Сәтбаевтың жібек жейдесі

22.06.2015 2420
Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын академик Қаныш Сәтбаевтың ер-тұрманы табылып, музейге қойылған еді. Енді, академиктің жібек жейдесі табылып отыр.

Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын академик Қаныш Сәтбаевтың ер-тұрманы табылып, музейге қойылған еді. Енді, академиктің жібек жейдесі табылып отыр. 

Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауылдағы мемориалдық мұражайы тағы бір жәдігермен толықты. Ғалым киген жібек жейдені қарағандылық Күлтай Баязитқызы мұражайға әкеліп тапсырды.

Жейде көгілдір жолақты жібек матадан молынан пішіліп, елуінші-алпысыншы жылдардағы үлгімен тік жағалы етіп тігілген. Піл сүйегінен жасалған түймелер қадалған. Бұл туралы жейдені тапсырған адам кеңінен баяндап берген. Ғалым алып денелі болған соң, жейденің де көлемі үлкен.

«Күлтай апамыз Қаныш Сәтбаев музейінің бірден-бір жанашыры, Сәтбаевтар әулетінің келіні. Тарқата айтатын болсақ, Сәтбай атадан тараған төрт ұлдың бірі Жәмін. Одан туған Әбсалам ағасы Имантай мен оның бәйбішесі Нұрымның қолында тәрбиеленеді. Күлтай осы Әбсалам Имантаевтың жиені Ғинаяттың зайыбы», дейді мұражай басшысы Үміт Сағынбекова.

Күлтайдың айтуынша, кезінде енесі Зайда апа жейдені көзінің қарашығындай сақтаған екен.

«Қаныш Имантайұлы апайтөс, ұзынбойлы сымбатты азамат болған. Сондықтан жейде көгілдір жолақты жібек матадан молынан пішіліп, елуінші-алпысыншы жылдардағы үлгімен тігілген тік жағалы екен. Піл сүйегінен жасалған тана-түйме қадалған» дейді Күлтай Баязитқызы.

Қаныш аға 1964 жылы 31 қаңтарда Москвада, Кремльдің ауруханасында қайтыс болды. 3 ақпан күні Алматыда жерленді. Сонда бірінші әйелі Шарипа Смағұлқызы дәстүр бойынша киімдерін таратқанда, ғалымның осы жейдесін Әбсаламның қызы Зайдаға берген екен. Зайда Қаныш Имантайұлынан 11 жас кіші. Ол үйде Қаныш ағаның күртешесі де бар көрінеді.

Мұражай қорында үш жарым мыңдай жәдігер бар. Оның мың жарымы Қаныш ағаның пайдаланған заттары, киімдері, фотосуреттері, мәліметтер, т.б. Алматыдағы Геология институтындағы Сәтбаев қорынан ғалымның домбырамен ән айтқан дауысы жазылған таспа да табылды, — дейді Үміт Сағынбекова.

1967 жылы Баянауылда Қ.И.Сәтбаев мемориалды мұражайы ашылған еді. Сол мұражайда академиктің біз естімеген бірнеше заттары бар.

Қ. Сәтпаев – геолог, Қазақстандағы пайдалы қазбалардың көптеген кен орындарын алғаш болып ашқан, ғалым, Қазақстан ғылымдар академиясының бірінші президенті.

Қаныш Сәтпаевтың Баянауылдағы мемориалдық мұражайы 1967 жылы ашылған, оның қорында атақты ғалымның өмірімен байланысты 3000-нан аса экспонат бар.


Әзірлеген: Досжан Мейірім. 

Ұқсас материалдар