Серікбол Қондыбайдың зерттеулеріндегі ұлттық мұралар

11.06.2015 6550
Қызылордада С.Қондыбайдың зерттеу еңбектеріне арналған ғылыми конференция өтті

Қызылордада С.Қондыбайдың зерттеу еңбектеріне арналған ғылыми конференция өтті

Бүгін Қызылордада «Серікбол Қондыбай зерттеулеріндегі ұлттық рухани мұраларды жаңаша пайымдау мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өтті. Оған облыс әкімі Қ.Көшербаев, С.Қондыбайдың еңбегін зерттеуші ғалымдар қатысты.

Серікбол Қондыбай бар болғаны 36 жыл өмір сүрсе де қазақ халқының тарихи санасын қалыптастыруда биік мақсат, ұлттық мүдде тұрғысынан қыруар жұмыс тындырған азамат. Сондықтан да, оның ғылымға, мәдени тарихымызға қосқан зерттеулері жоғары бағаға ие. Айрықша айта кетерлігі, Серікбол Қондыбай өзіне дейінгі ғалымдардың тісі бата қоймаған осы қиын да күрделі, терең де ауқымды мәселеге тайсалмай қалам тартты. Жас ғалымның қазақ мифологиясының табиғатын ашу мақсатында оны тілдің құрылымы тұрғысынан зерттеудегі, атаулар мен есімдердің мифологиялық астары мен мазмұнын танудағы еңбегі өзінің жоғары бағасын ала білді. Бүгінгі басқосуды осы мәселе кеңінен сөз болды.

- Серікбол Қондыбай қазақ мифологиясының архетиптерін зерттеп, терең мәдени-танымдық және этнографиялық тұжырымдар жасады. Ғылыми қауымдастық Серікболдың осынау жүйелі ізденістерін қазақтың мәдениеттану саласындағы жаңашыл бағыт ретінде мойындады. Осы ретте, өмір жолы елі мен жерін, халқын шексіз сүюдің шынайы үлгісіндей болған Серікбол Қондыбайдың мол мұрасын  жариялауға және есімін ұлықтауға бағытталған ресми шаралар қолға алынып, жүйелі жалғасын таба беретін болады, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Серікбол Қондыбайдың 16 томдық толық шығармалар жинағы, «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Есен-қазақ», «Маңғыстаунама» атты кітаптары және орыс тіліне аударылған 4 томдық «Арғы қазақ мифологиясы», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» және «Қазақ даласы және герман тәңірлері» атты іргелі еңбектері бар. – С.Қондыбайды Қазақ және қоғамтанудың бренді десек болады. Ол мифология сөздігінің алғашқы нұсқасын жасады. Өмірінің соңғы тоғыз жылын Шетпе ауылында өткізді. Яғни денсаулығына байланысты. Ғылыми ортадан тыс жүргеніне қарамастан артына үлкен мұра қалдыра білді. Біз оны бағалай білуіміз керек, - деді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының доқторы Әнес Ғарифулла.

Сондай-ақ, Конференцияда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Ниетжан Берікұлы «Серікболдың қазақ ділі мен тілі туралы кейбір көзқарастары» тақырыбында, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Оңғар Бермаханов «Серікбол Қондыбайдың мифологиялық әлемі» тақырыбы бойынша, Қазақ мифологиясы, мәдениеті мен дәстүрлі музыкасы сайтының модераторы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбаева  «Солнечный герой казахской мифологии» тақырыбы бойынша, Қорқыт ата атындағы ҚМУ Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Қазақ фольклоры – шетелдік зерттеулерде» тақырыбында, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы әкімінің кеңесшісі  Балсұлу Қондыбай «Серікболтану жолындағы қызметтер» тақырыбы бойынша баяндама жасап, өлкетанушы, географ, публицист-ғалымның артында қалған мол мұрасына жан-жақты талдау жасады.

Серікбол Қондыбайдың  «Маңғыстау географиясы» атты еңбегі оқулық ретінде Маңғыстау облысы мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілген. Басқосуда ғалымдар осы секілді жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыру қажеттігін айтып, тарқасты.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар