Қандастар Ассамблея

Сүйінбайдың суреті

14.08.2015 8733
Солтүстік Қазақстан облыстық музейінен Сүйінбай Аронұлының ерекше суреті табылды

Солтүстік Қазақстан облыстық музейінен Сүйінбай Аронұлының ерекше суреті табылды

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте  Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

Міне, Жетісу ақындарының алтын діңгегі, ақын Жамбылдың піріне айналған Сүйінбай Аронұлының суреті «үш теңге» арқылы көпшілікке таныс болған еді. «Сүйінбай деп сөйлесек, сөз келеді бұрқырап» демекші, Сүйінбай дегенде оның суреттегі бейнесі көз алдымызға келеді. «Қатаған деген ақын ба, айтқанда сөздің анығын» деп қасқайып отырған сәті елестейді. Ал, ол суретті кім салғанын білесіз бе? Әрине, қазақтың тұлғаларын түгендеп, олардың бейнесін кенепке түсірген Ә.Қастеевтің еңбегі ерекше.

Абылай ханның бейнесін де майдангер ақын Мәжит Айтбаев салып берген. Бірақ, ол кәсіби қылқалам шебері болмаған. Ә.Қастеевтің салған суреттері түгелдей дерлік қолданысқа енді. Сүйінбай Аронұлының бейнесі де.

«Егемен Қазақстан» газеті «Сирек сурет республикалық Өнер музейінде емес, облыстық музейде тұр» деген мақаласында жазған.

Жамбылдың ұстазының суреті 1972 жылы салынған. ХІХ ғасырда Жетісу өңірінде өмір сүрген ақынның фотосуреті болмағандықтан кескін-келбетін оның ұрпақтарының айтуымен айнытпай келтірген. Ол туралы суретші 1972 жылдың 23 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сүйінбайдың суреті» атты мақаласында: «Алатаудай ақиық ақынның сурет бейнесін жасаумен шұғылданғаныма, міне, жылдан асты. Ақынның өмірі мен творчествосына қатысты деректердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сүйінбайдың фотопортреті жоқ. Сондықтан бұдан 80 жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұрын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы басқа анатомиялық кескіндері қандай еді деген сұрақтарға жеке-жеке анкеталық анықтамалар алдын ала берілді. Содан соң олардың барлығы біртұтас күйге келтірілді», - деп  шығармашылық лабораториясы жайлы ақпарат береді. Іздену кезінде немере қызы Үкіжан Сыпатаева мен аталасы Мырзабай Сатаевпен ақылдасқанын, ақынның бет-әлпеті, пішін-келбеті немере ұлы - Тоғызбай Малыбаевқа келетінін, оның да фотосуретін жан-жақты зерттегенін, өзге де туған-туыстарының кескін-келбетін назардан тыс қалдырмағанын, отбасылық ортақ белгілерін анықтағанын тілге тиек етеді. Қылқалам иесінің бастаған ісін қашан аяқтағанша жұмыс орнынан тұрмайтын әдеті болған. Соңғы нүктесі қойылып, бояуы кеппеген портретті ақынның туған-туыстарына көрсеткенде Үкіжан Сыпатаева: «Сүйінбайдың кескін-келбетіне дәл келеді. Мен осы бейнені Сүйінбай деп танимын», деп жылап жіберсе керек. 

Қазақ КСР Сурет­шілер одағы және көркемөнер көрмелері басшылығы «Сүйінбай» портретімен бірге бірнеше картиналарды Петропавл қаласына өткен ғасырдың 90-жылдары амалсыздан  жіберген. Қаржының жетіспеушілігінен осындай қадамға барып, жер-жерлерге таратқан.

Бұл суреттің тарихы мұнымен аяқталмайды. Тәуелсіздік салтанат құрғаннан кейін картинаның екінші тынысы ашылды десек, қателеспейміз. Көк байрағымыз желбіреп, Ұлттық валюта – теңгеміз айналымға шықты. 1993 жылы 15 қарашада айналымға шыққан теңгенің алғашқы нұсқасындағы 3 теңгеде Сүйінбайдың портреті бедерленген. Банкнот жасыл-сұр түсті. Оның оң жағында халық ақыны Сүйінбайдың портреті орналасқан. Бұл да болса, Ә.Қастеевтің қылқаламынан туған суреттің тарихи маңызын көрсетсе керек. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім.