Қандастар Ассамблея

Сайлау процедурасы мен сайлау кампаниясы

21.01.2016 8156
Сайлаудың мазмұнын түсіну үшін бұл екі ұғымды ажырату өте маңызды.

Сайлау процедурасы мен сайлау кампаниясы екі бөлек ұғым екенін көп адам біле бермейді. Сайлаудың мазмұнын түсіну үшін бұл екеуін ажырату өте маңызды.

Сайлау процедурасы – бұл мемлекеттің сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралары. Сайлау кампаниясы – бұл сол сайлаудың бір-біріне бәсекелес тікелей қатысушыларының (партиялар, түрлі қоғамдық ұйымдар, жекелеген кандидаттар) іс-әрекеті.

Сонымен қатар, сайлау процедурасы ұйымдастыру ережелерінің жиынтығы ретінде ұзақ мерзімде өзгеріссіз болып, ол уақыт аралығында бірнеше сайлау кампаниясы өткізілуі мүмкін. Сайлау процедурасы, көше қиылысындағы көлік қозғалысын реттеуші жол-патрульдік полициясының қызметкері секілді, сайлау кампаниясының ережелерін реттейді.  

Сайлау процедурасына: сайлауды тағайындау, сайлауға жауапты органдарды құру, жергілікті сайлау округтерін ұйымдастыру, кандидаттарды тіркеу, сайлауды белгілі бір деңгейде қаржыландыру, сайлауды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дауыс берудің нәтижесін анықтау кіреді.

Сайлау кампаниясында саяси маркетингтің рөлі өте жоғары. Мұндағы саяси маркетинг деп отырғанымыз – бұл саяси нарықты зерттеу,  нақтырақ айтқанда сайлаушылардың мінез-құлқы мен оларға әсер ету жолдарын зерттеу. Саяси нарықты зерттеу кезінде электорат сегменттері және бәсекелес кандидаттар мен партиялардың сегменттері анықталады, сайлаушыларды толғандыратын мәселелер, олардың мүдделері айқындалады. Сайлау маркетингі аясында сайлау технологиялары жасақталып, жүзеге асырылады.

 Сайлау кампаниясы – өте қымбат шара. Көп жағдайда басымдық дұрыс сөзі көптерде емес, ақшасы көптерде болып шығады. Шынайы демократияға дақ келтіретін бұл олқылықтың әсерін азайту үшін бірқатар елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, ОАР) сайлауалды кампанияға жұмсалатын қаражаттың максимал көрсеткішін заңды түрде бекіткен болатын, алайда заңның орындалуын қадағалау өте қиын.

Сондай-ақ, «тең жағдай» жасау үшін бәсекелес топтарға субсидия түрінде немесе сайлау шығындарын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі, бірақ бұл қаражат тағы бұл көмекті аса қажет етпейтін, қаржылық және саяси беделі жоғары партиялардың қолына тиеді. Мәселен, мемлекеттік қаржылай көмекті алу үшін партия белгілі бір көлемде дауыс жинауы тиіс.

Саяси кампанияның кульминациясы – сайлау күні. Алайда дауыс беру процедурасы сайлауалды күреске қарағанда әлдеқайда тыныш, әрі құпия түрде өтеді.


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар