Қандастар Ассамблея

Сұлтанабад

27.08.2014 1860
Сұлтанабад

Елдіктің рухани қуатын өмір тəжірибелерінде жанымен ұққан қазақтар өздеріне, өз тіршіліктеріне сеніммен қарай бастады. Келген жылдардың мүсəпірлік халін, Бигари қорлығын, кемсіту ызасын ұмытып, тұрақты тұрақ іздеп, шашылғандар топтаса бастады. Өздері бас қосып, ауыл болып отыруға талпынды. Соның нəтижесінде Бəндер Түрікменнің бір шетінде шоғырланған қазақ шаңырақтары пайда болды. Бір тобы Горган маңайына көшті. Менің атам да осы топтың серкесі еді. Атамның жағдайы тəуір болғандықтан, əкем Ақмұратты ел ес жия бастаған шақта, тұңғыш қазақ мешітін Бəндер Түрікмен қаласының оңтүстік қазақ ауылында тұрғызған ахунд Самарқанд Бəлидің қызы Зылиқа анаммен үйлендірді.

Екінші дүниежүзілік соғысы бодан елдері үшін тауқымет, қасірет пен өкінішті сəттерімен парақталса, əлемнің жаңа отаршы ұлы державалары – Америка мен Кеңес Одағының айқын жеңісімен аяқталды. Европада жаңа күштер, жаңа бөлістер. Ал, иран елі Батыстың саясатына бағынып та, еліктеп те жаңа реформаларды, қоғамдық қайшылықтарға қарамастан, бірінен-соң бірін жүзеге асырып жатты. Мемлекеттік қызмет орынына ері де, əйелі де европаша киініп бару міндеттемесі, арақхана мен шарапхана, құмархана мен бикешхана, түнгі би клуб- тары мен мейрамханалар бірінен соң бірі ашылып жатты. Тегеран қаласы «Лалезар» көшесінің бойындағы думан-сауық орындары маңдайшасында таң сəріге дейін жалт- жұлт еткен түрлі-түсті шамдарымен Таяу Шығыс Азияның сұлу аруы атанды. Сонымен қоса экономикалық реформалар да жүзеге асып жатты. Соның бір – қазақтар арасынан атам да қатысып, егістік жерге қол жеткізген мемлекеттік егіншілікті дамыту бағдарламасы болатын. Рақбай атам он шақты гектар егістік нулы да сулы жерлерді Жилин, Əрəкшал жəне Сұлтанабад ауылдарының төңірегінен иеленді. Ол егістіктерде мақта, арпа-бидай, күнбағар, қауын-қарбыз егіліп келді. Атаның еңбек мұрасы əкем сосын біздің ырысымызға айналды. Жилин аулынан Мəшті Рəсул мен Мəшті Əли бала-шағаларымен отбасылық достарымыз болды. Сұлтанабад ауылынан Мəшті Садық пен жұбайы Зейнеп, балалары Асан мен Үсен, қыздары бізбен қимас дос болғаны соншалық, біздер сəбилік шағымыздың талай қызығын солармен өткіздік. Қазірге дейін сол балалық пəк достығымызды ұмыта қойған жоқпыз. Сұлтанабад ақсақалдарымен де қашанда жақсы сыйласып тұрдық. Сұлтанабад парсылардың Түрікмен сахара шекарасымен шектесіп жатқан соңғы ауыл болатын. Горган қаласының он төрт шақырым солтүстік шығысында орналасқан ауыл мейірбан, бауырмал тұрғындарымен мəңгіге менің жадымда адамдық өнегесін қалдырды. Менің адам сүйіп, еркін ойлай алуыма да олардың мені көңіл шуағына бөлеп жүргендері əсер еткеніне сенімдімін. Шы- нында Сұлтанабад ауылында оқшау тұрған қазақ отбасында дүниеге келсем де ауыл тұрғындарының көздеріндегі мейір сəулесі, жылы алақаны, мəпелеген лебіздері менің дүниетанымымда ерекше жылылықпен бекіді. Олардың ақниеті, кіршіксіз мейірінің бақ болғаны соншалық, өмірдегі қиындық сəттеріме де жарығын құйып тұрды.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар