Қандастар Ассамблея

Роза РЫМБАЕВА: "Тұрмыс құру ойымда жоқ"

31.07.2014 2865
Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның Халық әртісi, әншi:

Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның Халық әртісi, әншi:

«АҚШ-ТЫҢ АЗАМАТЫ СУРЕТIМДI САЛЫП, ТАРТУ ЕТПЕК»

Сiзбен жүзбе-жүз кездесiп, емiн-еркiн сөйлескендi жұрт өзiне мəртебе көредi. Бiреулер танымалдыққа ұмтылады, бiреулер танымалдықтан шаршайды. «Жүрегiн» ала жүгiретiндер тағы бар дегендей...

– Иə, ондай жағдайлар жиi болып тұрады. Басқасын айтпағанда, күнi кеше ғана АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгi маған бiр хат тапсырды. Ол елдiң азаматы елшiлiктен менiң суретiмдi салып жiберуiн өтiнiптi. Сондағы мақсаты – майлы бояумен портретiмдi салып, маған тарту етпек екен.

Ал орынсыз мазаңызды алатын «табынушылары-ңыздың» iс-əрекетiн қалай қабылдайсыз?

– Оларға еш ренiшiм жоқ. Қалыпты жағдай ретiнде қабыл-даймын.

Кеше ғана Мəскеуге, Киевке гастрольге барып келдi-ңiз. Олар Сiзге сын көзбен қараған шығар, Сiз не түйiп қайттыңыз?

– Мəскеуде «Əйелдер қаласы» атты 8-наурыз халықаралық əйелдер күнiне арналған концертке қатыстым. Ол қаладағы қазақстандық көрермендерiммен қауыштым. Ал Киев қаласында «ХХ ғасырдың есiмдерi» атты концерт болды. Оған алыс-жақын шетелдерден əншiлер қатысып, сол ХХ ғасырда айтылған тама-ша əндердi қайта жаңғыртып, көрермендердiң көңiлiн «босат-ты». Бұл концертте өзiмдi көрермен алдында сынақ тапсырған-дай əсерде болдым. Бүгiнгi деңгейiмдi көрсеттiм. Өзiмдi өзгелер-мен салыстырып əрi Қазақстанның атын шығарып қайттым.

Сол сапарда жүргенде үйде қалған балаларыңызды ойлап, алаңдаған да боларсыз? Оларды кiмге сенiп тастап кетесiз?

– Үлкен ұлым Əли қазiр əкесi Тасқын секiлдi музыкаға жақын. Қазiр фортепьянода классикалық шығармаларды орындап жүр. Əрi дирижерлiк қабiлетi де бар. Мен кеше Мəскеуде жүргенде ол Мемлекеттiк симфониялық оркестрмен Моцарттың екiншi концертiн орындап, өз өнерiн көрсеттi. Өкiнiшке қарай, мен көре алмай қалдым. Ал кiшi ұлым Мəди əлi кiшкентай. Бiрақ ағасы-на ұқсап музыкамен, спортпен айналысқысы келедi.

«ҚОНАЕВ БЕРГЕН ҮШ БӨЛМЕЛI ПƏТЕРДЕ ТҰРАМЫН»

 

Жеке көлiгiңiз, жүргiзушiңiз бар. Рөлге өзiңiз отыруға қалай қарайсыз?

– Жеке көлiгiмнiң бары рас. Бiрақ ол – тек менiкi емес, Рымбаевтар əулетiнiң көлiгi. Ал жүргiзуге келсек, менiң оны үйренуге уақытым жоқ.

Отбасыңызда үй қызметшiсiн ұстайсыз ба?

– Жоқ. Димаш (Дiнмұхаммед Қонаевты айтады) ағамыз берген үш бөлмелi пəтерде тұрамыз. Шетелдегi əрiптестерiмдi қонаққа шақыруға ұяламын. Ата-анасынан ерте жетiм қалған Тасқынның ағасының екi қызын қолыма алғанмын. Екеуi де студент. Бос уақыттарында олар балаларға қарап, ас əзiрлеп, кiр жуып, əйтеуiр маған қолғабыстарын тигiзедi. Елден ата-анам-ды, бауырларымды көшiрiп əкелгенмiн. Олар да маған көмек-тесiп тұрады. Мен де шама-шарқымша оларға қарайласып қоямын.

