Қандастар Ассамблея

Ресейлік суретшінің жеке көрмесі ашылды

08.07.2016 2310
«Ғасырлар түкпірінен»

«Астана» Ұлттық сурет галереясында  Ресейлік суретші Әлібек Қойлақаевтың «Ғасырлар түкпірінен» атты жеке көрмесі ашылды. 

Аталмыш іс-шара Астана күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Ноғай ұлтынан шыққан танымал суретші осыған дейін Түркияның Анкара, Стамбул және Эскишехир қалаларында өзінің жеке көрмесін өткізген.

Әлібек Қойлақаев сурет өнерімен алты жасынан шұғылданып келеді. Ол Краснодар Мемлекеттік мәдениет және өнер университетін тәмамдаған. Суретшінің әрбір туындысынан жеке қолтаңбасын байқауға болады.

Әлібек Қойлақаев, суретші:

— Біздің осындай күнге жеткеніміз ата-бабаларымыздың арқасы деп есептеймін. Менің жұмыстарымда байқасаңыздар, олардың ішкі жан күйзелісін жеткізгім келген. Жеке өз басыма келер болсақ, менің ата-бабаларым шетінен батыр, палуан болған. Сондықтан олардың рухы менің қылқаламым арқылы көрініс тауып жатыр деген ойдамын. Ұлы батырлар мен қолбасшыларды салмас бұрын мен олар жайлы көне жазбаларды ақтарамын. Неліктен көне жазбалар деген сұрақ туындаса айтайын, мұндай жазбаларда адамдардың қандай болғаны, түр-әлпеті, мінез-құлқы жайлы көп арпарат алуға болады.  

Әлібектің жұмыстарының басым көпшілігі тарихи тақырыптарға арналады. Қауырсын мен тушь арқылы салынған жұмыстар эмоцияналды тұрғыда ерекше бейнеленген. Суретшінің айтуынша бір картинаны салуға кемінде жеті күн уақыт кетеді. Ол кез-келген жұмысты бастамас бұрын алдымен кейіпкері жайлы терең мәлімет жинап, ұзақ уақыт оны зерттейді.    

Мадина Досанаманова, өнертанушы:

— Әлібекті жақын танымасам да, оның жұмыстарын жақсы білемін. Мен бұл суретшіні «екі мәдениетті біріктіруші» дер едім. Барлық әлем батысқа еліктеген заманда ол өзінің дара стилімен сурет әлеміне тың серпіліс берді. Түрік мәдениетін ерекше зерттеп, оған шынайы бейне бергенің үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. 


Рустем ӘЛПИ 

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар