Қандастар Ассамблея

Рединг қаласына саяхат

13.09.2014 3430
«Білім үшін Қытайға да бар» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың өсиеті бала кезден мені шетелден білім алуға ерекше ынталандыратын. Осындай мүмкіндікке көп қазақ жастары секілді маған да «Болашақ» бағдарламасымен оқу арқылы жету сәті бұйырды.

«Білім үшін Қытайға да бар» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың өсиеті бала кезден мені шетелден білім алуға ерекше ынталандыратын. Осындай мүмкіндікке көп қазақ жастары секілді маған да «Болашақ» бағдарламасымен оқу арқылы жету сәті бұйырды.  Жолым Британ аралдарына, көп адамдарға әсіресе қазақстандық азаматтарға беймәлім болып табылатын, қандай қала деген сұраққа жауап табуға қиналып, Лондонға жақын орналасқан деп таныстыратын Рединг қаласына түсті. Расымен де, қала Британия астанасына айтарлықтай жақын, поездбен 25 минутта Лондонның қақ төрінен шығуға болады.  Осы жақындығының әсері болар қала тұрғындарының біразы Лондонға қатынап жұмыс істейді.  Бизнес жасауға қолайлығы, әлемнің ірі компаниялары  Microsoft және BG Group осы жерден штаб пәтерін ашуы, қаланы қазір де «Еуропаның силикон алқабы» деген лақап атқа ие болуына әсер етті.

Бұрындары қала экономикасын 3 B biscuits (печенье), beer (сыра), bulbs (электр лампасы) негізін құрайтын. Редингте жасалған печеньелер бүкіл Ұлыбритания бойынша қатты бағаланды. Дегенмен, қазіргі күнге осы үш өндірістің біреуі де жетпеді.

 

Қала атауы Reading, яғни оқу дегеннен емес, сол мекенді ежелден қоныстанған «Readingas» деген ағылшын-саксондық тайпадан шыққан болуы керек. Бұл елді-мекен өзінің  тарихи ғимараттарымен, бақтарымен, әсем пейзажымен ерекшеленеді. Темза мен Кеннет өзендері қала ішін кесіп өтіп, қалаға айрықша рең беріп тұр.

  

Тағы да бір айта кететін жайт, қаланың Ұлыбритания Королевасының отбасына маңызы жоғары, өйткені бұл жерде қазақша туыстық қатынаспен айтқанда королева Елизавета II құдалары тұрады. Бірақ Рединг тұрғындары негізінен Кейт есімді екі қызымен әлемге мақтануда, соның біреуі жоғарыда айтқан 2011 жылы Королеваның  заңды келіні атанған Кейт Миддлтон, ал екіншісі  Оскар сыйлығын иемденген әлемге атақты жұлдызы Кейт Уинслет. Бұл актриса баршаға Титаник фильмінде Розаның рөлін сомдаумен танымал. 

 

Алайда мен үшін бұл қала Лондонға жақындығымен емес,  футбол жанкүйері ретінде АПЛ-де (Ағылшын премьер лигасы) ойнайтын Рединг футбол клубымен ассоциацияланатын. Өкінішке орай, мен барған жылы Редингтің премьер-лигадан ұшып, чемпионшипке өтуі, менің әлемнің ең үздік футбол чемпионатын тамашалауға жағдайымды қиындатты.

Бұл қалада футболдан гөрі білім саласы жақсы дамыған. Жергілікті Рединг университетінің сапалы білім беру жөнінен кәрі құрлықта алдыңғы қатарды алуы, жылына әлемнің 125  елінен 4 мыңға жуық студентті өзіне тартады. Университтетің зерттеу орталығы Ұлыбританияның TOP 10 кіреді. Бұл білім ордасы 1926 жылға дейін әйгілі Оксфорд университетінің құрамындағы өнер әрі ғылым колледжі ретінде жұмыс істеп келген.

Рединг тарихта аты қалған түрмесімен де біраз адамға танымал. Бұл түрмеде кезінде өлім жазасы орындалып, қаталдығымен әлемді шошытқан болатын. Осы түрмеде ирландық атақты жазушы Оскар Уайльд  гомосексуализм үшін сотталып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бұл жазушы ағылшындар арасында жыныстық көзкарасына қарамастан ерекше мәртебеге ие. Түрмеден шыға салысымен жазушы Францияға жол тартып, сол жақта Рединг түрмесі туралы кітап жазып қалдырды. Түрме 2013 жылы жабылған болатын. 2007 жылы BBC каналы жасаған Ұлыбританияның ең ақылды адамы сауалнамасында Оскар Уайльд өз жолында Шекспир мен Черчилльден озып, атақты иемденді.

Майванде арыстаны – Редингтің бейресми символы, әлемде шойыннан жасалған ең үлкен статуя болып саналады. Бұл ескерткіш Ауғанстанда 1878-1880 жылдары соғыста қайтыс болған Британ солдаттарының құрметіне қойылған. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша осы ескерткіш, арыстанды көріп өскен Британияға келген Африка иммигранттарының арасында қатты сынға ұшырады. Олар ескерткіштегі арыстанның тұрысы шынайы арыстанның емес, мысықтың тұрысы деп дәлелдеген. Мұндай ірі еңбегінің сәтсіз шыққанын сезген авторы Джордж Саймонд өзіне қол жұмсаумен өмірін қияды.

Осылайша, Англияның астанасына жақын жатқан кішкентай қалада қызықтар толы. Оған қоса жергілікті халықтың толеранттылығы мен ерекше сыпайлылығы қаланың тартымдылығын арттырады. Әттең, оқуымның аяқталуы бұл қаламен жақын күндері қоштасуыма себепкер болмақ. Қаланы қызықтап жүргенде, бір жылға жуық Редингтегі оқуым қалай тәмамдалғанын байқамай да қалыппын.

Жасұлан Кушебаев

«Болашақ» бағдарламасы грантының иегері

Ұқсас материалдар