Қандастар Ассамблея

Сәбиді қаншалықты жиі тамақтандырған дұрыс?

22.10.2015 6769
Сәби күтімі

Дәрігер мамандар жас аналар үшін келесідей талаптарды ескерген жөн екенін айтады:

1. Баланы емізу алдында анасы емшегін тазалап сабынмен жуып, таза матамен сүртеді;

2. Алдымен бірнеше тамшы сүтті сығып сауып тастау керек, сонда емшек үрпісіне тұрып қалған бактериялар шайылып кетеді;

3. Сәбиді емізерде анасы дұрыс жайғасып отырғаны жөн. Емізуге ыңғайлы болуы үшін бала емізіп отырған жағындағы аяғын кішкене орындыққа қояды.

4. Сәби емген кездеернімен емшектің үрпісімен қатар айналасындағы терісін де қамтуы керек. Дем алуына кедергі болмауы үшін мұрнының ашық болуын қадағалайды;

5. Баланы емізу мерзімі 15-20 минуттан аспайды. Егерде емізгеннен кейін сүт бездерінде сүт қалса, оны таза ыдысқа сауып сақтап қоюға болады;

6. Баланы емізіп болғаннан кейін емшекті таза сүлгімен сүртіп, құрғатып, дәкемен жауып қою керек;

7. Емізу кезінде сәби ана сүтін тек өзіне керекті мөлшерде ғана қабылдауы тиіс. Сондықтан анда-санда сүт мөлшерін анықтап, бақылау жүргізген жөн. Ол үшін сәбиді алдымен жөргекпен құндақтап, салмағын өлшеп алады. Емізіп болғаннан соң сол күйінде қайтадан таразыға салып өлшеу керек. Салмақ айырмасы қабылданған ана сүтінің мөлшеріне тең.

Бес айдан бастап, емшек сүті жеткілікті болғанымен сәбилердің ағза мұқтажын толық өтей алмайды. Осы уақыттан бастап баланы жаңа тағамдарға үйрету қажет. Өйткені, тек қана емшек сүтін емген сәбидің тәнінде темір тұзы, хлор, фосфор элементтері, ферменттердің құрамы азаяды.

Қосымша тамақтандыру ережесі:

- қосымша тамақты емізердің алдында беру керек;

- оны аз-аздан берген және бір түрінен бастаған дұрыс, бір айдан соң қосымша тамақтың басқа түріне, алдыңғысына үйренгеннен кейін ауысқан жөн;

- тамақты сәби қиналмай жұтатындай болуы керек;

- баланы қасықтан ішкізіп үйреткен де пайдалы (шайнап үйрену үшін).

Қосымша тамақтарға жеміс пюресі, ботқа, ет сорпасы, ет тағамдары жатады. Бала ана сүтіне жарымаған және қосымша тамақ беруге жасы жетпеген жағдайда аралас тамақтануға көшкен дұрыс. Тамақ мөлшерін жасанды қосындылармен толтыру керек.

Жасанды тамақтандырғанда:

1. Тамақты балаға шамадан тыс артық немесе кем беруге болмайды;

2. Тамақтың мөлшері мен калориялық құрамы жеткілікті болуға тиіс;

3. Тамақтандырудың жиілігі мен мөлшері оныңтүріне байланысты өзгермейді;

4. Сүт қоспасының басқа түріне ауысу үшін бала дәрігерлерімен кеңескен дұрыс;

5. Баланы ұйықтап немесе жылап жатқан кезде тамақтандыруға болмайды;

6. Сүт қоспасын 37-40 С-қа дейін жылытып беру керек;

7. Тамақтандыру кезінде баланың ішіне ауа кетіп қалмауы үшін ыдыстың түп жағын жоғарылау ұстаған жөн;

8. Тамақ беріп болғаннан соң ішке кеткен ауаның шығып кетуі үшін баланы қолға алып тіке көтеру керек;

9. Тамақтандыратын емізіктен сүт тек тамшылап ағатындай болуы шарт. Оны таза ыдыста құрғақ күйінде сақтайды.

Тамақтандыру кезінде емген сүттің мөлшерін шөлмектегі арнайы көрсеткіш сызықтар арқылы біледі. Емген сүттің түрін, мөлшерін баланың даму тарихына түсіріп отырған жөн.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

Ұқсас материалдар