– «Өнер адамдарының жанашыры, желеп-жебеушiсi көп болады» деушi едi. Сiздi де «алақаныма салып, үлде мен бүл-деге ораймын» дейтiн атпал азаматтар бар шығар? Отбасын құру ойыңызда бар ма?

– Əр адамның алдында дiттеген мақсаты болады. Қазiргi менiң бар мақсат-мұратым – Əли мен Мəдидi жəне екi қызымды аяғына тұрғызып, оларға қажеттi бiлiм берiп, өмiрге деген көз-қарасын қалыптастырсам деймiн. Олар өсiп, жетiлем дегенше, мен де қартаятын шығармын.

 

«МАҚТАНШАҚ ƏНШIНI ЕЛ ҰНАТА БЕРМЕЙДI»

Əншiқажылар туралы не ойлайсыз?

– Əрине, қажылыққа бару – мұсылман қауымы үшiн бес парыздың бiрi. Бiрақ парыз екен деп, бес уақыт намаз оқып, ораза тұтпай жатып, бiрден қажылыққа баруды құптай алмаймын. Көпке топырақ шашуға болмайды. Олардың iшiнде Меккеге баруға лайықтары да, сонымен қатар əлiптi таяқ деп бiлмейтiн жандар да бар. Жоғарыға көтерiлу үшiн ең алғашқы баспалдақтан өту керек. Қысқасы, қажылыққа бару үшiн үлкен дайындық қажет деп ойлаймын. Ол парызын өтеп келген соң да дүние iсiне араласпай, бiр Аллаға сыйынып, мешiттерде жиi жүргенi жөн ғой. Əйтпесе, бəзбiр қалтасы қалың азаматтар қаржысын шашып барып келiп жатады. Одан да сол қаржыны жетiм-жесiрлерге, əл-ауқаты нашар отбасыларына, балалар үйiне, мүгедектерге, бiлiм-ғылым, əдебиет-мəдениет, медицина саласында əупiрiммен күн кешiп жүрген жастарға берсе, əлдеқайда мол сауап алар едi. Əрине, қалтасына сенiп, қажылықты атағын шығару құралына айналдырғысы келген-дер менiң бұл сыныма ренжiмес деп ойлаймын.

Əртiстер ырымшыл келедi дейдi ғой?

– Сенiм-наным дегендердiң кейбiрiне ғана болмаса, көпшi-лiгiне сене бермеймiн.

Ел арасында «Жұлдыз ауруы» деген сөз бар. Сол «дерт-пен» ауыратын əрiптестерiңiздi байқадыңыз ба? Жалпы, бұл ауруға Сiз қандай «диагноз» қоясыз?

– Ондай «ауру» бар екенi рас. Бiрақ өнердi жəне өзiн сыйлай-тын кəсiби əншi мақтаншақтыққа бой ұрмай, барынша қарапайым болуы қажет. Қолы жеткен табыстар мен жетiстiктерге басы айналмауы тиiс. Мақтаншақ əншiнi ел ұната бермейдi. Бұл «аурудың» «дəрiсi» – қарапайымдылық пен еңбекқорлық.

Өзiңiзге көңiлiңiз толмайтын сəттер бола ма?

– Өкiнiшке қарай, ондай сəттер болып тұрады. Өнер адамы болған соң кейде өзiңе көңiлiң толмайды. Сосын көп iзденуге тура келедi. Бiрақ, салым суға кетiп, тұңғиыққа батқан кезiм жоқ. Қайта өз-өзiмдi қайрап, намысымды қамшылап, жiгерлене түсемiн.

– «Айқын» газетiнiң 70 мыңға жуық оқырманы Сiзден жаңа əндер күтедi.

– Рахмет. «Айқын» газетiнiң шығып жатқанын естiп, қуанып отырмын. Қазақ тiлiнде мұндай күнделiктi газет өте қажет. Алдағы уақытта «Айқын» газетi беделдi де белдi газет боларына сенемiн. Сiздерге шығармашылық табыс тiлеймiн. 

Айтқаныңыз келсiн! Рақмет

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Ұқсас материалдар