Серік Қирабаев: "Ұлттық академияны түсінде көрмеген академиктер пайда болды"

31.07.2014 3230
Серiк ҚИРАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигi:

Серiк ҚИРАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигi:

Сiз Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигiсiз. Сол академия тарап кетiп, қоғамдық негiзде қайта құрылды. Бұл жақсылықтың нышаны ма?

– Академия – ғылыми зерттеу институттарын бiрiктiретiн, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын орталық болатын. Сол орган тарады. Ал негiзгi ғылыми мекемелер жүйесi сақталды. Бұрынғы ғылыми институттар əлi де бар. Оларды Бiлiм жəне ғылым министрлiгiнiң қарамағына бердi. Үкiмет осы инсти-туттарда жасалатын ғылыми жұмыстардың бағдарламасына қаражат бөледi. Сол бағдарлама шеңберiнде жұмыс жүргiзiп келе жатырмыз. Əрине, ғылыми мекеменi сол ғылыммен айналысқан, оны терең меңгерген адамның басқарғаны жөн едi. Өйткенi, олар ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың жолдарын да, жа-салу жолдарын да бiледi. Олардың қандай сапада орындалғанын тексере де алады. Көп жылдардан берi қалыптасқан жүйе ғой бұл. Бұрынғы Одақ көлемiнде сол қалпында сақталған. Бiздiң басшылық оны қажет деп таппады. Оған iстер амал бар ма?! Сондықтан да ол орталықты қоғамдық негiзде құрылған клуб iспеттес етiп жасап отыр. Əйтпесе, академиктердiң аты да, ста-тусы да сол қалпында сақталды.

– «Академия тарар алдында корреспондент-мүшелердiң бəрi тарап кеткен академияның академигi болып кеттi» деген сөз бар. Бұл жел тұрғаннан кейiнгi шөптiң қимылы ма?

– Бұрынғы академияның мүшелерi екi сатылы болатын: Академияның академигi, сосын корреспондент-мүшелерi. Академия тарап, қоғамдық негiзде қайта құрылғаннан кейiн қоғамдық ұйымның Құрылтай жиылысы өттi. Кез келген қо-ғамдық ұйымды құратын да, жабатын да сол – Құрылтай. Осы жиында академияның бұрынғы корреспондент-мүшелерi: «Бiз де осы академияның мүшелерiмiз. Құрылтайда елдiң бəрi тең. Сондықтан да тең құқықты түрде жаңа академия құрамыз» де-ген талап қойған соң, Құрылтай оларды «Академияның толық мүшесi» деп жариялады. Ел арасында: «Академиктер көбейiп кеттi» деп күдiкпен қарайтындар бар. Бұрын академияның 40-тан аса академигi, 100-ден аса корреспондент-мүшесi бар едi. Қазiр екеуiнiң басын қосқанда 150-дей академик бар. Бұл – Қазақстан секiлдi республика үшiн онша көп емес.

Егер басқа елдермен салыстыра айтсақ, көршi Өзбекстанда екi сатылы академия жойылды. Қырғызстанда екi сатылы ака-демия сақталғанымен, оларда да академиктердiң саны бiзден аз емес. Анау алақандай ғана Балтық жағалауы елдерiнiң əрқайсысында 200 – 300 академик бар. Оның үстiне, академияға берiлетiн вакансияның өзi көп болмағандықтан, əр ғылым са-ласында еңбегi сiңген үлкен ғалымдардың өзi бiрнеше жылдар бойы корреспондент-мүше болып жүрдi. Сондықтан да олардың академик болуына наразы емеспiн. Мiне, осылардың есебiнен жастарға орын берiп, корреспондент-мүшелердiң орнын толтыруға болады. Менiң ең басты күдiгiм – Бiлiм министрлiгi қайта құрылып жатқан кезде бiздi Ауыл шаруашылығы академия-сына қосып жiбердi. Бұл заңсыз нəрсе едi. Бiздi ол академияға қосқаны жөнiнде ешқандай қаулы да, Үкiметтiң шешiмi де жоқ. Өйткенi, Ауыл шаруашылығы академиясы – салалық академия. Ал Ұлттық академияны салалық академияға қосып жiберiп, Ұлттық академияны түсiнде көрмеген академиктер пайда бола қалды. Сол салалық академияның корреспондент-мүшелерi бар емес пе?! Соған да кездейсоқ мүше болғандар аз емес едi. Солардың тарапынан қазiргi академияда шикiлiктер бар.

Қоғамдық негiздегi академияның қазiргi хал-ахуалы туралы не айтасыз?

– Академияның қазiргi хал-ахуалы мəз емес. Барлығы қара-жатқа келiп тiреледi. «Қоғамдық ұйымдарға қаржы берiлмесiн» деген Үкiметтiң заңы бар. Қазiр қоғамдық негiздегi Жазушылар, Суретшiлер, Композиторлар одақтары күйредi. Ұлттық театрды да Үкiмет қамқорлығынан алып тастадық. Бұл – бiздiң ұлттық мəдениетiмiздiң күйреуi. Ұлттың болашағы, бiлiмi мен ғылымы, мəдениетi үшiн бұл орны толмас олқылық деп ойлаймын. Ерте ме, кеш пе, түбi бiз осы кемшiлiктердi түзеуге ораламыз. Олардың орны үңiрейiп қалғанын, хал-ахуалы жүдегенiн сол кезде сеземiз. Бiз осы академияның нанын жегеннен кейiн, азды-көптi қамқорлығын көргеннен кейiн жұмыс iстеп жүрмiз. Бiр кезде ең табысты адамдар – академиктер болатын. Айына мың сомнан асырып алатын кездерiмiз болды. Ол тұста Орталық Комитеттiң хатшысы 500 сом алатын. Ал қазiр ғылым саласында жүрген ғалымдар ең төменгi жалақы алады. Қазiргi тиын-тебен төлейтiн академияда жас ұрпақ ғылыммен айналыса ма?! Ертең академияны қайта құратын болсақ, онда мамандарды қайдан табамыз?

Бұрын жазылған Қазақ кеңес əдебиетiнiң тарихына арналған ғылыми еңбектер ескiрдi. Ол зерттеулерден кеңес-тiк идеологияның исi аңқиды. Оларды ендi қайта жазу қа-жет пе?

– Мiндеттi түрде. Бiздiң институт осы бағытта жұмыс iстеп жатыр. Жалпы, қазақ əдебиетiнiң арғы-бергi тарихында айтуға болмайтын ақтаңдақтар бар едi ғой. Фольклордың өзiнде қаншама шығармалар аталмай қалып жүрдi. Əдебиет тарихын жүйелеу кезеңiнде де тiлiмiздi тiстеп қалып жүрдiк. Тəуелсiздiгiмiздi алған он жылдың iшiнде бiраз зерттеулер жүргiзiп, қайта қара-дық. Жеке монографиялық еңбектер мен ұжымдық ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Алашордаға қатысты əдебиеттердi қайта қопарып, олардың кiтаптарын шығарып жатырмыз. Олар туралы зерттеулер жарияланды. Ендi осылардың басын қосып, қазақ əдебиетiнiң он томдық тарихын жасауды қолға алып отыр-мыз. Əр бөлiм өздерiне бекiтiлген дəуiрдi зерттеп, солардың тарихын дайындауда. Мысалы, бiз Кеңес дəуiрiндегi əдебиеттi үш том етiп дайындап жатырмыз. Қанша айтқанмен, Кеңес əдебиетi идеологияның ықпалында болғанымен, ол – бiздiң əдебиетiмiздiң өскен дəуiрi. ХХ ғасырдың басындағы əдебиеттiң дəрежесiн бүгiнгi əдебиетпен салыстыруға бола ма? Кешегi Мiржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» мен Спандияр Көбеевтiң «Қалың малын» «роман» деп жүрмiз. Соларды бүгiнгi романдармен салыстыруға келе ме? Келмейдi.

