Қандастар Ассамблея

Сахна сыртындағы сатира! 4-бөлім

18.03.2014 3409
"Сахна сыртындағы сатира!" атты сериялы мақаламыздың төртінші бөлімін ұсынып отырмыз.

"Сахна сыртындағы сатира!" атты сериялы мақаламыздың төртінші бөлімін ұсынып отырмыз.

Бірде жазушы Төлен Әбдіков екеумізге «Біржан-Сара» операсынан үзінді көрудің реті келіп қалды. Кенет басты кейіпкерлердің айтыса кететін алғашқы кездесу көрінісінде екі жеңін сыбанып, сахнаға шыға келген ебедейсіз толысып кеткен етжеңді әйел әншінің ерсілеу қимылын оғаш көрген қасымдағы әріптесімнің:

– Япырай, мынадай Сарадан Біржан түгіл, Жиенқұлдың өзі «отказ» беріп, тұра қашпаса жарар еді, – деп күрсінгені бар.

****

«Қан мен тер» қойылымы кезінде Мөңке шалдың бейнесінде сахнаға беттеп келе жатқан Өкіреш дәл жолында реквизит үйлестіруші сүйкімді қыздың сағыз шайнап тұрғанын байқап қалып:

– Ой сағызың болып кетейін, – депті елжірей қалып. Сосын іле-шала: – Бал ерін, меруерт тістің арасында жаншылып жатар ма едім сағызың боп! – деп өлеңдете беріп, ойынға араласып кете барыпты.

****

Атақты актер Асанәлі Әшімов арамызда, Абылай хан даңғылы бойымен жеңіл көлік үстінде зулап келе жаттық. Дәл сол кездері Алматы көшелері әйгілі аға, аталарымыздың есімдерін иеленіп жатқан тұс еді. Осынау елдігімізге, ерлігімізге масаттанып, көңілі толып келе жатқан үлкен өнер иесінің кенет:

– Әйтсе де, жігіттер, есебін тауып, осы кездері өліп кетпесеңдер, кейін бәріңе көше жетпей қалуы мүмкін, – дегені ішек-сілесі қата күліп. Бәріміз ду ете қалдық.

Өлімнің өзін күлкіге айналдырған жарық күн, жарқын көңіл, асқақ өмір-ай, шіркін!

****

Серағаң (Қожамқұлов) мұрнына тіреліп қалады деп, кішкене рюмкалардан ат-тонын ала қашады екен.

Сол Серағаң:

«Кекіртетінін ішеміз бе? Секіртетінін ішеміз бе?» дейді екен үнемі.

Кекіртетіні – шампан,

Секіртетіні – арақ.

****

Ұлы Шәкен Айманов әріптес-құрдастарын әжуалауға, достарының осал жерінен ұстауға келгенде, төкпе ақындарша толғайды екен. Мәселен:

Сейфолла Пірімович сенің атың,

Үйіңде күтіп отыр әйел затың.

Құдай берген бойыңның арқасында,

Сегіз ұлттан алыпсыз тоғыз қатын, – деп аласа бойлы Телғараевты бір «түртіп» өтсе, «Молдабайдың әніне» салып:

Нарынқолға барғанда,

Әтейбек тапты жақынын.

Ертең ерте тұрады да,

Жылжып кетед ақырын.

Одан тойып келсе де,

Мұндағы біздің тамақтан

Есесін алад пақырың.

Мойны ырғайдай қылқиып,

Түсетін құстай жұтынып,

Осы тамақ үстінде

Өлмес пе екен ұшынып.

Әтейбекжан, ақырын, ақырын,

Ойпырмай, апырым, апырым... –

деп Жолымбетов ағамыздың да тамақсаулығын «жырына» қосып, мінеп-сынап тастайды екен.

****

Бірде Асанәлі:

– Ақша берші, сыра әперейін, – депті Есболғанға.

– Сыра сатып, ақша тауып жүр дейсің бе, – деп бұртиыпты Ескең Асекеңе.

Ми қайнатар аптаптың өзінде әзілдерінен айнымаған кезбе де кедей қайран артистер-ай!

Әшірбек Сығайдың "Толғам" атты кітабынан.

Ұқсас материалдар