Қандастар Ассамблея

Сэр Алекстің әр кезде айтқандары!

19.03.2014 2961
Бүгін Англияда сэр деген атаққа қол жеткізген мәртебелі маманның айтқандарын жариялап отырмыз.

Кеше "Челсидің" бас бапкері Жозе Моуриньюның әр кезде айтқандарын жариялаған едік. Бүгін Англияда сэр деген атаққа қол жеткізген мәртебелі маманның айтқандарын жариялап отырмыз. Англияда "сэр" атағын кез келген адамға бере салмайды. Әйтсе де сол атаққа ерен еңбегі, маңдай терімен қол жеткізгеннің бірі сэр Алекс Фергюсон. 

Нағыз чемпион команда – бір матчта ұтылса да еңсесі түсіп, жүні жығылмай келесі матчта жеңіске жететіндер!

****

Менің өткенім, арғы тегім қашан да маңызды. Глазгоның Гавон дейтін ауданында кіл еңберқор адамдар тұрады. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келудің еш сөкеттігі жоқ, керісінше ерте еңбекке жегілесің.

****

Нағыз дос – жұрттың барлығы сыртқы киімін киіп, кетуге жиналып жатқанда кіріп келетін адам.

****

Мен аса талантты адаммын. Жаттықтыруды тоқтатқаннан кейін қылқалам ұстап сурет салам, не сол сияқты бір дүниемен айналысамын.

****

Мен үшін алаңдамаңыздар, сіздер зейнетке менен бұрын шығасыздар!

****

Алты жыл командамен ешбір жеңіске жете алмау деген!... Мен ондайға жол бермес ем! («Арсеналдың» бас бапкері Арсен Венгерге қаратып айтқаны)

****

Өз салаңда мен ең үздікпіні деп ешқашан ойламау керек. Жеңіске жетелейтін жол менмендік емес, ал тосқауылдар қосымша қамшы болып тиеді.

****

Ең бастысы – қолыңнан не келетінін білу және өз күшіңе сену!

****

Футбол да индустрия сияқты табысқа, кіріске тәуелді, команданы сақтап қалу үшін тек жеңу керек!

****

Осы күнге дейін әртүрлі мақтаулар мен марапаттауларға ие болдым, бірақ оның барлығы мені титімдей де өзгерткен жоқ. Мен не үшін Бобби Чарльтон мен Мэтт Басбиді үлгі тұтамын? Өйткені олар қанша марапатқа ие болса да, масаттанып, тоқырап қалған жоқ. Бұрын қалай, дәл солай қалды. Қарапайымдылығы мен үшін үлгі, бұл көп адамда кездесе бермейтін қасиет!

****

Ешқашан біреудің мақтауына масаттанып қалмаңыздар, ондай адамдарды ешкім сыйламайды!

****

Қайда жүрсеңіз де есіңізде болсын, ешкім сіздің есігіңізді ашып, ақша тастап кетпейді. Барлық жақсылық үлкен еңбек, қажыр қайрат, тер төгумен келеді.

****

Жеңісті отырып-ақ қабылдаңыз, жеңілісті тік тұрып мойындаңыз!

Ойын кезінде қайта-қайта қолыммен сағатымды нұсқап, уақытқа қараймын. Бұл өз ойыншыларымды қамшылағаным емес, қарсыластарыма сес көрсеткенім. Егер «Манчестер Юнайтедтің» бапкері болған қандай екенін менен естігіңіз келсе, матчтың соңғы 15 минутын қараңыз!

****

Команданың әр жеңілісінен кейін баспасөз беттерінде «Ферги, сенің уақытың бітті, командадан кет!» деген тақырыппен түрлі мақалалар жарық көреді. Оған күліп қана қарау керек, жүрекпен қабылдамау керек. Ашу түбі орға жығады. Сондай-ақ, команданың жеңісінен кейін әртүрлі мақтаулар мен мадақтаулар да жарық көреді. Біреуі кемеңгер, данышпан дейді. Барлығына дайын болу керек, оп-оңай кемеңгер дегендер, оп-оңай топас деп те жазады.

****

Менің командамда өз кемшілігін мойындамайтын жалғыз футболшы болды, ол Дэвид Бекхэм. Қателігін айтсаң, өзін қорғаштап, шаң жуытпайтын. Әрдайым солай. Соңында өзіңді кінәлі етіп шығады. Менің Дэвидке еш өкпем жоқ, жақсы жігіт, жақсы футболшы. Ол менің шәкірттерімнің арасындағы футболдан тыс өмірде де атақты болуға тырысқан жалғыз адам. Сол ізбен Руни де жүріп көрді.

****

Бекхэм менен бір метрдей жерде тұрды. Ашуға булығып, қолыма түскен әлдебіреудің бутсысын жіберіп қалдым. Дәл оң көзіне тиді. Ол қарсыласып, мені ұрып-жықпақшы болды, бірақ сондағы футболшылар араша түсіп, ондай жағдайға жеткізбеді. «Отыр! Не десең де, команданың ұтылуына басты себепкер сен!» дедім оған.

****

Рио Фердинанд кіріп келді. Мен оған:

– Сен барып тұрған бұзақы екенсің!

– Иә, бірақ барым сол, түзеле алмай жүрмін...

– Түзелуіңе тура келеді, өйткені бұл мінезің команданың гол жіберіп алуына әкеп соқтырады.

Ұқсас материалдар