ШҚО-да қола дәуіріне жататын алтын әшекейлер табылды

24.10.2016 3317
Сан ғасырлық қоныстан сыбызғы саз аспабы, көне ыдыс-аяқтар, асықтар қазып алынған.

ШҚО, Абай ауданындағы Қырықүңгір қорымынан археологтар қола дәуіріне жататын алтын әшекейлер тапты. Сонымен бірге сан ғасырлық қоныстан сыбызғы саз аспабы, көне ыдыс-аяқтар, асықтар қазып алынған.

Қазіргі таңда қола дәуірімен бірге ерте темір дәуірінің және ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Археологиялық қазба жұмыстарына Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттар, докторанттар ғана қатысып жатқан жоқ, танымал тарихшы-ғалым Амантай Исиннің жетекшілігімен Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жиырмадан астам студенті де көмекке келіпті. Сондай-ақ, Ресейдегі М. Аммосов атындағы Солтүстік-шығыс федералды университетінен келген студенттер мен ғалымдар да атсалысуда.

Ұлан Үмітқалиев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі:

«Аумаққа қазба жұмыстарын 2014 жылдан бері жүргізіп келеміз. Осы уақыт аралығында қола дәуірімен мерзімделетін 11 қорғанды қаздық. Жерленген ер адамның қасынан 140 жуық асық таптық. Бұрынғы заман адамдары асықты ойыншық ретінде ғана емес, тұмар ретінде де қолданған».

Ғалымдардың сөзінше, асық батылдық пен батырлықтың символы болған. Асықтар өзге де жерлеу орындарынан табылып отыр.

Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңдар тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Асықпен «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты неше түрлі асық ойындары ойналады. Ойында асықтың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады.

Ұқсас материалдар