Қандастар Ассамблея

Руслан ЖАҒЫПАР: «Үш тұғырлы тіл» оқу бағдарламасы тиімді екенін байқадық»

25.04.2016 3193
Оқушы пікірі

Жағыпар Руслан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «С» сынып оқушысы. «Алтын белгі үміткері»

— Үш тілді білудің қандай артықшылығын байқадың?

— Үш тілді білудің артықшылықтары Назарбаев мектебіне түскеннен бастап көріне бастады. Мысалы,  «Science summer camp» бағдарламасы аясында мен өз мектебімді Малайзия, Куала-Лумпур қалаларында таныстырдым. Өз елімнің ең белді оқу орынының атынан шет елге бару — мен үшін үлкен мәртебе деп қабылдадым. Элективті курстар барысындағы оқытулар тек ағылшын тілінде өткізілгендіктен, мектеп қабырғасында ұйымдастырылып жатқан үш тұғырлы тіл оқу бағдарламасы тиімді екенін байқадық.

— Пәндерді ағылшынша үйрену қиынға соққан жоқ па?

— Тілдердің арасында ағылшын тілі үйренуге жеңіл, әрі қолданыс салалары өте көп. Ал біздің мектепте негізгі пәндермен қатар тілдерге де ерекше көңіл бөлінгендіктен бізге ағылшын тілін меңгеру қиынға түскені жоқ. Мысалы, мектепке арнайы шақыртылған шетел мұғалімдері біздер үшін ағылшын тілінде сөйлейтін орта қалыптастырды. Осының арқасында ағылшын тілін бірнеше жылдың ішінде меңгеріп алдық.

— Жаңа бағдарламаға сәйкес барлық мектептерде 10-11 сыныптарда информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту жүзеге аспақ? Осы жаңашылдыққа қандай пікір айтар едің?

— Менің ойымша, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өту жаңа мағлұматтарға жол аша алады. Әлемдегі кітаптар мен оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінде шығатындықтан көп мәліметтер біздің назарымыздан тыс қалуда. Кез-келген шығарманы, мейлі ол ғылыми немесе әдеби кітап болсын, түпнұсқадан оқығанға жетпейді. Сол себепті жастар басты пәндерді ағылшын тілінде оқыса, олар заман көшімен бірге жүре алады деп есептеймін. Әрине, барлығы бірден ағылшынша сөйлеп кетеді дегенге сену қиын. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл жүйеге көшуге тура келеді. 

— Сенің ойыңша білім саласындағы бұл өзгерістер қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

— Ең алдымен, бұл Қазақстанның білім көрсеткішін әлемдік деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Шет елде білім алуды көздеп отырған түлектеріміз үшін, үш тілді жетік меңгеру көптеген жеңілдіктер алып келеді. Мысалы, мен Гонконг қаласындағы жоғарғы оқу орнына құжаттар тапсыру барасында ағылшын тілін жетік білу басты талаптардың бірі болатын. Осы шарттарға сай келгендіктен, қазіргі таңда мен шетелге оқуға аттанбақпын. Егер үш тілді терең меңгеру өзге орта мектептерінде де қолға алынса, болашақта Қазақстандағы білімді әрі білікті мамандар мен кәсіпкерлер санының өсуіне оң әсерін тигізеді деген ойдамын. 


Рүстем ӘЛПИ 

Ұқсас материалдар