Қандастар Ассамблея

Саясат Нұрбек: Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды

12.11.2014 2794
Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады.

Биыл Жолдау аясында Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеді. Осыған орай Президент Жолдауына үн қосып жатқан «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры Саясат Нұрбектің пікірін бөлісіп отырмыз.

Биыл еліміз үшін басты жаңалық жыл сайынғы халықтың асыға күтетін Елбасы Жолдауының жылдағыдан ертерек болғандығы еді. Оның бірден-бір себебі, соңғы уақытта орын алған әлемдегі геосаяси қайшылықтардың себебінен туындаған экономикалық дағдарыстың жаңа қарқынмен үрдіс алуы. Елбасы айтқандай, экономикамыз қиын кезеңді бастан өткергелі отыр. Сондықтан, биылғы жолдау өзінің мерзімінен бұрын, бірінші рет «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында жолданды. Осы орайда, қай кезде болмасын, Президентіміз ел үшін ауыр кезеңдерде, қиыншылықтан шығу жолдарын ұсынып, жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айта кеткен жөн.

Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады. Мысал ретінде, әйгілі Американ Президенті Рузвельт: «Ұлы депрессия» кезінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларын атап өтуге болады.

Президенттің Жолдауында еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салалары толығымен қамтылған. Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын-үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы атап өтілді. 
Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде.

Елбасы Жолдауы әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70-жылдығы атап өтетіндігін айтты.

Ұқсас материалдар