Қандастар Ассамблея

Ресейде тұңғыш рет әскери еңбек қорғаған қазақ ғалымы

29.05.2015 4348
Тұңғыш рет Мәскеуде әскери диссертация қорғаған әскери ғалым кім?

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдардың докторы, профессор, Ресей Федерациясы Әскери ғылым академиясының корресподент мүшесі Ким Серікбаев Қазақстанға ғана емес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің де жұртшылығына кеңінен танымал тұлға. Саналы ғұмырын «Отан қорғау» деген асыл ұғыммен байланыстырған Ким ағаны алаш жұрты  әскери ғылымның жілігін шағып, майын ішкен нағыз әскери ғалым ретінде ғана емес,  білікті офицер, талай командирлер мен генералдарды тәрбиелеген педагог-ұстаз ретінде таниды. Қазақ жұртының құрыш қалқанына айналған төл әскерінің құрылуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген қайраткер ағамыз отставкада деген аты болмаса әлі де сапта. Ким Серікбайұлы Алматы қаласы Медеу ауандық ардагерлер ұйымына жетекшілік етеді. Алаштың тұңғыш әскери ғалымы Ким ағамызбен жүздесудің сәті түсіп, әңгімеге тартқан едік. 

 

Полковник мырза, Қазақстанның әскери ғылымының жай-күйі қандай? Мүмкіндігі туралы не айтар едіңіз?

– Әскери ғылымның ахуалы туралы айтар болсақ, оның іргетасы бекем қаланды деп айтуға болады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін әскери ғылымымыз әрі-сәрі күй кешті, онымен нақты шұғылданушылар болған жоқ. Біздің мүмкіндігіміз кешегі Одақ жүйесінде әскери мамандарды даярлауға, оның әскери-өнеркәсіп кешені белгіленген міндеттерді орындауға ғана жұмсалды. 90-жылдардың басында біздің офицерлерден әскери ғылымның 5 кандидаты ғана болды. Екі ғана әскери оқу орнымыз бар-ды. Олар: Алматының Жоғары жалпы әскери командалық училищесі және Жоғары шекаралық училище. Бүгінде қуатты құрылымдар саласында офицер даярлайтын әскери және арнаулы оқу орындарымыздың саны онға жуықтаса, бірнеше әскери мектептер бар. Осы салада әскери-техникалық ғылымның 20-ға жуық кандидаты, он шақты доктор еңбектеніп жүр. Ал, мүмкіндігі туралы айтар болсақ, әскери ғылымды өрендету үшін тек қаражат қана емес білікті мамандар дайындау керек. Бізде әскери ғылым кадрлары аздау. 90 жылдары армия құрылған кезде әскери ғылымға жіті көңіл бөлінбеді. 20 жыл ішінде оншақты министр ауысты. Әр министрдің өзіндік пікірі болды, өзінше реформа жасады. Осылайша әскери ғылым қалтарыста қалып жатты.

Қазақстандағы әскери ғылымның негізін салуға Манаш Қозыбаев, Керейхан Аманжолов, Павел Белан деген тарихшылар, Роллан Қаратаев, Нұрғали Асылов секілді өзге де әскери ғылым докторлары мен кандидаттары үлес қосты.

Жасыратыны жоқ, кейбір қорғаныс басшылары ғылымды қоя тұршы десе, армияда ғылыммен шұғылдану еріккенің ісі деген пікірлер болды. 200 жылы Үкімет пен әскери қолбасшылардың қолдауымен Ресей, Украина, Беларусь елінен ғалымдар шақырылып, отандық әскери ғылым даму жолына түсті. Ұлттық қорғаныс университетінде әскери ғылым басқармасы ашылды. Өткен жылы болашақ генералдар білім алатын Ұлттық Қорғаныс университеті Астанаға қоныс аударып, бірқатар жаңа әскери кафедралар ашылды. Осылардың арасында маңызды деп «Әскери өнер және тарих» кафедрасының ашылуын айтар едім. Болашақта аталмыш кафедра түлектері қазақ батырларының соғыс тактикасын зерттейтін болады. Қорғаныс министрлігі жанынан «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ ашылып, ғылымды дамыту бағытында жұмыс жасауда. Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетенің басын біріктіріп, әскери зерттеу институтын ашу керек, келешекте әскери қауіпсіздік мәселесімен айналысатын орган болу керек деп ойлаймын.

– Білім берудің Болон декларациясының талабына сәйкес, бұрынғы жүйе бойынша диссертация қорғау тоқтатылды. Сіз бір сөзіңізде өкініш білдіретіндігіңізді айтыпсыз. Бұл тұрғыдағы пікіріңіз?

– Бұрынғы жүйе негізінде жұмыс істейтін диссертациялық кеңестердің қызметін тоқтату дұрыс. Олар, біріншіден, ғылымның кейбір саласында дипломдыларды «үйірімен үш тоғыздап» тым көбейтіп жіберді, ал ол мамандардың бір тобы одан арыда ғылымға жоламай кетсе, бір тобы ғылыммен шұғылданғысы келсе де, мамандығы бойынша бос орын таба алмады. Екіншіден, Болон декларациясы талабына орай кадр даярлау жүйесіне көшу ғылыми зерттеулерді бағалаудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Сондай-ақ, біздей әскери мамандардың пайымдауынша, өтпелі кезеңде 2-3 жыл, әсіресе, дипломды әскери ғалым жетіспеген жағдайда әскери ғылым бойынша диссертация қорғаудың бұрынғы қалпын сақтай тұру қажет болды. Өйткені дайындалған диссертацияларда ұлттық, әскери қауіпсіздік мәселелерін діттеген небір тиімді ұсыныстар бар. Өзіміздің әскери ғылым докторларымыз жеткілікті болғанда біз ТМД елдерінің мамандарына жалтақтамаймыз, кандидаттық және докторлық диссертация қорғау жұмыстарын өзі қабылдайтын пәрменді диссертациялық кеңесіміз болады.

– Аға, сіз кандидаттық диссертацияңызды 1974 жылы Мәскеуде қорғадыңыз. Ал докторлық еңбегіңізді араға 37 жыл салып қорғаған екенсіз. Ғылыми ізденіс жолында осынша жыл үзіліс жасауыңызға не себеп болды?

– Ғылым атаулы, зерттеушілерден зерделілікті талап етеді. Өзге еңбек түрлеріндей, ғылыммен күш-жігер мен құлшынысың мол кезде шұғылданған жөн. Кейде олай бола бермейді. Арадағы 37 жыл десек, бұл мерзімде ғылыми жұмыстарымда саябырсу, үзіліс болған жоқ. Кандидаттық диссертациямның өзегі жауынгерлік іс-қимыл мәселелерін сол кездегі қару-жарақ пен техниканы пайдалана зерттеу еді. Ал докторлық жұмысым әскери-ғылыми зерттеулерді өзіміз жүргізіп, өзіміз реттеуді қамтыды. Менің мақалаларымды оқып ж.ретін көзі қарақтылар әскери мамандарды, оның ішінде ғалым кадрларды кадрларды даярлаудың маңызын саралағанымды, сол бағытта қандай ұсыныстар енгізгенімді білетін шығар. Диссертациялық еңбегімді дайындап, қорғап шығуыма Ресейдің, Белоруссияның, Украинаның әскери ғалымдары ден қойып, көп көмек көрсетті.

– Ким Серікбайұлы, өміріңіздегі ұмытылмас, ең бір жарқын сәттерді айтып берсеңіз?

– Әскери кезекті шен алу, жаңа қызметке тағайындалу қай офицерге болсын қымбат сәт. Мен үшін 1956 жылғы 26 маусым мен 1977 жылғы 21 ақпан ерекше. Біріншісінде менің иығыма лейтенанттың алтындай погоны тағылды, екіншісінде полковник шенін алдым. Өмірімнің жарқын сәті деп 1974 жылғы 14 наурызды айтар едім. Ол күні, диссертациялық кеңестің мәжілісі аяқталған сәтте, Михаил Фрунзе атындағы Әскери академияның бастығы, армия генералы, профессор Алексей Иванович Радзиевский менің жаныма келіп: «Академияның осы көгілдір залында Одақтың көптеген халықтары мен ұлттарының өкілдері диссертация қорғаған болса, бүгін алғаш рет қаһарман қазақ халқының өкілі ғылым кандидаты атағын алу үшін еңбегін сәтті қорғап шықты!» – деді де, иығымнан қағып, мені құшақтады... Ол сәтті қалай ұмытайын?

