Қандастар Ассамблея

Руслан БАҚЫТЖАН: "Сынға түсіністікпен қараймын!"

30.06.2014 3054
Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз.

Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз. Өйткені, қазір футболдан Әлем чемпионатының ең қызған шағы. Көрермен қазақ комментаторларының әр сөзін бағып, сынын да, құрметін де жеткізіп жатыр. Осыған байланысты бүгінгі қазақ комментаторларының аз-маз пікірлерін білуді жөн санадық. Бүгінгі қонақ – «ҚазСпорт» арнасының комментаторы Руслан Бақытжан.

Сұрақтар:

1. Қазір отандық спорт комментаторларына көңілі толмайтындар жетерлік. Айтылып жатқан сын шаш етектен, осыған не дер едіңіз?

2. Өзіңізді кәсіби спорт комментаторымын деп есептейсіз бе?

3. Футболдан алғаш Әлем чемпионатын жарыстың басы қасында жүріп жүргізу қаншалықты артықшылық, қаншалықты жетістік?

4. Бізге комментаторларды даярлайтын мектеп керек пе?

5. Ресей комментаторларынан кімді үлгі тұтасыз?

6. Салалық спорт түріне қарай бейімделуге қалай қарайсыз? Бізді құртатын осы «әмбебаптық» емес пе?

Жауаптар:

1. Бүгінгі таңда елімізде спорт көрермендерінің саны көбейді және олардың талғамы биік. Сонымен қатар комментатордың жұмысына көңілі толмайтындар өте көп. Сынға позитивті қараймын. 

2. Өзімді кәсіби комментатор деп есептемеймін. Әлі де болса үйренетін дүниелер өте көп. Ешкім комментатор болып тумайды. Бірақ үздіксіз дайындық барысында белгілі бір дәрежеге қол жеткізуге болады.

3. Бразилиядағы Әлем Чемпионаты мен тамашалап жүрген алғашқы мундиаль емес әрине. Бірақ комментаторлық қызметте жүріп тамашалауым бірінші рет. Артықшылығы жайлы айтар болсам, көрерменнің бәрі бірдей төрт жылда бір келетін байрақты бәсвекенің барлық ойындарын бірдей тамашалай алмайды. Өйткені барлығында күйбең тіршілік. Оның үстіне Оңтүстік Америкада өтіп жатқандықтан, уақыт айырмасы жағынан матчтарды көруде қиындықтар туғызады. Ал мен үшін бәрі де ыңғайлы. Өйткені футболды көріп қана қоймай, теледидар алдында телміріп отырған көпшілік қауымға жүргізіп, жеткізіп отырам. Жанкүйерлер комментатордың көзімен футбол тамашалайды. Сол ретте бұл жұмысқа максимум дайындықпен келу керек. Жаһан біріншілігін жүргізу мен үшін үлкен жетістік!

4. Комментаторларды даярлайтын мектеп қажет әрине. Кем дегенде елімізде екі университеттің журналистика факультетінде комментаторлық қызметке дайындайтын үйірме ашылса және ардагер комментатор ағаларымыз жастарға мастер класс көрсетсе жақсы болар еді.

5. Ресейде футболшыдан комментатор көп шығар, сірә. Ол жақта спорт арналары да көп, комментаторлары да жетерлік. Уткиннің жұмысын көп көрермен сынап жатады. Бірақ тыңдайды. Негізі ұнайтындары -  Черданцев пен Уткин.

6. Көтеріп отырған дүниені құптаймын. Комментатор әмбебеп болған жақсы. Бірақ жекелеген спорт түрін ғана жүргізген керемет болар еді. Бір спорт түрін жүргізіп жүре берсе, аталмыш спортты толықтай меңгеріп алар еді. Мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде бар дүние. Болашақта әр спорттың өзінің жеке-дара комментаторлары болады деп сенемін.   

Ұқсас материалдар