Сақ дәуіріндегі жауынгер арулар жайлы фильм түсіріліп жатыр

28.10.2016 5176
Халықаралық жоба

Сақ дәуіріндегі жауынгер әйелдер туралы деректі фильм америкалық және неміс телеарналарының, британдық «Urban canyons» кинокомпаниясының тапсырысымен түсіріліп жатыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті хабарлады.

«Amazons» жобасы – «Warrior women» трилогиясының алғашқы бөлімі. Мұнда б.з.б. V ғасырдан бері Алтай мен Қара теңіз аралығында өмір сүрген ержүрек әйелдер туралы баяндалмақшы. Әр бөлім 3 сериядан, ал, әр серия 52 минуттан тұрады. Деректі фильмде тарихшы, археолог және музей мамандарының сұхбаты да қамтылады.

Картинаның басты тапсырыс берушісі – Смитсон ғылыми-зерттеу институтына қарайтын америкалық «Smithsonian channel» арнасы. Түсірілім жұмыстары Қазақстаннан кейін Батыс Африка, Франция, АҚШ және Ұлыбританияда жалғасады.

Трилогияның алғашқы бөлімінде Алкая, Самси және Аелла есімді үш ержүрек ару туралы айтылады. Олардың рөлін Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай, Хулан Чулуун және Динара Бақтыбаевалар ойнайды. Арнайы осы жоба үшін бұған дейін еш фильмде пайдаланылмаған костюмдер мен қару-жарақтар дайындалды. Ал, түсірілімде ежелгі сақ қорғандарынан табылған заттар назарға алынды. Бұл детальдардың шынайылығына жобаның кеңесшісі, Стэндфорд университетінің профессоры Эдриэн Мэйер мен әлемдік, қазақстандық тарихшылар жауап береді.

Трилогияның түсірілім жұмыстары биыл маусым айында Мальтада басталған. Ал, Алматы облысындағы түсірілім 18 қазанда Жамбыл ауданында басталды. Бұған дейін Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде көрсетілген Жамбыл ауданының әсем табиғаты шетелдік продюсерлерді бірден баурап алыпты.

Трилогияның премьерасы 2017 жылдың қазан айында «Smithsonian channel» арнасынан көрсетіледі. Сондай-ақ, оны «Viasat history», германиялық «ZDF», скандинавиялық «MTG» арналары да көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Жобаның продюсері Нарын Игілік шетелдік серіктестерден фильмнің Қазақстанда көрсетілуіне рұқсат алыпты. Көрсету құқығы қазақстандық «Colibri films » киностудиясына тиесілі. Нарын Игілік деректі фильм «ЭКСПО – 2017» көрмесінің аясында миллиондаған шетелдіктердің назарына ұсынылса деп армандайды.


Әзірлеген – Жансая Төлеген

Дереккөз: «Казахстанская правда»

 



Ұқсас материалдар