Қандастар Ассамблея

Ресей патшалығының қазақ жеріне ауыз салуы

04.09.2014 2807
1819 жылғы Уәли ханның өлiмi қазақ хандығының құлауын тездеттi. Ресей патшалығы үшiн хандықты жоюдың оңтайлы сәтi түстi.

1819 жылғы Уәли ханның өлiмi қазақ хандығының құлауын тездеттi. Ресей патшалығы үшiн хандықты жоюдың оңтайлы сәтi түстi. Хандықты жақтаған халық Уәлидiң бәйбiшесiнен туған Ғұбайдолланы хан сайлағанымен, Ресей патшалығы оны бекiтпедi.

1822 жылғы М. Сперанскийдiң «Сiбiр қазақтарын билеу» туралы ережесiнiң шығуына байланысты қазақ даласындағы хандық билiк жойылды. Ел iшi ауыл (50­70 үй), болыс (10 ауыл), округ (15­20 болыс) болып бөлiнiп, аға сұлтандық басқару жүйесiне көштi. Яғни, бiртұтас халық бiр орталыққа бағынатын бас иесiнен айырылып, iштей бөлшектенуге ұшырады. Округтi билейтiн аға сұлтандар елге билiк жүргiзген сияқтанып атқа мiнгенiмен, оның атының да, өзiнiң де тiзгiнi патшалық Ресей әкiмдерiнiң қолында болды. Патша әкiмдерi қазақ халқын аға сұлтандар арқылы биледi. Орталық Қазақстанда Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл, Аягөз, Ақмола, Көкпектi, Аманқарағай (Құсмұрын), Алатау округтерi ашылды. Бұл округтер 1824 жылдан бастап ашылды, 1822­-1823 жылдары бiрде­бір округ аша алмапты. Себебi, Орта жүз хандығын бөлшектеуге қазақтың билерi мен бектерi, Есеней сияқты шоралары, Марал ишан және басқа имам, хазіреттер қарсы болыпты. «Замана» деген өлеңiнде Сегiз серi осы кезең туралы былай деп жырлаған:

 

Сұм патша елдi алдады расында,

Келтiрмей қозғалуға шамасын да.

Билерге үш жыл бойы ерiк берген

Хандық жойылып, дуан құрылар арасында.

 

Хандықты жоймақ болып, жарлық келген,

Сұлтандар әулетiне тарлық келген.

Патша уездерi Сперанский жоба жасап,

Он дуанға Орта жүз халқын бөлген.

 

Абылай ханға тартпаған балалары,

Ел билеуге жетпеген шамалары.

Уәли Орта жүзге хан болса да,

Қазақтың жақтырмаған даналары.

 

Уәли хан өлмей тұрып бiр жыл бұрын

Хандығы Орта жүздiң таратылған.

Көсемге ел басқарар билiк тимей,

Кәпiрге қазақ жұрты қаратылған.

 

Он дуан бiрақ бiрден құрылған жоқ,

Сұм патша жұртты алдады, ұтылған жоқ.

Маралдың соғыстары аяқталған,

Сол себеп өткенге ұлық бұрылған жоқ.

 

Бiртiндеп округтердi құра бердi,

Бектердi өздерiне бұра бердi.

«Жұрт қамы» деген сөздi дәлел етiп

Шонжарлар ел ұстауды мақұл көрдi.

 

Бұл күнде құрылыпты сегiз дуан,

Басқарған сегiзiн де өңкей жуан.

Iшiнде дуанбасы шонжарлардың

Кейбiрi сардар едi жауды қуған.

 

Қыс қылған Ресей патшасы елдiң жазын,

Ұстаған қолшоқпар ғып жұрттың азын.

Халайық, билiк жайын ұғынған жөн,

Аға сұлтан, дуанбасы – бiр лауазым.

 

Шеттетiп көп көсем, не маңғазды,

Басқарған аға сұлтан приказды.

Сайланып заседатель-орынбасар

Күндейдi думаншыл деп өнерпазды.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Ұқсас материалдар