Ендеше, революция орыс жəне басқа əдебиеттермен бай-ланыстыра отырып, бiздiң мəдени дамуымызға дүмпу бердi. Жаңа жанрлар туды. Қазақ əдебиетiнiң жиырмасыншы жыл-дар iшiнде Жүсiпбек Аймауытовтың «Ақбiлек», «Қартқожа» сияқты еуропалық үлгiдегi романдарды жазуға қолы жеттi. Соңынан Мұхтар, Сəбит, Ғабит, Ғабидендер шықты. Сөйтiп бiздiң əдебиетiмiз дүниежүзiлiк дəрежеге көтерiлiп кеттi. Сөйте тұра, оған сол заманның, идеологияның оң əсерi болғанын айт-пай отыра алмаймыз. Əдебиет халық өмiрiнiң шындығы ғой. Халықтың осы ғұмырын тарихтан сызып тастауға болмайды. Бiз 70 жыл бойы сол кеңестiк жүйеге қызмет жасадық. Сол дəуiрдiң шындығы мен сол дəуiрдiң адамдарын бейнелейтiн шығармаларды əдiл бағалауымыз қажет. Оның үстiне, кеңестiк идеологияның ұсынған тақырыптары болды. Ондай шығармалар көбiнесе тақырыбымен өтiп жүрдi. Көркемдiк жетiстiкке жете алған жоқ. 1930 жылдары «Челюскин» солтүстiк мұзды мұхитты жарып өтедi. Бұл тақырып науқанға айналды. Бұған қазақтың талантты ақын-жазушылары белсене араласты. Тамаша эпик-ақынымыз Iлияс Жансүгiров «Жорық» атты поэма жазды. Iлиястың бұл поэмасы басқа шығармаларымен салыстырғанда көп көмескi тартады. Сəбит Мұқанов пен Тайыр Жароков та бұл тақырыптан тыс қала алмады. Бұлардың бəрi тапсырыстың, науқанның туындылары едi. М.Горькийдiң: «Өзiң бiлген нəрсенi айтпай тұра алмайтын кезде ғана жазу керек» деген сөзi бар. Мысалы: «Күйшi», «Құлагер» поэмалары Iлиястың қанымен қайнап бiткен дүние ғой. Егер Iлияс солай айтпаса, жазбаса, оның таланты күйрер едi. Сондықтан осындай шығармалардың ара салмағын айыруымыз қажет. Алпысыншы жылдардың əдебиетi Сталиннiң режимiнен босап, Хрущевтiң жылымығынан берi қарай өз ойын еркiн айтатын халге жеттi. Ал поэзияда саяси лирика басым болатын. Махаббат, табиғат лирикасы дегенге мəн берген жоқ. Сталиннiң тұсында Симоновтың «Жди меня» деген жинағы бiрнеше мың таралыммен шығады. Сонда Ста-лин: «Неге соншама көп бастыңдар? Екi дана етiп шығарып, бiрiн авторға, екiншiсiн сүйгенiне жолдасаңдар болатын едi ғой» деген екен. Сондықтан махаббат, табиғат лирикасы онша дамымады. Алпысыншы жылдардан кейiн тосын көрмей, өзiнiң ойлағанын, сезiнгенiн еркiн айта алатын жаңа ұрпақ тəрбиеленiп шықты. Прозада – Əбiш Кекiлбаев, Мұхтар Мағауин, поэзия-да – Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол-дағалиевтер қазақ əдебиетiн көтердi. Сол сияқты барлық жыл-дардағы əдебиет қайта қаралу үстiнде. Жоғарыда аталған ақын-жазушылардың барлығын монографиялық тұрғыда зерттеп, үшiншi томға енгiзiп жатырмыз. Бұл да бiздiң зерттеуiмiздiң жаңалығы деп ойлаймын.