Мен қашанда жетістіктерге мені қоршаған адамдардың арқасында, адал жандардың арқасында қол жеткіздім деп айта аламын. Тағы бір естелік айтып берейін. Көзі тірі уақытында Димаш (Д.Қонаев) ағамызбен жақсы таныс болдым. 1974 жылдың наурыз айының 4-і күні болатын. Димаш Ахметұлы, армия генералы Лященко деген қолбасшы бастаған бір топ делегация мен қызмет істеп жүрген И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищеге келді. Сол кезде әскери институттағы екі жүздей офицердің арасында бес-ақ қазақ едік. Жаңағы армия генералы Лященко Димаш ағамыздың жақсы досы болған. «Мына қазақты мен Мәскеуден өзім сұрап алдым. Қазақ әскерилерінің арасында тұңғыш әскери диссертация қорғаған ғалым. Келешегінен зор үміт күттіретін азамат»,  – деп әлгі Лященко ағынан жарылып, Димаш ағаға мені таныстырды. Сонда Димекең маған қадала қарап, «семьяң қайда?» деп сұрағаны бар. Ол да бір естен кетпейтін әсерлі сәт. Сосын мен: «Семьям Мәскеуде» дедім. Өйткені қызметке келгеніме жарты жыл уақыт болған. Бір жағынан байқағаным қазақ болғаннан кейін «мынау қазақша білі ме, жоқ па» деп ол кісі мені сынағандай болды. Мен институт туралы баяндаманы орысша жасап, тактика кафедрасын таныстырып тұрмын ғой. Сонда ол кісі орысшалап «А почему в Москве?» деп қайта сұрады. Сол арада Алланың аузыма салғаны шығар «Димаш Ахметович, қалай пәтер береді, солай отбасымды көшіріп әкелемін» деп жауап қаттым. Байқауымша, Димаш аға біріншіден, менің қазақша жауап бергенім ұнаса керек. Екінші мәселе, жаңағы жерде «пәтер жоқ, отбасымды орналастыратын үйім жоқ» деп жылап-сықтамай «пәтер бергеннен кейін әкелемін» деген жауабым ұнаған сыңайлы. Сол сәтте ағамыз күлімсіреп, бірге келген Үкімет басшыларына қарап: «Вот этому молодому человеку надо квартиру дать в хорошем месте, в городе, а то он опять убежит в Москву» деп айтты. Көрдіңіз бе, қандай даналық, сол арада нұсқау беріп, дипломатиялық тұрғыда пәтер мәселесін оңтайлы шешіп берді. Араға үш ай салып, қаланың қақ ортасынан маған 120 шаршы метрлік пәтер берілді.

1986 жылдың 28-қыркүйегі. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, 14 баладан қалған еркек кіндіктіден жалғыз тұяқпын ғой. Енді өзім үй болғаннан кейін, балалы-шағалы болдым. Екі қызым дүниеге келді. Дегенмен, шаңырағымның түтінін түтететін ізбасарым болса деп армандадым. Үйдегі апаңыз жүкті болатын. Ай күні жетіп, түнде перзентханаға апардым. Ертеңінде сағат 10 шамасында үлкен қызымды жетектеп, перзентханаға қайта бардым. Алдымнан шыққан мейірбике: «Әйеліңіз босанды. Батыр дүниеге келді» деп украин тілінде қуанышты хабар жеткізді. Қатты қуанғаным соншалық, қызымды жетектеп, перзентхананы екі рет айналыппын ғой. Міне, нағыз естен кетпейтін жарқын сәт. Шүкір қазір немерелерім өсіп келе жатыр.  

                 

El.kz анықтамасы:

Қазақ әскери ғылымының көрнекті тұлғасы профессор Ким Серікбаев ең әуелі озық ойлы азамат, мемлекет және қоғам қайраткері екендігін айтуымыз керек.  Ким Серікбаев – арманшыл, мақсатшыл, жаңашыл ірі тұлға. Ким аға аты аңызға айналған қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлын пір тұтатын азамат. Ким ағаның  әскери өмір жолы Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға қабылданудан басталды. Сырт елде өзге ұлт өкілдері арасында саусақпен санарлықтай ғана бірнеше қазақ балаларының арасында білімге құштарлығымен, ізденімпаздығымен көзге түсе білді. Әскери институт қабырғасында курсанттарға дәріс оқыған ресейлік  профессорлар қазақтың маңдайына біткен батыр Бауыржан атамыздың ерліктерін тамсана баяндағанда, ол батыр халықтың ұрпағына тән қасиет көрсетіп, қазақ халқының мәртебесін түсірмеуге тырысты.

