мұнда бәрі қолмен қойғандай көрсетілген. Екі футбол алаңындай болатын, 1,7 га аумаққа жасалған үлкен картада қызылқұмның күрішті, мақталы алқаптары мен Қарағандының  көмірі, Маңғысаудың мұнайы, қарт Бурабай, Қорғалжынның ерке құстары мен Каспийдің ару аққулары, Алатаудың ақ бас шыңдары, тағы да басқа айтып тауыса алмайтын қазыналы Қазақ даласы әсем бейнеленген. Бұл картада еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалалары көрсетілген. Табиғи-климаттық аумақтардың сан түрлілігі мен ландшафтары, сәулеті мен құрылыс салаларын да қамтыған экспонаттар арасында тарихи және мәдени ескерткіштерге ерекше орын берілген. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қала қонақтары өз өлкесінің құндылықтарын картадан көріп, ерекше сезімге бөленеді.

300-ден аса макет-үлгінің шебердің туған жерге деген ыстық махаббатының кішкентай бөлшегін тануға болады. Мұндағы 40-қа жуық үлгі Астананың Сол жағалауының көрінісіне арналған. «Атамекен – қазақстан картасы» кешенінде көптеген экспонаттар осы этно-кешенде құрылған сәулет – дизайнерлер тобының еңбегі. Бір қызығы, бұл картаның жұмысы аяқталатын нақты уақыт белгіленбеген. Өйткені күн сайын өркендеп келе жатқан жаңа мемлекетіміздің басты жаңалығына бұл картадан орын табылады. Мәселен, Астананың он жылдығына орай пайдалануға берілген «Хан шатыр», Тәуелсіздік сарайы және тағы да басқа нысандардың макеттері де қойылған.

Заман талабына сай жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Этно-кешеннің конференц-залында дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізіледі. Қазақстанның өсімдігі мен жануарлар әлемін табиғи ресурстар мен қазба байлықтардың, еліміздің негізгі авто және теміржол магистралдарын бейнелейтін электронды карта оқушыларға тақырыптық лекциялар өткізуге көп септігін тигізеді. Қалалық Білім департаментінің қолдауымен мұнда жыл сайын қала мектептерінің оқушылары арасында туған өлке тарихы бойынша арнайы байқау өткізіледі. Жүлдегелер «Үздік экскурсия жүргізушісі» атты құрметті атаққа ие болып, жаз айларында кешенде жұмыс істеуге мүмкіндік алады.


                                        Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы

(классикалық энциклопедия, 2012 ж)

Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас материалдар