Қандастар Ассамблея

Шүй жазығындағы Қосағаш қазақтары мекенінде

22.06.2016 3049
Елтану

Шүй жазығында қоныс тепкен қойнауы тарихқа толы, табиғаты керемет өлке Алтай Республикасының Қосағаш ауданы әлімсақтан көк түріктердің шұрайлы мекені. Бұл аудан қазаққа да тансық емес. Аудан жұртының жетпіс пайызы қазақтардан тұрады.

Ұлттық салт дәстүріміз бен мәдениетімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді ұмытпай ауызбіршілікте өмір сүріп отырған елге сауын айтып, алыстағы ағайынның сәлемін арқалап «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы келді. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарды қосағаштықтар тікесінен тік тұрып, қолдан келгенше сый-құрмет көрсетті. Алтайдың өзге өңірлерінен өзіндік өрлігімен өзгешеленетін Қосағаш ауданы бұл жолы келген қонақтарды еңсесін тік көтеріп қарсы алды. Бұрын-соңды келімді-кетімді қонақтар қосағаштықтардың қонақжайлылығына тамсанғанымен, ауданның сәулетіне аса қатты көңілдері толмайтындығын жасырмайтын еді. Бұл жолы келбеті де, сәулеті де келіскен тарихи аудан Қосағаш келушілердің таңдайын қақтырды.

Бұл тек бастамасы ғана болды... Мұның бәрі, айналып келгенде, сөзі мен ісі келіскен білікті басшылардың арқасында болып жатыр. Аудан басшысы Әуелхан Жатқамбаев  – Қосағашқа бөтен емес, осы өңірдің тумасы. Кешегі өткен тарихта үлкен ата-бабасы Қазақ топырағында жатқанымен, ресейдегі қазаққа жанашыр болып отырған басшы. Кешеге дейін бүтін елге еңбегі сіңіп келген, тәжірибелі әкім бүгінде Шүй өлкесін түлетуге барын салуда.

Қош, сонымен «Алтай мұрасы» тарихи-мәдени автоэкспедициясын аудан басшысы Әуелхан Жатқамбаев бастаған қосағаштықтар ерекше ықыласпен қарсы алып, шашу шашып, бал татыған қымыздарын ұсынды. Алыстан ат терлетіп, келген қонақтарға аудан басшысы құттықтау лебізін білдіріп, шүй жазығын мекендеген қазақтар жайында сөз қозғады. «Сіздерді ең алдымен Алтайдың шүй жазығына келгендеріңізбен құттықтаймын. Тарихи отанымыз Қазақстан болса, оның елордасы Астанадан келіп отырсыздар. Бірақта тарихи отанымыздан келіп отырсыздар дегенімізбен Алтай ұлы бабаларымыздың алтын бесігі. Сондықтан да бұл да сіздердің отандарыңыз болып есептеледі... Алтайдың төрт емшегін төл емген елміз. Сол елдің бірі осы Қосағаш қазақтары. Жиырма мыңға жуық халық бар. Соның он екі мыңдайы қазақ. Қазақтардың көбі аудан орталығында, Жаңаауыл, Жазотар, Төбелер, Усть кань, Горно Алтайск қалаларында тұрады. Өзімізбен бірге Алтай, орыс халықтары және де өзге ұлт өкілдері тұрады. Ата-бабаларымыздың көбісі өзіміздің Шығыс Қазақстан облысының Қатон Қарағай өңірінен болады. Сол Алтай тауын айналып жүріп, шекара негізделген кезде біріміз Қытайда, біріміз Моңғолияда, біріміз осы Қосағаш төңірегінде қалдық. Ал енді барлықтарыңызды ата-бабамыздың құт мекені алтай тауына келіп, халықпен елмен жүздескендеріңізге алғыс білдіремін»,-деді аудан басшысы.

Қазақы қаймағы бұзылмаған Қосағаш төріне «Алтай мұрасын» бастап келген Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Бәтташұлы. Шүй қазақтарымен өткен кездесу салтанатында Ерлан Сыдықов Қосағаш ауданындағы жастарды Қазақстанға білім алуға шақырып, білім біліктіліктерін арттыруға қол ұшын созатынын айтып өтті. «Шүй алаңқайы, Қосағаштың еліне келдік. Алыстан ат терлетіп келудегі басты себебіміз елдің  25 жылда жеткен жетістігін, шыққан биігін көрсетейік. Елорда төріндегі Еуразия Ұлттық университетіне 20 жыл толып отыр. Оның жетістіктерін көрсетейік деген ой, ғылыми негізде, рухани кездесулер ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Сонымен бірге автомобильді туризмді дамытып, елімізге туристердің келуіне жол ашу. Еліміздің болашағы жастар. Қосағаштың жастары Новосибирск, Троицкде, Астана мен Семей қалаларында оқып жатыр. Барлығына қазір шетел ашық, жағдай жасалған таланты адамдарыңыз болатын болса, бізде оларды оқытып, үлкен дәрежеге шығаруға, қол ұшымызды созуға әзірміз»,-деді Е.Сыдықов.

Рухани кездесу шарасында «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының жетекшісі Қосағаш ауданы әкімі Ә.Жатқамбаевқа, аудандық музейге Қазақстан Мемлекеттік Елтаңбасының жаңа нұсқасын, сондай-ақ авторы, экспедиция мүшесі Жандарбек Мәлібековтың қолын қойып тапсырды. Аудан жұрты Елтаңба авторына ыстық ықылас білдіріп, естелік суретке түсті.

Автоэкспедиция мүшелері Қосағаш ауданында бір күн өткізіп, аудан халқымен әсерлі әңгіме құрып, сағындырған ән мен күйге құлақ қандырды. Аудан басшысы Әуелхан Жатқамбаев сынды ұлтшыл азаматтың бастамасымен ашылған  «Достық» үйінде, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, Алтай, қазақ халықтарының ұлттық әндері орындалды. Достық үйі сахнасында «Алтай мұрасы» экспедициясы құрамындағы академиктер, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері сөз алып, шүй жазығындағы ағайынға елдің жеткен жетістігі мен табысты межесін баяндады. Аудан орталығын аралап, Кокория ауылындағы «Шүй телеңгіттері» тарихи-этнографиялық музейін, Жаңаауыл ауылындағы Алтай қазақтары тарихи музей кешендерін тамашалады. Сондай-ақ Қосағаш күн энергиясы станциясында болып, он мегаваттық энергия бөлетін станцияның қуаттылығын көзбен көрді. Екі жыл бұрын ашылған электр станциясы ауданның барлық аймағына қуатты энергия бөліп келеді. Болашақта аудан орталығында өңдіріс пен зауыт фабрикалар салыну жобасы іске аспақ. Жоғарыдағы сөз еткен күн энергия станциясы соған үлкен қызмет атқаруға арнайы жоба ретінде бекітілген. Қосағаш ауданындағы тарихи-мәдени орындардан бөлек, бабалар аманаты қалған таңбалытастар кешенін араладық. Осылайша шүй жазығындағы қазақтар мекеніне үлкен әсерлі сезіммен тамсана отырып, экспедиция құрамы Жазотыр ауылына аттанды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Ресей, Қосағаш ауданы

 

 

 

Ұқсас материалдар