Қандастар Ассамблея

Санскрит жазуы туралы бірер сөз

03.11.2015 4531
Санскрит жазуы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Жазу тарихы» музейі түрік тілді халықтардың ежелден бергі қолданған жазу үлгілері (әліпбилері) мен осы ұлттардың тұрмыс-тіршілігіндегі ұстанған ғұрыптары жөніндегі ақпараттар бар бірден-бір орын. 

Түрік халықтары ежелден жазу-сызуға көзі ашық, жазу өнерінің бірнеше түрін меңгеріп, ол арқылы өсиеттерін қалдырып, тарихи құндылық көзі ретінде жарата білген сауатты халық екендігі жөніндегі мол мағұлматтар - тас ескерткіштердегі сына жазулар «Түріктану» саласында еңбек еткен ғалымдардың еңбектеріне бірден-бір жол нұсқаушы нысан болғандығы мәлім. Ал университетіміздегі «Білім тарихы» музейі - әлем мойындаған Ұлы даланың ғұламалары мен ағартушылары һәм білім-ғылым ордалары жөніндегі мағұлматтар көзі.

Қазіргі Моңғол Халық республикасы мен Қазақстанның Алтай-Тарбағатай тау сілемдерінің жоталарында, Қырғызстанмен арадағы Алатау, Қытай Халық республикасымен шектесетін Тянь-шань ары қарай Памир, Гималай,  Ресей Федерациясына қарасты Тыва, Хакас, Шор, Таулы Алтайды мекендеген түрік халықтарының өткенінен сыр шертетін көптеген пертоглифтер мен балбал тастар, онымен қоса тас ұстындардағы  көне түрік тілінде жазылған ескерткіштер қатарында брахми, соғды әліпбиімен жазылған тас ұстындар бар.  «Таспар қаған» ескерткіші (брахми, соғды);  үш тілде  Орда балықтағы (қытай, соғды, түрік тіліндегі) жазылған т.с.с. ескерткіштерді  мысалға ала отырып,  құдайлар тілі деген атаққа ие болған санскрит жазулары туралы аздап ой бөлісеміз.

Санскритті Әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати және басқа да түрік тілді халықтардан шыққан ғұламалар жетік меңгерген. 

Санскрит грамматикасы Шива атты құдайдың би-қимылынан бастау алады дейді. Ең ежелгі түрін веда тілі дейді, немесе ведалық санскрит. Кейде веда тілін санскритке қарама-қарсы тіл ретінде жеке тіл деп те қарастырған. Веда тілі – Ригведа, Яджурведа, Самаведа және Атхарваведа деп төртке бөлінеді, біздің заманымызға дейінгі 15-10 ғасырлардан келеді.

Санскриттегі Гандхарва Веда ілімін адам баласының кемелдікке бет бұру бастауының негізі Табиғат ритмімен дәлдікте  үндесу үрдісін өмірдегі кездесетін  қиыншылықтардан құтылып, бақытқа апаратын жол деп қарайды. Санскриттегі Гандхарва Веда «музыка, би және музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігін»  үйрететін білім көзі.  

Классикалық санскрит – бұл көптеген санскрит ескерткіштерінің тілі, ведалық санскриттің жалғасы, біздің эрамыздың 4 ғасырынан бастау алады. Құдайлар тілі  деген атаққа ие санскриттік лексика бүгінгі таңда Үндістандағы үнді халықтарының заманауи тілдік қорын байытуға пайдаланып отырған негізгі дерек көзі болып табылады. Үнді тілін зерттеуші Я.Гонда: «Санскрит әдебиеті шексіз, бітпес деуге болады, яғни ешкім оның нақты көлемі мен шығармаларының  санын дөп басып айта алмайды», - дейді.

Санскрит мәтіндерін жазуда бірнеше әліпбилер үлгілерін пайдаланған. Олардың ең ежелгі түрі брахми әліпбиі (б.з. дейінгі ІІІ ғ. Жататын ескерткіштер тілі) және б.з. ҮІІ-ҮІІІ ғғ. Көбінесе қолданылған девангари әліпбиі. «Девангари» сөзі  жазу, пайдалану, құдайлар қаласындағы жазу деген мағнаны береді. Ертеден санскрит ғұламалардың ғылымды зерттеу нысанына айналғандығын қазіргі замандағы зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен табамыз.

Үнді брахмандары санскритті өзге дін өкілдерінен мейілінше құпия ұстаған екен. Десе де, осы тілдегі әдебиетке ең бірінші назар аударғандар мұсылмандар болған. Бұл жайында М.Бұлытай: Мұхаммед Әбу Райхан әл-Бирұни (973-1048). Араб, парсы, түркi, үндi, санскрит, грек, ибрани (иврит), арами, сұрия тiлдерiн әбден меңгерген әл-Бирұни көптеген жылдар бойы Үндiстан жерiн аралап, ондағы халықтардың дiни нанымдарын зерттеген. Әл-Бирұни «Китабұт тахқиқ мә ли-л-Һинд» (Үндiстандағы зерттеулер туралы кiтап) және «Китабұ Батенжел әл-Һинди» (Үндiстанның Патанжали кiтабы) атты еңбектерiнде үндi халықтарының дiни ұстанымдары мен қоғамдық өмiрi туралы құнды мәлiметтердi оларды кемсiтпей, төмендетпей келтiредi, - деп жазады. Бирұни сол замандағы Үнді елінің ғұрыптары, ілім-білімі, діні мен пәлсәпәсінән маңызды ақпараттар беретін еңбектерінде санскритке: «Бұл тілдің сөздік қоры мен сөзді тиянақтау өресі аса бай, ...бір заттың бірнеше атауы бар әрі бір ғана атаумен бірнеше затты атайды, ... оның нақтылы мағынасын контекст арқылы түйсіну қажет», (С.М.) - деген сипаттама береді.

Санскрит әдебиетіне Ұлы Моғол әулетінің билеушісі Акбардың (1542-1605) қызығушылығы арқасында, ол ел басқарған кезеңде мұсылман діні мен үнділердің дінін үндестіре синтетикалық дінді қалыптарстыруды мақсат тұтты. Акбардың жақын досы, тарихшы Әбул-Фазыл (1540-1615) санскритті жақсы білген. Ақбардың қалауымен  ғұлама Бадауни (1540-1615) санскрит тіліндегі Махабхаратуды парсы тіліне аударды. Акбардың шөбересі сұлтан Дара Шукох (1615-1659)  санскрит мәтіндерін аударуға аса мән берген. Мистикалық софылық ілімін жақтаушы Дара Шукох Құдай жолында Ислам мен Үнді дүниетанымы тең  деп қарап, «Екі мұхиттың қосылысы» деген тақырыпта трактат арнады.


Сымбат МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі, этнограф 

Ұқсас материалдар