1970 жылы Әскери академияны үздік бағаға тәмамдаған жас офицерге озат тыңдаушы ретінде Академия жанындағы адьюнктурада оқуын жалғастыруды ұсынады. Көп ұзамай ол академия қабырғасында ұстаздық қызметпен белсене айналасып, Куба, Моңғолия елдерінің офицерлеріне жалпы тактикадан сабақ береді. 1973 жылдың күзінде Қазақстанға оралып, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры маршал И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің тактика кафедрасының бастығы лауазымына тағайындалады. Бір жылдан кейін кандидаттық диссертациясын қорғау үшін өзі оқыған Әскери академияға қайта оралады. 1974 жылы қазақ сардарларының тұңғыш рет Мәскеуде ғылыми жұмысын қорғап, қазақ халқының тұңғыш дипломды әскери ғалымы атанды. Ол 1975 жылдан бастап Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жоғары партия мектебінің әскери кафедрасын құрып, ұзақ жылдар бойы басшылық жасайды.

Полкловник 1988 жылы запасқа шығады. Әйтсе де ол жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарынан қазіргі уақытқа дейін қол үзген емес. Ким ағаның әскери қазақ зиялысына тән саналы да мәуелі ғұмыры көп қырлы талант құдіретімен ерекшеленеді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде әскери тақырыпта екі жүзден астам ғылыми мақалалар мен бірнеше монография, оқулықтар, зерттеу кітаптарын жазып қалам қайратын таныта білді. Ғылым жолында «Ер парызы», «Бауыржан Момышұлы менің өмірімде», «Еліміздің әскери қауіпсіздігі: проблемалары, болашағы», «Батыр ағаның шапағаты», «Перзенттік парыз», «Қайырымды істің ғұмыры қашан да ұзақ», «Жеңіп алынған Тәуелсіздікке – берік қорған» секілді еңбектері әскери саладағы шәкірттерді отаншылдыққа тәрбиелеу ісінде баға жетпес қазына болып табылады.

1988 жылы Білім министрі Ш.Шаяхметов запастағы полковник Ким Серікбаевқа Алматы қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатты басқаруды ұсынады. Ғалым ағамыздың педагогикалық ғұмырында жаңа беттер бастау алды. Өзінің шәкірттері сондай-ақ қарулас қызметтестерімен бірлесіп қазақтың біртуар даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөніндегі республика жұршылығының бастамасын жазбаша қолдап, жүзеге асырылуына барынша атсалысты.

1991 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Қаулысы жарыққа шығып, республикалық әскери-мектеп интернатына Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Мектептің алаңында мүсінші Павел Шороховтың қолымен Бауыржан Момышұлының бюсті орнатылды. Бұл игі істің жас бауыржаншыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі орасан зор болды.

Тәуелсіз жас мемлекетіміздегі ауыртпалығы мол өтпелі кезеңде Ким Серікбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі қызметін жауапкершілікпен атқарды. Кейіннен қайта құрылған Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты мен Министрлер Кабинеті Қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болды. Егемен еліміздің қорғанысы мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарды әзірлеу жұмыстарына белсене қатысты. Ким ағамыз 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламентінің аппаратына шақырылып, 1999 жылға дейін сектор меңгерушісі қызметін атқарды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының әскери-саяси бағытын айқындайтын, Қарулы Күштердің қабілетін арттыруда негізгі рөл атқаратын Әскери доктринасының жобасын әзірлеуде де ерекше еңбек етіп, маңдай терін төкті. Ким аға ұзақ жылғы педагогикалық жұмыстарында он беске жуық әскери-ғалым офицерді, жиырмаға жуық генералды тәрбиелеп шығарды. 2007 жылы Президент Жарлығымен Ким Серікбаевқа «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын салтанатты түрде табыс етілді.

Әңгімелескен – Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Ұқсас материалдар