Қандастар Ассамблея

Сахна сыртындағы сатира! 3-бөлім

18.03.2014 3717
"Сахна сыртындағы сатира" деген сериялы мақалаларымызды одан әрмен жалғастырамыз.

"Сахна сыртындағы сатира" деген сериялы мақалаларымызды одан әрмен жалғастырамыз. 

****

Мұхтар Әуезов театрының әрлеушісі (гримері) Виктор Алексеевич Щербаков пен атақты артист Нұрмұхан Жантөрин қатты қалжыңдасады екен. Бір күні гастрольде жүрген Нұрекең Щербаковтан посылка алады, ашып қараса, ылғи бір салдырлаған бос шөлмектер... «Қап, бәлем» деп кіжінген Нұрекең де қарымта қайтарудың қамына кіріспей ме.

Виктор да күндердің күнінде сонау Қостанайдан үлкен бір жәшік алып, ішін ашып жіберсе, он шақты килә мүжілген сүйек-саяқ... Құрдастардың сәлем-сауқаты да өзгеше.  

****

Асанәлі Әшімовтің қалжыңбастығы Қазақстанға белгілі.

Бір күні театрда тып-тыныш репитициядан шыққан өзінің әріптестері Матанды (Мұраәлиев), Торғынды (Тасыбекова), Раущанды (Әуезбаева), т.б. дүрліктіре жөнелсін.

– Әй, сендер Сәбиттің (Оразбаев) туған күніне бармайсыңдар ма? Жаңа ғана біз содан шықтық, – деп тіксіне тісін шұқып, керги түседі Асекең.

Ақкөңіл артистер, айыпты бола қалғандай-ақ, Сәбеңнің үйіне қарай жөңкіліп кеп бермей ме. Сол күні Асекеңнің әншейін айта салған бір ауыз әзіл сөзі қамсыз отырған Оразбаевтар отбасын әбден әбігерге түсіреді.

Қапыда қаптап кеткен артистерді қазақ қалай үйінен құр шығармасын. Сәбеңнің үйіндегі Света жеңгеміз сол жолғы қазан көтеру бейнетін әлі ұмыта алмай жүрсе керек.

****

– Аймауытовты телефонға бола ма? – дейді әкімшіліктен сөйлеп тұрған қыз.

– Аймауытовыңыз кім? Сұрап тұрғаныңыз Жүсекең Аймауытов болса, ол кісі әлдеқашан дүниелік емес пе еді? – дейді театр директоры.

Таң-тамаша қалған хатшы қыз өзіне өзі күбірлеп:

– Вот здорово, Аймауытовқа «звонда, звонда» дейді. Сонда қалай? – деп телефон тұтқасын тұғырына қоя салады.

«Аймауытов театрына звондап айтыңдар, бүгінгі спектакльге әкім барады» дегенді шала түсінген хатшы қызға не дерсіз!

****

Бұрынғы Торғай облысы мәдениет басқармасының бастығы жергілікті театр артисі Төлеген Қуанышевқа: «Неге терлеп ойнайсың?», – деп ұрсатын көрінеді.

Сонда Төлеген: «Терлемей де ойнауға болады, әне, толып жүр ғой, терлемей ойнайтындар», – деп салыпты.

Енді қандай ескерту айтарын білмеген бастық амалсыз үнсіз қапты.

****

Әзілқой Шәкен Айманов бұрын-соңды қолына грим ұстап көрмеген артист Шәріп Марденовтің әйелінің аңқаулығын сезе қойып:

– Мынау түрі бөлек дәмді май, – деп мақтай жөнелген ғой.

Көп кешікпей гримге пісірілген бір табақ бауырсақты ортаға алған артистер қауымы резеңке шайнағандай өзара қаужаңдасып, сол күні қыран-топан күлкіге кенеліпті.

 

Әшірбек Сығайдың «Толғам» кітабынан.

Ұқсас материалдар