Республика бойынша кітап алмасу акциясы өтті

21.10.2016 4626
Назарбаев Зияткерлік мектептері

Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «BOOKCROSSING» жобасы аясында кітап алмасу акциясын өткізді.

Жоба аясында республикалық әскери мектеп оқушыларына қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған 300 кітап тапсырылды. Жалпы 2010 жылдан бері акция бойынша 15 мыңға жуық кітап берілген.  

Аида Ағаділ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру саясаты, бағдарламалар департаментінің аға менеджері:

— «BOOKCROSSING» деп аталатын акция осымен төртінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл акцияның ерекшелігі — біздің зияткерлік мектептің оқушылары өзінің оқыған кітаптарын басқа мектеп оқушыларымен бөліседі. Кітап саяхаты биыл Жас Ұлан мектептеріне де келіп жетті. Республика бойынша дәл осы уақытта Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында «BOOKCROSSING» кітап саяхаты өтіп жатыр. Бұл біріншіден мектептер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, мектеп кітапханасының қорын кеңейтеді. Іс-шараға тек балалалардың ғана кітаптары емес, сондай-ақ, мұғалімдер де, ата-аналар да оқыған кітаптарымен бөлісті.  

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өскелең ұрпақтың арасында кітап оқу мәдениетін тәрбиелеу, оқуға қызығушылықты арттыру мақсатымен ұйымдастырылған акция, Зияткерлік мектептер арасында іске асырылатын «Қоғамға қызмет ету» жобасының маңызды бөлігі болып табылады.  

 

Аталған кітап саяхаты — Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі дәстүрлерінің бірі. Акция барысында оқушы өзіне ұнаған кез келген бір кітапты алады, бірақ орнына басқа екі кітап әкеліп қою тиіс. Кітаптың ішіне оқушы оқыған кітап туралы ой-пікірін, алған әсерін жазып, кітаптың келесі оқырманына арнаған ұсыныстарын қалдырады.


Рустем ӘЛПИ 

Ұқсас материалдар