Сұлтанмахмұт музейі

12.08.2015 11315
Мұражайда 340-тан астам экспонат бар. Жыл сайын 1 мыңға жуық келушілер музейді тамашалайды.

Жақында тамылжыған табиғатымен танымал, қойнауы қазынаға бай, қасиет қонған киелі мекен – Баянауыл баурайына жолымыз түсті. Етегін жасыл желек жауып, балбал тастары қаз-қатар тізіліп жатқан қасиетті Баян жерінде қазағымның  талай танымал тұлғалары өмірге келді. Небәрі 27 жыл ғана өмір сүрсе де, артына өшпес мұра қалдырып кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да балдырғандай балалық шағы Баянаулдың төсіндегі зәулім жаратылыстың бауырында өтті. Ақынның тырнақалды өлеңдері де біз сөз етіп  отырған қастерлі мекенде дүниеге келді. Сапармыздың алғашқы кезеңін Баянауыл ауданына 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан, іргесінде көлі мөлдіреп, тауының етегінде бұлағы сылдырлап жатқан Торайғыр ауылындағы ақынның мемориалды музейінен  бастағанды жөн көрдік.    

Ғимаратқа кіргенімізде бізді Сұлтанмахмұт музейінің меңгерушісі Нағима Серікбаева мен экскурсовод Жанар Аубакирова апайларымыз қарсы алды. Мұражай қызметкерлері берген дерекке сүйенсек, С.Торайғыров мұражайы 1965 жылдан бастап жасақталған екен. Алғашқыда орта мектептің ішінде, соңынан мектептің жанындағы интернатта, кейін совхоз кеңсесіне орналасыпты. Шағын музей  1970 жылдан 1992 жылға дейін совхоздың мәдениет үйінде болыпты. 1993 жылы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай өткен мерейтой қарсаңында  жаңадан музей ғимараты салыныпты.

 

Музейдің ішінде ақынға арналған стендтер орналасқан олар: ақынның балалық шағы, туған ауылында, ақынның әдебиет әлеміне беттеген алғашқы қадамы, Баянауылда оқуда болған кезеңі, Тройцк қаласындағы білім алған мекені.

Мұражай меңгерушісі Нағима Серікбаеваның айтуынша, музейде Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыздың еңбектерінен басқа тікелей өміріне қатысты құнды жәдігерлер сақталмапты. 27 жыл ғана өмір сүрген ақынның жеке заттарын сақтап қалу мүмкін болмаса керек. Дегенмен де мұражай сөрелеріне ХХ ғасырдағы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінен, тіршілігінен хабар беретін көптеген құнды жәдігерлер қойылыпты.

 

Бұл жәдігерлерді музей мамандары өз заманында Сұлтанмахмұттың көзін көрген абыз қариялар мен ауылдастарынан жинаған екен. 1993 жылы ақынның 100 жылдығы республика көлемінде тойланғанда бірқатар экпонаттарды әр өңірден келген меймандар мұражайға сыйға тартыпты. Сондай-ақ мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын зерттеген ғалымдардың еңбегі мен ақынның өз қолтаңбасынан туған бай мұрасы  сақтаулы.  Бүгінде мұражайда 340-тан астам экспонат бар. Жыл сайын 1 мыңға жуық келушілер мұражайды тамашалайды.

 

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаяны  

Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған. Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді.

Сұлтанмахмұттың аталары – Торайғыр, Шоң деген кісілер қазақ даласына аттары кеңінен таныс, атақты би, батырлар болған. Шоң би есімі Қалмұқан Исабаевтың осы аттас романынан белгілі. Ал Торайғыр – елін сыртқы, ішкі жаудан қорғаған, белгілі батыр әрі би. Баян тауының бауырында Торайғыр есімімен аталған үлкен көл бар. Ақынның өз әкесі Әбубәкір момын, кедей адам болған. Шаруасы күйсіз, үнемі малшы киімінде жүретін оны замандастары Шоқпыт атандырған. Күнкөріс қамымен Шоқпыт сол кездегі Омбы уезінің Шағрай болысына қарасты Қарауыл Шабар  ауылында  (Кейін Көкшетау облысының Қызылту ауданына қараған) бай жездесі – Шабар баласы Қанапияны паналап, соның малын баққан. Сол жақта үйленген. Жездесі сүйек жаңғыртпақ болып Шаншарұлы Жабайдың Зуфнүн деген қызын әпереді. 

Шоқпыт кедей болғанмен, жаны жомарт, кайратты, ескіше сауаты бар адам болған. Ол Сұлтанмахмұтты үйде оқытып, алғашқы сауатын ашады да, ауыл молдасына береді. Болашақ ақын Әлі, Тортай, Мұқан деген молдалардан сабақ салады.

Сұлтанмахмұт бұл молдалардың ішінен ақындық жолға батасын берген деп, Мұқан молданы ерекше атайды. Мұқан өзі де өлеңге үйір, ескі шығыс сюжеттерін өлең етіп жазатын, біреуді мақтап, біреуді мазақ етіп жанынан шығаратыны бар адам болған. Ол шәкірттерін өлеңге қызықтырып, халық ауыз әдебиетімен, араб, парсы үлгілерімен таныстырып отырған. Жоғарғы өленді де ақын 1907 жылы «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деген атпен Мұқан ықпалымен жазғанға ұқсайды.

1908 жылы Баянауылда Әбдірахман деген молда медресе ашып, Сұлтанмахмұг соған оқуға барады. Онда екі жылдай оқыған болашақ ақын оқуын бітірмей кетіп қалуға мәжбүр болады. Өз үйінде жатып оқыған баланы молда малай орнына жұмсайды, оның үстіне қатал ұстап, әр түрлі сылтаулармен ұрып-соғатын болады. Молданың надандығын, қаталдығын айтып, Сұлтанмахмұт сықақ өлендер шығарады. Молда баланы одан әрі жазалап, өлең жазуына тыйым салады. Жасынан әр түрлі молда алдын көріп, олардан жарытымды білім ала алмаған Сұлтанмахмұттың дін мен молда жайлы көзқарасы осы кезден қалыптаса бастағанға ұқсайды. Ол молдалардың надандығын, ескі діни мектептің балаға ешнәрсе үйрете алмайтын схоластикасы мен қатал тәртібін алғашқы өлеңдерінің өзінде-ақ («Орнымыз медресе оқып жатқан», «Дін», «Соқыр сопы», т.б.) қатты сынға алады.

1911 жылы Сұлтанмахмұт бір қыс бойы Нұрғали деген мұғалімнен сабақ алады. Ол жаңаша окыған адам екен, оқушыларын пән негіздерімен таныстырып, олардың білімге деген ынтасын ұштайды. Нұрғалидың көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шығатын көркем әдебиет кітаптары мен газет, журналдарды оқуға дағдыланады. Болашақ ақын одан әрі оқуды армандайды.

Осы мақсатпен Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барады. Онда Ахун Рахманқұли деген татардың медресесіне түседі. Бірақ Сұлтанмахмұт мұнда да ұзақ оқи алмайды. Тұрарға үй таппай, әрі қаражаты болмай көп қиыншылық көрген ол өкпе ауруына шалдығады. Медреседе қыс бойы ғана оқып, жазғытұрым Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы - бала оқыта жүріп, денсаулығын көтеріп, қаражат жинап алып, қайта оқу іздеу болады. Мектептен бос кезінде ол өзі ізденіп оқиды, өлеңдер жазады.

Күзге қарай Троицкіге қайта оралған Сұлтанмахмұт тағы да оқудың ретін келтіре алмай, сонда шығатын «Айқап» журналына жауапты хатшы болып қызметке кіреді. Қыс бойы журнал редакциясында белсенді жұмыс жасаған ол 1914 жылдың көктемінде жұмыстан шығады. «Айқап» хатшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров хатшылықтан шықты.

Қатонқарағайда бірер жылдай істеген Сұлтанмахмұт кейін Зайсанға ауысады. Оған Әбдікәрімнің Бағила деген қызына ғашық болуы, мұғалімнің ниетін білген болыстың қызын тездетіп, айттырған жеріне ұзатып жіберуі себеп болады. Сұлтанмахмұт осы тақырыпқа жаңа шығарма жаза бастайды да, «Әжібай болыс» («Кім жазықты?») атты өлеңмен жазылған романын Зайсанда аяқтайды. Оны «Қазақ» газеті жариялаған (Есенғұл Мамановтың қаржысы) роман бәйгесіне жібереді. Бірақ қолжазба жоғалып кетеді. Қазіргі қолда бар нұсқа - ақынның өзінде қалған, толық емес қолжазбасы.

Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарынын қазақ ішінде болмауы иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар жазады. «Сарыарқа» газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917, 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұг денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. Бірақ мендеген ауру бой бермейді. 1920 жылы 21 мамыр күні ұзаққа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.

Ақынның шығармашылық мұрасы

Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

 

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады. Сұлтанмахмұттың өз заманының өзекті мәселелеріне арналған поэмалары: «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс», «Таныстыру».

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.


 Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас материалдар