Қандастар Ассамблея

«Сабина келін» көруге тұрарлық туынды ма?

28.01.2015 10585
Нұртас Адамбаев түсірген «Сабина келін» туралы пікірлер жиынтығы

Источник: http://7channel.yvision.kz/post/433945

Өткен жылдың ең басты жаңалықтарының бірі «Сабина келін» фильмінің жарыққа шығуы деп айтуға толық негіз бар. Бар-жоғы 300 мың долларға түсіріліп, 5 күн ішінде 112 млн (615 мың доллар) теңге жинаған «Сабина келін» фильмі туралы пікір білдіріп жатқандар өте көп және олардың көбі позитивті сипатта.

Мәселен, кино сыншысы Олег Борецкийдің пікірінше, кино саласында комедия өте қиын жанр болып саналады. Кинокомедияда әдеби немесе театрлық күлкі емес, ерекше әзіл қажет. Мұндай комедиялардың бәрі бірдей сәтті шыға бермейді. Мысалы, қазақ киносының ардагері Дәмір Манабайдың екі жыл бұрынғы «Лотерея» комедиясы мүлдем күлкілі емес болып шықты. Сондай-ақ, қалалық банкир мен ауылдағы сауыншы туралы «Сүт, қаймақ, сүзбе» атты комедия да жоғары нәтиже көрсетпеді. Ал мұнда бәрі оңай, әрі жеңіл: қалалық қыз ауылдан бір-ақ шығып, қайта тәрбиеленуден өтеді. Фильмде көп нәрсе бар: әзіл де, кейіпкер де, патриоттық мораль да. Ешқандай пафос жоқ.

Олег Борецкий, кино сыншысы:

«Отандық фильмдердің ішінде көруге тұрарлық фильмдер аз. Сәкен Жолдастың «Қыз бен жігіт» («Он и она») туындысынан кейін Нұртас Адамбаевтың «Сабина келін» фильмі көруге тұрарлық екінші жарқын фильм. Бір қызығы, бұл туындылар «Қазақфильм» емес, жас тәуелсіз режиссерлер түсіріп жатыр»

Фильмнің авторы Нұртас Адамбаев «Сабина келінде» өзін төрт амплуада көрсетті: актер, режиссер, продюсер және сценарист. Тағы бір кино сыншысы Кәрім Қадірбаев туындыға осы төрт критерий бойынша баға берді.

Кәрімнің ойынша, сценарий – фильмнің ең әлсіз тұсы. Сценарист, әзілді молынан жазып, сол арқылы сюжетті толтыруға тырысқаны көрініп тұр. Драматургия шикі, оның үстіне Нұртас-сценарист Нұртас-актерге тым көп көңіл бөлген, екінші пландағы рөлдер толық ашылмаған.

Алғашқы жобасы болғандықтан, сыншы Нұртастың режиссурасына оң баға берді. Дегенмен, режиссура тұтастай КВН ережесімен құрылғанын ескертеді. Ал актерлік шеберлікке қатысты біржақты пікір айту қиын, себебі 3-5 минуттық скетч арқылы актер толығымен ашылмайды.

Кәрім Кәдірбаевтың ойынша, продюсер Нұртасқа жоғары баға қоюға болады. Өз қаржыңа фильм түсіру Қазақстан нарығында қаржылық тұрғыда өзіңе қол жұмсаумен тең. Алайда «Сабина келін»  бұл тұжырымды жоққа шығара алды. Алғашқы күннен бастап касса жинауда.  

Кәрім Қадірбаев, кино сыншысы:

«Режиссерлік, сценарийлік және актерлік кемшіліктерге қарамастан «Сабина келін» кассалық жиналым бойынша Қазақстанда рекорд орнатуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, қазақстандық КВН ойыншыларының үлкен киноға келуі жылдамдай түседі. Қазірдің өзінде «Ауылдан қашу» («Побег из аула») сериалын толық метражды фильмге ауыстыру туралы әңгімелер айтылуда. Негізгі сұрақ: КВН ойыншылары нағыз кино түсіре ала ма, әлде олар өздерінің скетчтерінің ұзартылған формасын жасай ма?»

Кәсіби кинотанушы емес, қарапайым, бірақ өз пікірі бар адамдардың ойынша ,«Сабина келін» –  өте сәтті шыққан жоба. Мәселен, белсенді, әрі беделді Фэйсбук пайдаланушысы Олжас Құдайбергеновтың ойынша, фильмде әзіл арқылы бай мен кедей арасындағы алшақтық пен әралуандылық көрсетіледі. Ол байып кеткен адамдардың жағдайы нашар туыстарымен байланыс үзуге тырысуы, ол әке-шешесі бақуатты кейбір қыздардың бай жігіттерді іздеуі арқылы көрініс табады. Бастысы, ауыл мен қала арасындағы алшақтық айқын жеткізілген.

Олжас Құдайбергенов, экономист, белсенді интернет пайдаланушысы: 

«Нұртас ауылдың шынайы жағдайын көрсете алды. Алайда ол оны депрессияға айналдырмай әзіл арқылы керемет жеткізді»

Авторлық пікір

Егер дәл осы фильм өткен ғасырдың 90-жылдары шықса, ешкім бұл туындыны түсінбес еді, керісінше ауыл өмірін бұлай көрсету ашу-ыза тудырар еді. Бірақ қазір реакция басқа, бұл қуантпай қоймайды. Себебі бұл қоғамның мәдени санасының өскенін көрсетеді. Ауыр тақырыпты әрдайым жеңіл, бірақ астарлы мазмұнмен жеткізуге болатынын біздің қоғам түсіне бастағандай.

Бәлкім кәсіби кино тұрғысынан кемшіліктер бар шығар, мейлі ол драматургия болсын, мейлі ол режиссура болсын. Бірақ бұл халықаралық номинацияға үміткер туынды емес, Қазақстанның жалпақ жұртына арналған мағыналы комедия.

Мен өзім «Сабина келін» фильмінен бірнеше месседжі байқадым. Ең бірінші көзге түсетіні ол әрине – бай мен кедейлердің материалдық, рухани және мәдени алшақтығы. Екінші, жоғарыда келтірілгендей, ауылды жағымды жақтары ұтымды көрсетілген.

Сондай-ақ, қазақ қоғамы үшін өте өзекті тақырып, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас мәселесі әдемі қамтылған. Қажетті қадамдарды жасасаң, ененің жүрегі жібитінін байқауға болады. Төртіншіден, әлеуметтік желілердің шынай жүздесуге, тілдесуге татымайтыны әзіл арқылы керемет келтірілген.

Бесіншіден, егер адам талпынса, ыңғайлы ортаны кез келген жерден жасай алады. Сабинаның караоке кештері мен дискотеканы ұйымдастыруы осының айқын дәлелі болса керек.

P.S. Осы күнге дейін біз отандық киноларды қолдау мақсатында оның сапасына көп назар аудармай бара беретін едік. Менің ойымша, бірте-бірте біз елімізде түсірілген фильмдерге «отандық» деген желеумен, шын мәнісінде қызық, әрі мағыналы туынды болғаны үшін бара бастаймыз. 


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар