Қандастар Ассамблея

Рокфеллер корпорациясындағы «Ладлоу» шайқасы

26.10.2015 2887
Рокфеллер корпорациясындағы «Ладлоу» шайқасы

Дағдарыстан ешқандай компания қашып құтыла алмайды. Алайда, әр компания дағдарысты бақылау бойынша арнайы шараларды әзірлеп қоюы керек.  Дағдарыс болып қалған жағдайда компания бос үрейге уақыт жіберіп алмауы үшін, дағдарысқа қарсы коммуникациялық бағдарламаның жалпы қағидалары мен стратегиясын алдын ала дайындап қоюы арқылы дағдарыстан бір қадам алда болады. Соған мысал Джон Рокфеллер корпорациясындағы «Ладлоу» шайқасы

Көмір шахталарынан қашып кеткен қызметкерлер мен отбасылары. Ладлоу

АҚШ-та аты әйгілі Рокфеллер кішінің абыройын ел алдында қорғап, жақсы кейіпке дейін жеткізген Айви Ледбеттер Лидің еңбектері туралы айтайық. Рокфеллер отбасы Колорадо штатындағы кен шахталарының иелері. ХХ ғасыр басында осы отбасыға тиесілі «Колорадо фьюел энд айрон» компаниясының шахтасында үлкен жанжал шықты. Жағдай туралы толық айтатын болсақ, жұмысшылардың барлығы түрлі елдерден келген иммигранттар еді. Олардың жалақасы өте төмен болып, жұмыс жағдайлары мүлдем ұйымдастырылмаған еді. 1903—1904 жж. және 1910 жылы болған кеншілер көтерілісі күшпен басылып, Рокфеллер жағдайды жақсартудан мүлдем бас тартады. Жұмысшылар отбасыларымен санитарлық жағдайлары өте төмен 1-2 бөлмелі лашық үйлерде тұрды. Рокфеллер шахталарындағы еңбек жағдайлары қиын болды, ал қауіпсіздік техникасы мүлдем жоқ еді. Сондықтан Колорадодағы кеншілердің өлім жағдайлары Америка Құрама Штаттары бойынша екі есе көп болды.

Ал наразылық білдірген әр кенші шұғыл түрде жұмыстан шығарылып, елден қуылатын еді. Полиция мен сот жүйесі Рокфеллер отбасымен қадағаланып отырды. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар болып жатқан оқиғаларға мүлдем араласпады. Білмеген кейіп танытып, жағдай жылдан жылға ушыға берді. 

Алайда 1913 жылдың жаз айларында рокфеллерлік компанияның жұмысшыларының арасында қызметшілер кәсіподағын құру туралы үгіттеу жұмыстары басталып кетті. Бұл келісімшарт ішінде қызметкерлердің жұмыс құқықтары белгіленді. Компания кәсіпкерлері Колорадоға арнайы келген көмір қазушылардың біріккен кәсәподағының өкілдерімен кездесуден бас тартады. Ешқандай да құжатқа қол қоюға келісімдерін бермейтіндігін жариялап, көтерілісті басуға қарулы әскер дайындап бастады. 9 мың кенші отбасыларын алып көмір компаниясының ауылдарынан қашып кетті. Олар Ладлоу атты жерде шатырлардан лагерь құрастырып орналасады. Көп ұзамай осы мекен қантөгіс соғыс пен зұлымдық жаза мекеніне айналады.

Кішкентай балалар мен аналары тығылған орлар.Шайқас кезінде өрттелініп, ішінде адамдар қаза болады.

Тарихта бұл оқиға «Ладлоу шайқасы» атауын алады. Жазасыз әйелдер, балалар мен жұмысшылардың  өлімдері үшін Рокфеллер беделі «халық жауына» дейін жетуге қалды. Жағымсыз кейіпті қалыптастырушы танымал Америка журналисі Ида Тарбелл болды. Ол жалпы атауы  «Стандарт Ойл-Компаниясының тарихы» атты 16 мақала жариялады. Бұл мақалаларында Ида Рокфеллер компанияларының бизнесті қалай лас жүргізетіндіктері туралы, қаржыдағы айлакерлік амалдары туралы, жұмысшыларды қанап, әділетсіз жазалайтындағы туралы жазып, мәселені бүге-шүгесіне дейін ақтарып, халыққа Рокфеллер туралы толық ақиқатты жария етті. Елдің жаппай наразылығына ұшыраған Рокфеллер өзіне көмекші ретінде сол кезде аты танымал Айви Ледбеттер Лиді жұмысқа алады. Пиардың атасы есептелетін Айви Ли қанішер адам кейпінен мейрімді басқарушы образын керемет қалыптастыра алды. 

Сол кезеңде бизнес пен кәсіподақтардың, қаржы-саясат олигархиясының және солшыл либерал зиялылардың қарым-қатынастары ушығып тұр еді. А.Ли газет жарияланымдарының, фотосуреттер мен кинороликтердің көмегімен өзінің «кейіпкер-басшысының» қайырымдылықтан қаржы аямайтын үлкен әулет иесі ретіндегі бейнесін жасай алған. Ал, шындығында Рокфеллердің жұртшылықа деген көзқарасы өз әріптестерінің пікірінен соншалық алысқа ұзамайтын. Либералдық ұстанымдарға берік А.Ли жекеменшік кәсіпкерлердің жақтаушысы болатын, бірақ солшыл көзқарастағы өзге әріптестерінен бір өзгешелігі - ол жұртшылық алдында үлкен бизнестің жағымды имиджін жасауға ұмтылды.

Айви Ли тиянақты түрде кампанияның әрбір қадамын есептеп, Рокфеллер отбасының саясатын өзгертуді емес, халықты дұрыс әрі сапалы ақпаратпен хабардар етуді мақсат етіп қойды.

Біріншіден, ол көтеріліске себеп болған жағдайларды анықтап,  жұмысшылармен қарым қатынасты реттейтін маманды жұмысқа алуға кеңес береді. Бұл қызметке Канаданың бұрыңғы еңбек министрі Маккензи Кинг тағайындалады. Өзінің мансабында ол жұмысшылар мен басшылыар арасындағы жанжалдарды реттеуші ретінде жақсы көрсеткен болатын. Содан барлық арыздар мен ұсыныстарды сараптайтын,  жұмысшылардың жалақы туралы, жұмыс күнінің ұзақтығы және жұмыс жағдайы туралы барлық ескертулерді есепке алатын арнайы жұмысшылар мен басшылардың кеңесі құрылады.

Екіншіден, жұмыстың барлығы бұхаралық ақпарат құралдарын ауқымды түрде қолданумен жасалды. Кеншілер мен халық арасында таратылатын брошюралар, мақалалар және памфлеттер жазатын үлкен штат құрылады. Арнайы тізім бойынша мемлекеттік шенеуніктерге, газет редакторларына, мұғалімдерге «Колорадодағы көтеріліспен күрес туралы айғақтар» атты бюллетендер жібереді.

Үшіншіден, Айви Ли Рокфеллер-үлкенге назар аударып, уақыт өте келе қатыгез ханның кейпінен мейірімді ата кейпіне аудару мақсатын алға қояды. Газеттер мен журналдар беттерінде жасы келген джентельмен туралы әңгімелер жарық көре бастайды. Рокфеллердің күнделікті өмірін көрсетуге тырысады.

Баспа орталықтары зерделеп таңдалынды. Рокфеллердің діндарлығы туралы мақалалар әйелдерге арналған басылымдарға жіберіледі. Оның балаларға деген махаббаты , әзіл-сықақтығы, жақсы көретін істері туралы сәйкесінше басқа журналдарда жарияланды. Лидің негізгі мақсаты жұртшылық Рокфеллерді қарапайым кісі ретінде бағалап, әрбір адам онымен сұхбаттаса алатын тұлға етіп көрсету болды. Бұның барлығы Айви Лидің бизнесті гуманизациялау концепциясына сай келді.

