Қандастар Ассамблея

Сұраншы батырдың серігі – қызыл жолбарысты Сарыбай би

04.11.2015 4754
Сұраншы батырдың серігі – қызыл жолбарысты Сарыбай би

Сарыбай би (Сарыбай Айдосұлы) – Сұраншының үзеңгілес серігі, аса жақсы көретін інісі, қол бастаған батырларының бірі. Оны бүкіл еліне сөзін өткізер көсем деп, дауға салар шешенім деп ғұмыр бойы қасынан тастамаған.

Екеуі тізе қосып, атақты Қарқараның жәрмеңкесіне келгенде, Алатаудың күнгей-теріскейіндегі  қырғыз-қазақ, арғы жақтағы қалмақ, қытай, ылдидан дұңған, ұйғырлар бүкіл Жібек жолы бойындағы саудагерлер, қалың жұрт түгел өре түрегеліп, қастерлеп, иіле сәлемдесіп, игі жақсылар қақ төрден орын ұсынады екен.

«Батыр-аңқау, ер-күдік». Сұраншы аңғалдығынан жаудың алдағанына сеніп, байқаусызда қолға түседі. Сонда Сайрам қаласындағы биік қамалдың ішінде қасындағы төрт-бес нөкерімен соғысып жатқан Сұраншы Сарыбайға ақырыпты дейді:

«Мыналар бізді құтқармас, елді басқаратын сен аман бол, Қарасай баба әруағы сені қолдасын!» –деп биік қамалдан Сарыбайды көтеріп алып, сыртқа лақтырып жіберіпті. Сонда Сарыекем жамбасы сынғанына да қарамай, бүкіл қолын жинап келгенше, қоқандықтар Сұраншыны қасындағы сарбаздарымен түгел қырып тастапты.

Сұраншының өліміне Сарыбай қатты қиналады. Бүкіл сарбаздарымен Сайрам-Тәшкенттің қан базарына ат ойнатып, қоқандықтарды быт-шыт қылады. Сұраншының сүйегін еліне, Алатауға алып қайтуға қаралы көш ұйымдастырылады. Сонда жол-жөнекей қоңырат, дулаттың атақты адамдары:

– Жолбарыс та ит қой, тегіне тартпас деймісің. Қызылға айналып біздің елде қалар, қан жоса қып мал сойып тастаңдар, - деп төрт түлік мал сойып, Сарыекеңнің қаралы көшін қарсы алады.

– Біз батырларымыздан айырылған қаралы көшпіз, қонақ болып дәм татар уақытымыз жоқ. Сұраншы батырды жерге бермейінше ат үстінен түспейміз, - деп Сарекең ешкімге пейілін бермей, бөрілі байрағына жылқының құйрығын байлап, Сұраншының Ақтұяқ тұлпарын жал-құйрығын күзеп, ер-тоқымын теріс ерттеп, суыт аттанып кете беріпті. Елсіз жерге келгенде ғана аялдап, өздерімен бірге алып шыққан малды сойыс жасап, сонымен ғана тамақтаныпты. Тоқтамай, күн-түн демей еліне келіпті.

Киелі қызыл жолбарыс содан Сарыбай биге ауысып, Қыдыр босағасына келісімен-ақ Сарыекеңнің абырой-даңқы аспандап жүріп беріпті. Шапыраштының бас биі болып сайланыпты. Оң жақ тізесіне бүкіл қазаққа аты шыққан ақындары, сол жақ тізесіне дуылғалы батырлары отырған Жетісу елінің қадірлі сөз ұстары атаныпты.

Сарыбай би қайтыс боларда Жамбылды шақырып алып, ақ батасын беріп былай деген екен: «Айналайын, Жамбылжан, жасыңда есті тентек едің, ел таныған ақиық ақын болдың, маған өте жақын болдың. Жас кезіңде ел тірлігі бұзылмасын, жаңа ұйыған ел ірімесін деп, Бұрым сұлуыңды алып қашып келгенде, ашығыңнан айырып, саған қиянат жасап едім. Сонда да сыртқа кетпедің, ақ батамды саған бердім. Тек, әттең, басыңа бақ кештеу қонады екен», – деген екен би.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар