Қандастар Ассамблея

Сержант пен солдат, жас әдебиетшi және мадақнама

30.06.2014 2757
Әңгiме әдебиетке жаңа келiп жатқан жастар туралы.

Әңгiме әдебиетке жаңа келiп жатқан жастар туралы.

Ана жылдары, Кеңес Одағы әлi тарқамай тұрғанда Отан алдындағы әскери борышымды Венгрияда өтеуге тура келген.

Жауынгер формасын киген алғашқы күндер. Сержанттар бiр топ «жастарды», он шақты ұлттан құралған бiздi таң демейдi, кеш демейдi, күннiң көзi қырауда турникке асылдырып қояды. Мұздай темiр алақаныңды қарып бара жатса да түсуге қақың жоқ. Әскери дайындықта күн сайын сәл де болса алға жылжуға тиiстiсiң. Сондай азапты сәтте қасымыздан рота командирi Прокофьев жай басып өтiп бара жатады. Бiз жалынышты көзбен «мыналары жауыздық қой, бiздi арашалап алсаңызшы» дегендей ойды жеткiзуге тырысамыз. Бiрақ капитанымыз түктi байқамағандай асықпай өте шығады. «Ит екен ғой» деп iшiмiзден сыбап, жыларман боп бiз қаламыз.

Бiр күнi батальонда сол кiсiге Ауған соғысында көрсеткен ерлiгi үшiн «Қызыл жұлдыз» орденiн тапсыру рәсiмi болды. Орден тапсырушы жоғары шендi офицерлер группа штабынан арнайы келдi. Соңы кездесуге ұласты. «Ит» командирiмiз бiр өзi ескi «Т-34» танкiмен жүзден астам кеңестiк жауынгердiң дұшпандардың қоршауынан шығуына мұрындық болған қаһарман екенiн бiлдiк. Сонда командирiмiз өз басынан кешкен мынандай бiр оқиғаны айтып бердi:

Мен жас жауынгерлердi жақсы түсiнемiн. Олар менi қатыгез деп ойлайды. Бiрақ бұлай болмасқа менiң де қақым жоқ.

Ауғанда барлаушылар взводын басқарып жүргенiмде бiр топ «жастар» қарамағыма түстi. Бiрi мәскеулiк, зиялы отбасында өскен ақсаусақ бала екендiгi көрiнiп тұр. Оны бiр сержантқа шыңда, қолыңа ал деп арнайы табыстадым. Сержант жанын қинап жiберсе керек, бiр күнi жас жауынгер оның үстiнен шағым айтып келдi. Мен сержанттан әлгi ақ саусақты бұдан әрi қинай бермеуiн өтiндiм.

Барлау командир барлауға барарда отрядын өзi кәмiл сенiм артатын жауынгерлерден жасақтауға құқылы. Бөлiмшелерiмiз қаншама рет әскери барлау тапсырмаларына шығып жатты, бiрақ соның бiрiне де жаңағы жас жауынгер тартылмады. Өйткенi, оған ешкiм сенбейтiн. Әрдайым казармада, өзiмен-өзi жүредi де қояды.

Қазасыз соғыс, ерлiксiз шайқас жоқ, от пен оқтың ортасында жүрген құрдастарының көзiне түрткi болғысы келмедi ме, әлде, намысы оянды ма, жаңағы солдат бiр күнi жаттығуды өзi бастады. Келесi бар тапсырма үстiнде бұл жорыққа өзi де барғысы келетiнiн айтып сұранды. Мен шешiмдi тек сержант қана қабылдайтынын бiлдiрдiм. Сержант оны өз отрядына алды. Кейiн бiлдiк, сол отряд тауда дұшпандардың тосқауылына ұшырап қалып, сержант қатты жараланыпты. Төңiрек түгел тау-тас, алып кетуге тiкұшақ қонатындай жер жоқ, жаралы сержантты етекке түсiруге тура келген. Сонда жаңағы солдат сол баяғы өзi үстiнен шағым айтатын сержантын өзi арқалап жүгiрiптi. Қансырап қалған сержант жауынгерi қуат көрсетпегенде ажалдың тырнағына шырмалғандай екен. Мiне, менiң сендерге қатал болғым келетiнi де осындай себептен. Егер мен аяушылық танытсам, әлсiздiк көрсетсем, сiздер де әлсiз болып шығасыздар. Ал нағыз соғыс жағдайында өзге түгiл өзiн алып жүре алмайтын жауынгердiң барынан жоғы жақсы. Бүгiн қиналсаңыздар, қинала отырып шыңдаласыздар. Сонда ғана сын сәтте өздерiң үшiн де, өзгелер үшiн де жауап бере алатын боласыңдар.