"New - York Times" газетінің 90 жылдығына орай "Американың мейрімді бизнесмен қарты" деген арнайы әңгіме жарық көреді. 20 жыл ішінде Рокфеллер жайлы осындай әңгіменің жүздегені жарық көреді.

Ли өз клиентінің қайырымдылық шараларын әсерлі етіп: "Өмір соңына дайындалудың ең жақсы тәсілі - өзгелер үшін өмір сүру " деген ұранмен атайды.

Осының барлығы үздіксіз әрі мақсатты түрде жүзеге асырылып отырады. Тек қана мамандандырылған және әрдайым үздіксіз баспасөзбен байланыс үлкен бизнеске керекті нәтижелер береді.

Сонымен қоса Ли мақсатты аудиторияның және қоғамдық пікірді қалыптастырушы көшбасшылардың маңызын баса көрсетті, және солармен тығыз қарым қатынаста болу қажеттігін айтты.

Бұл таза жұмыс болатын. Осыдан мамандандырылған пиар пайда болды. Яғни, тапсырыс берушінің жағымды имиджін, кейпін қалыптастырып, осы бейнені жұртшылыққа енгізу.

Айви Лидің айтуы бойынша пиар жүйесі үш негізгі қызмет атқарады:

-Хабарландыру;

-Сендіру(әсер ету);

-Адамдарды біріктіру.

"Менің жұмысым жарнама емес, керісінше кәсіпкерлік орталықтарынан және қоғамдық ұйымдардан баспасөзді, халықты толғандыратын толық әрі сапалы ақпаратпен қамтамассыз ету тілегінен шығып отыр " дейді Ли.

Соған орай Айви Ли: «Пиар механизмі ақпараттық себепті жоғары деңгейде өңдеп, ақпаратты насихаттау нәтижесінде ол жарнамаға айналады» деген. «Халық дәлелдер мен айғақтарды жақсы білсе, жақсы қарым қатынаста болады»,  деп айтқан.

Бірақ  халық көбінесе ақылмен емес сезіммен ойлайды. Сондықтан, "паблисити" құруда логикалық тұжырымдамаларға, статистикаға сүйенуге болмайды. Себебі халықтың оны ойлап, соңына жетіп, сараптап, шешім қабылдап отыруға уақыты жоқ.

Сондықтан да, "паблиситидің" түпкілікті мақсаты адамдарды корпорацияның мақсаттарын басқарушылардың жүректерінен шыққан, жұртшылықтың сенімін іздейтін тұрғыдан көрсету.

Лидің айтуы бойынша: «Бұхараға деректер мен айғақтар беру қажет, себебі ол статистикалық мәлімет пен сандарды қабылдай алмайды. Сондықтан да, сезімдеріне әсер ететін әңгімелерді оқысын». Мінеки осы себептен Рокфеллер  "мейірімді отағасы ", "үлгі алатын христиан ",  "өзгелерге қамқорлық жасайтын тұлға ",  "кішкентай балалардың досы " ретінде көрсетіліп отырды.

Соңында Айви Ли өзінің клиентінің қайырымдылық акцияларын халыққа дер кезінде және әсерлі етіп жеткізді. Бұл жерде мынадай мысал айта кетсек. Айви Лидің жұмысы өзінен кейінгі қоғаммен байланыс мамандарымен бағаланып, «жаңа мамандықтың атасы» дәрежесін береді. Ол алғашқы болып қоғаммен байланысқа адалдық пен шынайлық элементтерін қосып, іске асырады.

Айви Лидің жұмысының мысалы ретінде бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында үлкен корпорациялар өздерінің жеке қоғаммен байланыс аппараттарын ашып бастайды.            

