Қандастар Ассамблея

Саяхатшы күнделігінен

14.07.2015 5911
Демалысты жақсы өткізу үшін нақты жоспар құру қажет: кіммен барамыз, қай жаққа, ол үшін өзімізбен бірге не нәрсе аламыз және т.б.

Демалысты жақсы өткізу үшін нақты жоспар құру қажет: кіммен барамыз, қай жаққа, ол үшін өзімізбен бірге не нәрсе аламыз және т.б. Ең әуелі, қай жаққа баратынымызды, бағытымызды анықтап алу керек.

Бағыт

Қазақстан азаматы үшін Түркия (30 күн), Оңтүстік Корея (1 ай), Малайзия (1 ай), Хайнань аралы (Қытай, 15 күн), Гонконг (14 күн), Мальдива (1 ай) және Сейшел аралына (1 ай) визасыз режим орнатылған. Ал, егер бағытымыз Тайланд болса, сол елде қазақстандықтарға 15 күнге виза берілетінін есте ұстаңыз.

Еуропаға баратындар Шенген аймағының визасын (90 күн) жасатады.

«Жаз бітті, суға түсетін уақыт аяқталды» дейтіндер үшін Біріккен Араб Әмірлігінде қыстың өзінде +25 градус болатынын білгейсіздер. Тіпті, су салқын болғанның өзінде ол жерде ойын-сауық орталықтары жетіп жатыр. Әйтеуір, ішіңіз пыспайды.

Балық аулап, дайвингпен айналысатындар үшін Сейшел аралдары таптырмайтын демалыс орны.

Күн мен мұхитты жақсы көретіндер Бали, Индонезия, Мальдива немесе Тайландқа барып қайтқаны дұрыс.

Әр нәрсенің құнын білген жақсы. Баратын жеріңізде қаншаға шығындалатыныңызды алдын-ала есептегіңіз келсе, мына сілтетені басыңыз.

Әуебилеті

Әуебилетін сатып алу кезінде аздап үнемдеу үшін бірнеше ережені есте ұстаған дұрыс:

  1. Ең дұрысы 45 күнге ертерек алған жөн. Егер 2-3 ай бұрын алып қоятын болсаңыз, әуекомпаниялары билеттің бағасын былтыр дәл осы уақыттағы бағаларға сәйкестердіріп қояды. Ал, егер 45 күннен аз уақыт қалғанда алсаңыз, бағалар биылғы бағаға сай сатылады.
  2. Негізі, әуебилетін аптаның ортасына қарай, сейсенбі мен бейсенбі аралығындағы күндерге алған дұрыс, ол кезде рейстер жартылай бос болады. Ең тиімді сәт сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн.
  3. Егер сіз нақты ұшатын күнді бекітпесеңіз, интернеттен әуебилеттерінің бағасын салыстырып көріңіз. Олардың арасында арзан бағаларды табуға болады.
  4. Әдетте, демалыс маусымының жабылуына орай әуекомпаниялары жеңілдіктер ұсынады. Одан хабардар болу үшін сол компанияның сайтына немесе агрегат сайттарға кіріп, хабарларына жазылыңыз.

Қонақ үй

Алдымен сапасын көрелік, бағасын кейін анықтай жатармыз.

  1. Суретке емес, ауданына назар аудару керек. Дұрыс ракусртан түсірсе, кез-келген қонақ жай сарайдай көрінеді. Ал, сандар алдамайды. Ұсынылатын қонақ үй нөмірлерінің ауданы 35-40 шаршы метрден басталғаны абзал.
  2. Егер сіз адам көп, ығы-жығы, шулы жерді қаламасаңыз 200-300 нөмірлі қонақ үйді таңдаңыз.
  3. Баратын қонақ үй туралы сол жерде болып қайтқан адамдардың пікірін оқыңыз.
  4. Терезе теңізге қарап тұра ма, қонақ үйден жағажайға дейін қанша уақыт жүру керек деген сияқты детальдарды анықтап алыңыз.
  5. Қосымша шығындар туралы біліңіз. Мысалы сізге айтылған соманың ішіне тамақ, интернет қызметтері кіре ме?

Ескерту

Әуебилетін және қонақ үй номерін брондау кезінде тапсырыс төленген банк картасын сақтап жүріңіз. Әйтпесе, шетелде сіздің тапсырыңызды теріске шығарып, тіпті, полиция шақыруы мүмкін. Өйткені сіз төлемді дәлелдейтін банк картасын көрсете алмайсыз.


Дария Жұмалиева