Бiз командир қаталдығының құпиясын осы әңгiмеден кейiн түсiндiк. Түсiнгенiмiзден болар, Құдайға шүкiр, қатарымызда нашар жауынгер болған жоқ.

Бұл әңгiменiң жас әдебиетшiлерге не қатысы бар?

Қатысы мынада. Бiз әдебиетке ендi-ендi келiп жатқан жастарды мақтауға,тiптi мадақтауға дағдыланып бара жатқандаймыз. Бүгiнгi поэзия өсiп кеттi деп ауыз толтыра айтамыз, бiрақ қалай өскенiн таратып айтып жатқанымыз және шамалы. Есесiне әдебиеттi ен жайлау қылуға ынтық боркемiк жастар қаптаулы. Асылы, оңды-солды үлестiре беретiндей емес, жастарға «аванс» берудiң де белгiлi бiр шегi болса керек-тi.

Мiне, кезектi бiр жас талапкер. Бiлетiнi тек Мұқағали ғана. Онда да дақпырты. Мұқағали аударған Дантенiң «Құдiреттi комедиясын» (Антика мен орта ғасырлардың рухани энциклопедиясы iспеттi) бiлгiсi де келмейдi. Санасының бiр бұрышында Құдай берген талант болса, ешкiмдi оқымай-ақ айтулы ақын боламын ғой деген сенiм де жоқ емес. Айтыса кетсе, «Есенин де ешкiмдi оқымаған» дейдi ол. «Библия» мен «Өлi жандарды» парақтап жатқа бiлетiн, қайсыбiр ғылым кандидаттарымыз да жаза алмайтын «Мариам бастауларын» дүниеге әкелген Есениндi ойланбай-ақ өз деңгейiне түсiре салады. Ойпыр-ай дейсiң. Әне, сол талапкердi ендiгi бiр әдеби жиында қайсыбiр белгiлi ақын-жазушы көпiрте мақтап тұрады. Сосын «Бүгiнгi поэзиямыз өсiп кеткен» деп келетiн әбден жаттауырын жегi болған түйiндi тағы да қайталайды. Бұны жаңағы талапкерге қаратып айтады.

Ғажап! Осы бiз жастарымызды орынсыз мақтау арқылы поэзиямыздың болашаққа тартар тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Мұқағалидан бастау ап, Жұмекеннен тұшынбаған, Төлегеннен шөл басып, Қадырмен қуаттанбаған сосын Тұманбайдың тұмасына ынтықпаған, Жұматаймен уанып, Кеңшiлiкпен ойға батпаған талапкердiң түбi жарып шығуы неғайбыл-ау! Неғайбыл емес, жарып шықпайды ол. Ал бiз мақтаймыз келiп.

Әдебиет те майдан. Шашы да, сақалы да бурыл командир қаламгер әкейлер, Сiздер әдебиеттiң әскери тапсырмасын орындауға өздерiңiзбен бiрге жастардан кiмдердi сенiм артып қатарларыңызға алар едiңiздер? Сiз ғұмырыңызды тiккен қазақ әдебиетiн, сiздiң өзiңiздi де жаныңыз алқымға келгенде аман алып шыға алатын жастар бар ма?

Осы жағына да бiр сәт назар аударсаңыздар екен.

«Дайындық қалай, талапкер?» дейтiн қатал сауалды ортаға тастайтын уақыт жеткен секiлдi.

Рас емес пе?..

Ұқсас материалдар