Қандастар Ассамблея

Сауытбек Әбдірахманов: "Таяуда болатын халықаралық көрме біздің журналистерге үлкен сын"

11.11.2014 4749
Жуырда өткен «Media Expo-2014» бұқаралық ақпарат құралдарының III республикалық көрмесінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахмановпен сұхбаттасу сәті түсті.

Жуырда өткен «Media Expo-2014» бұқаралық ақпарат құралдарының III республикалық көрмесінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахмановпен сұхбаттасу сәті түсті.

— Сәлеметсіз бе, аға. Бүгінгі шара бізге не береді, артықшылығы неде?

— Енді жаңа құттықтау сөзде айтып кеттім, ертең үш жыл зу етіп өте шығады. Күні ертең бүкіл әлемнен журналистер келеді. Олар Қазақстанның сан қырлы өмірімен, соның ішінде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайымен танысады. Сол кезде, біздің ақпарат саламыз да, біздің ақпараттандыру саламыз да сынға түседі. Бүкіл әлемге Expo-2017 көрмесінен үш ай бойы хабарлар мен репортаждар жеткізу біздің саламызға үлкен сын. Бұл сынақтан Қазақстан журналистикасы мен ақпараттандыру саласы абыроймен өтеді деп сенгім келеді.

 Отандық журналистиканы ұятқа қалдырмау үшін қандай шаралар қолға алыну керек?

 Ол кезде мысалы біздің журналистеріміз ағылшын тілінде сөйлесе алмай тұрса, сұхбат ала алмай тұрса және өзінің жүріс-тұрысымен, сырт сипатымен бүкіл әлемдегі журналистиканың талаптарына сай келмей жатса, біз отандық журналистиканы ұятқа қалдыруымыз мүмкін. Сондықтан, біздер сол сынға дайын болуымыз керек. Тек қана журналистер емес ақпараттандыру саласы, жаңа технологиялар, бүкіл әлемге ақпаратты бір мезетте тарататын онлайн режимдегі технологиялар жасақталуы керек. Жаңа сөйлескенімде Асқар Қуанышұлы айтып жатыр: «Біз соған дайындалып жатырмыз, жаңа технологиялар сатып алуға кірісіп жатырмыз», деп. Ол қуантады. Осындай мақсаттар бар қазір алдымызда тұрған.

— Жас журналистердің қандай нәрседен аулақ болғаны жөн деп есептейсіз?

 Қазір жас журналистерге ерекше есте ұстайтын жағдай – аудиториямен ойнау. Тыңдарман, көрермен, оқырман осы нәрсені жақсы көреді ғой, осындайға құмар деп, сол рейтингтің немесе оқылымдылықтың, танымалдылықтың соңына түсіп кетпеу маңызды. Бүгінгі таңда журналистикада мындай дүниелер оқылмайды, оларды жұрт қарамайды, ондай хабарларды көрмейді деген ұғым қалыптасып бара жатыр. Негізінде журналист, жазушы сияқты оқырманның, көрерменнің, тыңдарманның соңынан жүруге тиіс емес, керісінше оларды өзінің деңгейіне қарай тартуы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда, жас журналистер өзінің өнер жолында, өзінің өмір жолында биік талғамын төмендетпесе дегенді айтқым келеді. Ең негізгі қасиет осы болғаны дұрыс.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет!

 

Сұхбаттасқан - Қаламқас НҰРМАҚОВА.

Ұқсас материалдар