Сiз КазПИ-дiң Тiл жəне əдебиет факультетiнде оқып жүрген кезiңiзде Мұхтар Əуезовтiң «Абай жолы» роман-эпопеясын сынапсыз. Авторға: «Абайды əйелжанды етiп көрсетiпсiз» деген пiкiр айтыпсыз. Бұл райыңыздан қайттыңыз ба?

– Жоқ. Мен ондай сын айтқан емеспiн. Бекер сөз шығар. Жоғары курста оқып жүрген кезде əдеби сынға араласып, мақалалар жазып жүрдiм. Жазушылар одағында баяндамалар жасадым. Осы Одақтың хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Қайнекей Жармағамбетов жазуға ебi бар жастарды тартып, тапсырмалар беретiн. Ол Айқын Нұрқатов екеумiздi сын жазуға тəрбиеледi. Елуiншi жылдар iшiндегi артық-кем əпербақан сынға бiздiң де қатысымыз болды. Əсiресе, Қасым Аманжоловты сынаушылардың iшiнде Айқын екеумiз де бол-дық. Соңынан қатемiздi түзедiк. Ал Мұхтар Əуезов – менiң аса сыйлайтын талантым. Ол өте терең адам. Белинскийдiң: «Шын көркем əдебиет бiр оқығаннан түсiнiктi болмайды. Оларды қайта-қайта оқу керек. Оқыған сайын оның бойынан жаңалық ашасың» деген сөзi бар. Абайдың шығармаларын қанша оқысаң да бұрын оқымағандай əсерде боласың. Əр оқыған сайын бiр жаңалығын табасың. Мұхтар шығармалары да сондай.

Кеңес дəуiрiнде сынның күштi болғаны сондай, жазу-шылар сыншының қолын, батасын алуға құштар болушы едi. Жыл сайын «Уақыт жəне қаламгер», «Жастар жастар туралы» атты сын кiтаптары шығып тұратын. «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ əдебиетгазетi тұрақты түрде сын мақалалар басатын. Қазiр жаңалық ашпай-ақ, соларды қалпына келтiруге болмай ма?

– Ол кезде сынды билеушi партия қолдады. Сыншыларды партия өзiнiң көмекшiлерi санады. Ал сыншылар əдебиеттiң идеологиялық тұрғыдан жаңылыс басқан қадамдарын қадағалап отырды. Сосын сын жанр болып қалыптасты. Сын кез келген көк аттының ыңғайына жығыла салатын жанр емес. «Сыншы – таланттың iшiнде сирек кездесетiн талант» деп Белинский айтқан. Сынның жолы – қатерлi, қауiптi, тайғанақ. Сынға құлақ түрген, оны қабылдаған қаламгер жапа шекпейдi. Сын дегенi-мiз – сынай беру емес, əдебиеттiң жаңалығын табу, жазушының жақсы қырын тани бiлу. Сонымен бiрге, қайшылықтарын, осал тұстарын айту. Қазiр тек қана сын емес, əдебиеттiң барлық жанрын дамытуды ұйымдастыру жағы жетiспей отыр. Жазушы-лар одағы проза, поэзия, сын саласы туралы пленумдар, жеке кiтаптар туралы талқылауларды ұйымдастыруы қажет. Мысалы, өткен екi съезд арасында бiрде-бiр пленум өткен жоқ. Сосын баспасөз сынға ерекше көңiл бөлуi керек. Сын газет-журналдың жұмысымен тiкелей байланысты. Қазiр Жазушылар одағына да, газет-журналдарға да сынның қажетi жоқ. Сын болмаған соң əдебиет те өспейдi, сыншының ой-пiкiрi де өспейдi...

Əңгiмеңiзге рақмет!

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Ұқсас материалдар