Сәттіғұл Жанғабылұлы шығармашылығы хақында

18.09.2015 8133
Сәттіғұл Жанғабылұлы – ғасырға жуық ғұмыр кешкен, сан ғасырлық ақын-жазушылар мұрасын біздің заманымызға жеткізген жыр саңлағы, халық ақыны.

Сәттіғұл Жанғабылұлы – ғасырға жуық ғұмыр кешкен, сан ғасырлық ақын-жазушылар мұрасын біздің заманымызға жеткізген жыр саңлағы, халық ақыны.

Ақын 1876 жылы Маңғыстау ауданы Бозащы ауылында (қазіргі Тұщықұдық ауылы) дүниеге келіп, тоқсан жасында дүние салды. 1898 жылғы жұттан кейін Сәттіғұлдың үй-іші Хорезм аймағына барып, егіншілікпен айналысады. Көп ұзамай Маңғыстауға оралады. 15 – 16 жасынан айтысқа түсіп, ақын атанған. Сөйтіп, ақынның балалық шағы ауыр тұрмыста өтеді. Оның осы тұстағы өмір тарихының бір кезеңі өз шығармасында:

Көйлегі бүтін жайы бар

Болмапты ата – ар жағым.

... Бес атамнан бер қарай

Мал бітпеген сорлымын, - деген жолдармен беріледі.

Жоқтық, жарлылық тұралатқан татымсыз тағдырдың табасы аз болғандай, әкесі мен ағасы қатар дүние салып, екі үйлі жанды асырау міндеті жиырма жасар Сәттіғұлға қалады.

Сәттіғұл Абыл мен Нұрым, Қалнияз бен Қашаған ақындардың дәстүрін жалғастырды. 1898 және 1910 жылы жұт сұрапылы мен 1916 жылғы патша жарлығы кезіндегі бұқара халін толғайды.

Сәттіғұл Жанғабыловтың ақындық талантын табиғатын таныта түсетін көлемді шығармасы – патшалық езгіге қарсы халық күресін бейнелейтін «Досан батыр» дастаны. Жырда өзі туып өскен Маңғыстауда болған патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» қысымына қарсы шыққан халық көтерілісі баяндалады. Дастанның басты кейіпкері – елінің тәуелсіздігі үшін патша отаршылдарына қарсы қол бастап шыққан Досан батыр. Көтеріліс кезіндегі Досан ерлігін Ақтан, Қашаған, Қалнияз, Бала Ораз сияқты Атырау ақындары көп жырға қосқан. Бірақ арнайы дастан етіп жырлаған Сәттіғұл ақын. «Досан батыр» дастанының эпостық поэмалардан негізгі айырмашылығы – тарихи шындығы.

Ақын шығармашылығын кеңінен зерттеген филология ғылымдарының кандидаты Әлия Жеткізгенованың «Алтынын жырдан ақтарған» мақаласында Сәттіғұл Жанғабылұлы туралы мынадай қызықты дерек келтірілген: «Сәттіғұл мен Сүгірдің айтысында жұмбақталған нәрселер «Он төрт қабат жер мен көктің арасы немен ұсталып, тұр? Он сегіз мың ғаламда ең әуелі қосылып, некелескен кімдер еді? Бұл заманның уақыты қайымға дейін қанша? Қызыр, Ілияс пайғамбар неліктен өлмейді?» деп санамалап кете береді. Сүгір де жұмбаққа қарымы жеткен жерге дейін ислам дінінің мысалдарын негізге ала отырып жауап береді. Демек, Сәттіғұл Жанғабылов – өлке тарихын, ата тарихын жақсы білетін шежірешілігімен қоса ислам тарихының да білгірі».

Сәттіғұл жырлары баспасөз бетінде 1920 жылдан жарияланып келеді. Жазушылар одағы мүшелігіне (1937) қабылданған Сәттіғұл Алматы қаласында өткен көркемөнерпаздар байқауына (1937), Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу салтанатына (1939), Қазақстан жазушылары мен халық ақындарының 2-съезіне (1939), республикалық ақындар слетіне (1941), республика, облысы айтыстарға (1943), Абайға арналған мәжіліске (1954) қатысады.


Дария Жұмалиева

Ұқсас материалдар