Қандастар Ассамблея

Сәлемдесу жырлары

16.09.2015 25255
Дидарласу-сәлемдесу жырлары халық арасында кеңінен таралған жыр түрі.

Дидарласу-сәлемдесу жырлары халық арасында кеңінен таралған жыр түрі. Сөз атасы – сәлем, демекші, ертеректе көптен жүздеспеген ақындар бір-бірімен кездескен сәтте өлеңмен сәлем берген. Бұған қоса, ел құрметтеген азаматқа сәлем бере жырлайтын арнау өлеңдер болады.

Оған филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов: «Дидарласу-сәлемдесу жырлары» атты мақаласында мынадай мысалдар келтірген.

Сүйінбайдың кездесуінде Бақтыбай ақынға былай деп құрметін білдірген:

Төседім өлеңменен төсенішті.

Бұ жаққа қадам басып келгеніңе.

Өлеңнің ұлы дария мұхитысың,

Жел сөзге кім пар келер желгеніңе.

Сүйінбайдың сөзінде де ақындық тұлға келбетін саралап , даралап айтуға кең мән беріледі:

Сол ақынды ақын дер,

Сол ақынды мақұл дер.

Жарасса сөзі елінің

Керегіне еліне.

Тастүлек құс шаңқылдар,

Қарға байғұс қаңқылдар.

Дидарласу-сәлемдесу өлеңдері – қазақтың ұлттық дүниетаным өрісіндегі туысқандық байланыстарды негізге ала жырлануымен ерекшеленетін де шығармалар. Мысалы, қазақтың белгілі қиссашыл ақыны Жүсіпбек Шайхысламовтың «Бақтыбай мен Жүсіпбек» атты дидарласу шығармасы – нағашы жұрты Бақтыбай Жолбарысұлының аулына сәлем бере, әрі жиендік жоралғымен еркелей тілек арнаумен ерекшеленетін өлеңі:

Қорықпай, ақын аға, сәлемімді ал,

«Бұл бізден, қырық шұбар тай аласы» деп,

Мен Сіздің сыртыңыздан естіп едім,

«Ішінде ақынардың сарасы» деп.

Жиенмін, бөтен жанға санамаңыз,

«Өлеңмен тиісуін қарашы!» деп,

Көрмекке жүзіңізді құмар едім,

Есітгем «Көп ақынның ағасы» деп.

Дидарласу-сәлемдесу өлеңі – қазақтың ата-бабалық тәлім-тәрбиелік дәстүрлерінің поэзия тіліндегі нұсқасы. Кейбір дидарласу өлеңдері жасы кіші ақынға үлкеннің бата беруімен аяқталады. Дидарласу-сәлемдесу жыры – кездесуші ақындардың өнерпаздық жолдарына берілетін бағалау. Кездесуші ағалардың бір-біріне берген бағалау өлеңдері арқылы қазақ жеріндегі өнерпаздық дәстүр табиғаты да аңғарылады. Мысалы, Шашубай мен Кененнің дидарласу өлеңінде біреуі Сарыарқа, біреуі Жетісу дәстүрлі әншілік, ақындық мектебінің өкілдері екендігі сипатталады.

Ақын дидарласу-сәлемдесу жырының идеялық-композициялық құрылысында ел тарихындағы елеулі тұлғалардың халқы таныған өнегелерін бейнелі сөз өрнектерімен сипаттайды. Мысалы Құлмамбет ақынның Шабдан батырға айтқаны – идеялық-композициялық құрылысынан ұлттық-эстетикалық тәлім-тәрбиелік маңыздылығы айқын шығарма. Бұл – қазақ пен қырғыз халықтарының туысқандық байланыстарының беріктігін таныта түсетін шығарма.

Ақындық баға – халық көңілінің үні. Құлмамбеттің қырғыз манабы Шабдан дидарласу сәтіндегі сөзі – сол кезеңңің тарихи шындығы.

О, батыр, бәрекелді, хан екенсің,

Алалың асып туған жан екенсің.

Аузыңда әділетің болғаннан соң,

Ақ қалпақты қырғызға нақ екенсің.

О, батыр, үмітім бар хандығыңнан,

Ай тұяқ, жамбы үзілмес сандығыңнан,

Шынымен қаһарланып атқа мінсең,

Құтылмас күллі қырғыз жарлығыңнан.

О, батыр, төрт ұл туған Қарабектен,

Төрт құбыла бәрінің қолы жеткен.

Шиеленген алдыңызда шешіледі,

Жылам келген бейшара, күліп кеткен.

Дидарласу-сәлемдесу жырлары – ақындардың қоршаған ортамен психологиялық байланыстарын көркемдік-эстетикалық таныммен қабылдаудың және бағалаудың көрінісі.


Дария Жұмалиева