Қандастар Ассамблея

Рамазан – айлардың сұлтаны

16.06.2015 6755
Хижра күнтізбесі бойынша тоғызыншы айға келетін Рамазан айы – барша мұсылман қауымы сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай.

Хижра күнтізбесі бойынша тоғызыншы айға келетін Рамазан айы – барша мұсылман қауымы сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай. Бұл айда мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәреден күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер, өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі,» - деген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Бірер күннен кейін мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған орай, «Bnews» ақпарат агенттігінің студиясында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр-Астана» орталық мешітінің Бас имамы - Наурызбай қажы Тағанұлы,  «Әлжан Ана» мешітінің Бас имамы – Ермек Мұхатай және «Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб имамы Асхат Салимовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр-Астана» орталық мешітінің Бас имамы:

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Қадірменді ағайын, Алла Тағала баршамыздың ниет-тілегімізді қабыл етсін! Қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты, берекелі болсын! Алла Тағала бұл ай жөнінде Құранда «Қадыр сүресін» түсірді. Онда: «Негізінен Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан қайырлы» деп, Алла Тағала Қадыр түнінің маңызын осылай сіз бен бізге баян етті. Бұл түннің қадыр-қасиетінің кеңдігі сондай, осы түннің құрметіне бүкіл періштелер және Жәбірейіл періште жерге түсіп, Алланың әрбір пендесінің тілегіне «әумин» деп айтып, тілекші болады делінген қасиетті Құранда. Келе жатқан қасиетті айдың оң сауабын Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Астана қаласының мешіттері Рамазан айына қолдан келгенше дайындалып жатыр. Бұл айда әрбір мешітте жамағатқа ауызашар берілетін болады, иншалла. Соның ішінде «Әзірет сұлтан» мешітінде, «Нұр-Астана» мешіттерінде күніне 400-500 адамға арналған ауызашар әзірленіп жатыр, Алла бұйырса. Бұған қоса, әрбір мешіт шама-шарқынша ел-жұртты ұйымдастырып, қайырымдылық шараларымен айналысуға әзірленіп жатыр. Рамазан айы – қайырымдылық, мейірімділік айы болғандықтан, Астана қаласындағы мешіттердің дін қызметкерлері осы айда өзгелерді жұмылдыра отырып, қайырымдылық істермен айналысамыз деген ниетіміз бар және Астана тұрғындары мен аймақтардағы ағайындарды осы айда игі істерге үлес қосып, қолдан келгенше қолдау білдіруге шақырамыз. Ораза ішіп-жеуден тыйылу емес, бұл айда адам баласы мүмкіндігінше күнә атаулының барлығынан: өсек-аяң, өтірік айту, неше түрлі жағымсыз қылықтардан өзін тыйып, рухани кемелденуге тырысуы керек. Бұл айдың қасиет-қадірі соншалық кереметтігін біз сахабаларымызыдың өмірінен білуімізге болады. Біздің сүйікті сахабаларымыз бұл айға 6 ай бұрын дайындалатын болған және бұл ай өткеннен кейін осы айдың құнын, қасиетін білген әрбір сахаба Оразадан кейінгі 6 ай бойы Алла Тағаладан осы айда жасаған жақсылықтарының қабыл болуын сұрайды екен. Міне, Рамазан осындай қадірлі ай. Алла Тағала игі тілектеріңізді қабыл етсін, екі дүниенің бақытын бұйырсын!

Ермек Мұхатай, «Әлжан Ана» мешітінің Бас имамы:

Құрметті жамағат, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барша имамдарының атынан және Хазіретіміз Ержан қажы Малғажыұлының атынан баршаңызға келе жатқан қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын, дейміз. Алла сіздердің дұғаларыңызды қабыл етсін. Рамазан айында Құран Кәрім түсірілгенін баршамыз білеміз. Жоғарыда айтып өткендей, Қадыр түні Құранның алғашқы аяттары Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсіріле бастаған болатын. Сол себептен, 30 күн оразада хатым түсіріп, Құран оқу салтқа айналған болатын. Астананың барлық мешіттерінде осыған дейін Рамазан айында хатым оқылатын. Алайда, биылғы жылы Рамазан кезінде түннің қысқа, күннің ұзақ болуына байланысты, жұмысбасты азаматтарға жеңілдік болсын деп, елдің сұрауы бойынша Астана қаласының 2 мешітінде (бірі «Әлжан Ана» мешіті) Құран хатым түсірілмейді, тек Тарауих намазының өзі ғана оқылады. Хатым дегеніміз 30 күн оразада Құранды басынан аяғына шейін оқып шығуды айтады. Құрметті жамағат, бұл қасиетті айда жақсы ой ойлайық, жақсы істер істейік! Алла Тағала сіздерге, сіздердің отбасыларыңызға амандық, береке берсін!

Ескерту:

  • Биыл, 2015 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы 29 күнді құрайды;
  • Шілденің 13-нен 14-не қараған түн Ләйләтул-Қадр, яғни қасиетті Қадыр түніне келіп отыр;
  • Пітір садақаны рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Еліміз бойынша пітір садақаның көлемі әр адамға 200 теңгені құрайды;
  • 17 шілде (жұма) күні Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Астанада сағат 6:30-да оқылады;
  • Ораза ниеті: «Алла тағала үшін мүбәрак рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім».
  • Ауызашар батасы: «Жаратқан Ием, Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»

Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Ұқсас материалдар