Бастан аяғына дейін ойластырылған және ұқыпты орындалған үгіт-насихаттың нәтижесі зор болды. Рокфеллер отбасының атағын көтеріп, зиянкестерден қoрғау үшін брошюра, буклет, памфлет, плакат және кітапшалар жазып тарататын мамандар штатын құрады. Айви Лидің Филадельфиядағы конторасы бүкіл елді осы әдебиетпен толық қамтып отырды. «Колорадодағы тартыс туралы деректер» атты арнайы бюллетендер басылып шығарылып, сұрыпталып таңдалған адамдарға бірнеше ай қатарынан апта сайын жіберіліп отырды. Ол адамдардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, редакторлар, дін қызметшілері, мұғалімдер және танымал әрі беделді азаматтар болды. Бұл шығармалар авторының  аты-жөні көрсетілмей, жарияланымдар арқылы ереуіл ұйымдастырушылар мен кәсіподақ басшылары туралы әшкерелейтін жалған мағұлматтар таратылып отырды. Қарапайым кен қызметкерлері бұндай ақпаратқа қарсы әлсіз болғандықтан, оқырмандар үгіт-насихаттың торына түсіп отырды.

Рокфеллер Колорадоға жол тартады. Үстіне кенші киімін киіп, кен орынындағы қызметкерлермен кездесуге барады. Ұйымдастырылған дастархан барысында бәрімен бірге ән салып, кеншілердің әйелдерімен бірге би билейді. Бұл оқиға бұқаралық ақпарат көздерінде шу туғызып, АҚШ азаматтарының әр үйінде жаңалық орын табады. Негізгі мақсат «қарапайым қызметкерлерді жоғары мансапты кәсіпкерлермен бірдей деңгейге жеткізу» болды. Және бұл жоспар сәтті орындалды. Тіпті қазіргі күндері де дағдарысты жағдайларда қолданылады.

«Стандард ойл К0 оф Нью- Джерси» тарихи шешім қабылдайды. Олар қызметкерлерге арнап құнды қағаздардың нақты бағасын төмендетіп компанияның акцияларын сатып бастайды. Егер бұрында акция 100  доллар құраса, енді ол акция бірнеше бөліке бөлініп, сәйкесінше бөліктердің құны да төмендеп, солай сатылды. Бұл акция үлкен жарнамамен қосарланып жүрді. Солай үш жыл мерзімде сатылымнан келіп түскен пайда 18.5  миллион доллар құрады.  Сол кезден бастап акцияны халыққа сату ақшалай қаражатты жұмылдырудың кеңінен қолданылатын әдісіне айналып кетті.
Компания акцияларының азғантай ғана мөлшері жұмысшыларға тиесілі болса да, насихат жұмыстары арқылы барлығы өздерін капиталист сезініп, компания өміріне әсер ететін шешім қабылдай алатын күші бар адам болып сезінді. Бірақ шындығына келгенде, сатылған акцияларыдың бөлігі ешқалай үлкен құзіретке ие бола алмады. Бұл таза жалған болатын.

Іс жүзіне келгенде шахталардағы жағдай мүлдем өзгермеді. Жұмысшылардың жалақысы да айтарлықтай ұлғаймады. Жұмыс жағдайлары да сол қалпы болды. Айви Лидің мысалында бұқаралық ақпарат көздерінің зерделеніп таңдалынуы, яғни әр мақсатты аудиторияға өзіне сай ақпаратты үздіксіз берудің тиімділігін көрдік. Қатыгез басшысының іс жүзінде шахтаға барып, қарапайым халықпен достасқан кейіп танытудың әсері үлкен екенін де аңғара аламыз. Шындығына келгенде, бұл әрекет тек бір рет орындалып, көзбояушылық әрекеті болған еді. Үздіксіз қаржылай қайырылымдықтар да ізсіз өтпеді. Айви Ли басшысының науқандарын жұртшылыққа үлкен оқиға ретінде хабар таратып, анонимді түрде мақтау мақалаларын жариялады. Осылай Айви Лидің білікті әрі ұтқыр ұйымдастырылған пиар шаралары арқасында Джон Рокфеллер «халық жауы» кейпінен «мейрімді ата» образына айналады. Бұл жағдай да қоғаммен байланыс тарихындағы ең ұтқыр әрі танымал оқиғаларының бірі болып саналады.


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА