Қандастар Ассамблея

Рахат-Би Әбдісағын: "Елбасына хат жазуға бел будым"

10.02.2015 5764
Жас композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағынмен сұхбат

Осыдан бір апта бұрын біз аkorda.kz сайтынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқитын Рахат-Би Әбдісағын есімді студенттің Елбасына хат жазып, мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіріп, өз жетістіктерімен бөліскені жайлы оқыған едік. Отанына деген махаббатын фортепиано мен симфониялық оркестрге арналған «Қазақ рапсодиясы» атты музыкалық туындысы арқылы жеткізген жас баланың қырағылығы бізді қатты қызықтырып сұхбат құрамыз деп шештік. Сұхбат құрмас бұрын біз ол туралы шағын зерттеу жүргізіп те үлгердік.

Рахат-Би жайында қысқаша ақпарат

Рахат-Би қазақтың дарынды, әрі білімді жастарының жарқын өкілі. Оның дарындылығы композиторлығында, пианиноны шеберлікпен ойнауында. Ол 1999 жылдың 2-ақпанында Алматы қаласында туған. 2012 жылы М.Төлебаев атындағы 7 жылдық №5 музыкалық мектебін бар-жоғы 3 жылдың ішінде бітіріп, 15 жасында Ы.Алтынсарин (Алматы қаласы) атындағы №159 гимназияны тәмәмдады.

Бүгінде ол Қазақ Ұлттық консерваториясымен қатар Италияның Бергамо қаласындағы Санта-Чечилия музыка академиясында білім алуда.

Музыкалық композициялар жазу қабілетінің арқасында әлемнің ең үздік сахналарынан өнер көрсетуіне себепші болды. Музыкалық пьесалары: «Петроглиф», «Фантазия Мураками», «Свет в конце туннеля», «Rondine piangente», «Aport pour Satie» және т.б. Ол сондай-ақ «Грани гармонии» деп аталатын шығармашылық туындылар жинағының авторы.

Рахат-Би жан-жақты дамыған өте талантты жастардың қатарынан. Музыкадан бөлек, кітап оқығанды, суда жүзгенді, шет тілдерін оқығанды және сурет салғанды ұнатады. 7 жасында Франциядағы сурет өнерінен өткен халықаралық жарыстың лауреаты атанды. Оның салған суреттері мен жұмсақ ойыншықтары ЮНЕСКО-ның «Балалар сурет салады. Қазақстан» және «Балалар сурет салады. Орталық Азия»  деп аталатын 5 альбомына кірген.

Сұхбат

– Елбасының тұлғалық қасиетін сыйлап, оның іскерлігін жоғары бағалайтын жастар көп, бірақ олардың бәрі хат жаза бермейда бермейді. Сенің осы хатты жазуыңа не түрткі болды?

– Адам – өзі өмір сүріп жатқан қоғамның, өз ғасырының өкілі. Менің ойымша, мемлекет тағдыры тек тарихпен ғана емес, көшбасшы тағдырымен де тығыз байланыста. Елбасының өнерге жақын екенін де ерекше атап өткен жөн. Осының бәрін ескере келе ол кісіге хат жазуға бел будым. Мен Елбасы Н.Назарбаевтың өз еңбектерін және ол кісі туралы жазылған өзге де шығармаларды түгелдей оқып шықтым. Содан алған әсеріммен бөліскім келді. Сондай-ақ, өнер саласын дамытудағы өзімнің жеке үлесім туралы да жеткіздім.

Бір ай бұрын жарық көрген Елбасы туралы мақалаңда «гений» сөзінің этимологиясына тоқталып, оның ген арқылы берілетін ақыл-ой ретінде бағалаған екенсің. Біз сені талантты, дарынды жастардың қатарынан деп білеміз, қалай ойлайсың осының бәрі саған ген арқылы берілді ма, әлде ата-ананың тәрбиесі мен мектептің берген білімі ма, әлде музыка өнерінен сабақ беретін ұстазыңның еңбегі ме?

– Өзім туралы айту оңай болмас. Дегенмен кейбір ойларымды айтайын.

Музыка – қоғам санасындағы өзгерістерді өте терең сезетін өнер. Музыка дамуына көз салсақ адам санасының тарихын зерттеуге болады. Егер дарын болмаса, ештеңе де бола алмайды. Дарын болғанымен, егер еңбек етпесе, адам келешекте ұлы тұлға болып қалыптасуы екіталай. Атақты Карл Маркс өзінің «Das Kapital» атты еңбегінің бірінші томында жазып кеткендей, «Способность к труду еще на означает сам труд». Дарынды еңбек пен өз ісіңе деген құштарлық арқылы дамыту керек. Осы тұрғыда Альберт Эйнштейннің «Не стремись к тому, чтобы достичь успеха, а стремись к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл» деген сөзі орынды деп есептеймін.

Пианино сен үшін не? Неге пианино? Неге гитара емес, неге скрипка емес....?

– Алғашқы музыка үйренуді кішігірім аккордеоннан және домбырадан бастадым. Домбырадан менің ұстазым Абдулхамит Райымбергенов болғанын мақтан тұтамын. Сол кісіден екі жыл дәріс алдым. Кейін рояльге ауыстым.

Рояль, пианино, ал профессионалды тұрғыда айтсақ «piano». XIX ғасырда «Рояль – инструменттер патшасы» деген түсінік пайда болған. Бұған себеп болғаны XIX ғасырдың ең әйгілі Фредерик Францишек Шопен, Франц Лист, Роберт Шуман деген композиторлар жаңа рояль концепциясын құрып өздерінің өзекті шығармаларын осы инструментке арнаған. Рояль – тарихы бай инструмент. Оның аталары – «Құдай дауысы» атағын алған ұлы Орган, сондай-ақ кішігірім вирджинел мен спинеттер. Ренессанс пен Барокоо кезіндегі рояльға ең жақын инстрменттер – клавикорд пен клавесин. Бірақ олар клавишалық инструменттер болғанымен де, дыбыс шығарудың заманауи рояльға қарағанда өзге түрлерін қолданған. Қазіргі біз білетін рояльға ең жақын түрін Бартоломео Кристофори XVII ғасырда жасаған, және оның атын «Pianoforte» деп атаған. Бұл атаудың мағынасы – «Тыныш та, қатты да дыбыс шығара алатын». Және осы инструментке бірінші болып «Sonata per martoletti con piano e forte» атаулы шығармасын Кристофоридің жан досы, Людовико Джустини арнаған. Жаңа инструменттің констркциясына өзгертулерді бірінші болып еңгізген – атақты Людвиг ван Бетховен және оның шәкірті – Карл Черни. Қазіргі рояльдың бірінші прототипін ұсынған – Франц Лист, осы композиторды қазіргі фортепианода ойнау өнерінің атасы деп санайды. Және рояль – диапазоны ең кең, бүкіл оркестрдің партиясын қамти алатын инструмент. Әрине, барлық инструменттің өзіне ғана тән тембрі болады, бірақ, меніңше, инструменттердің нағыз Патшасы – Адамның Табиғи Дауысы.

– «Қазақ рапсодиясы» қалай дүниеге келді?

–  Бұл шығарманың дүниеге келуіне бірден-бір себепші де, қолдаушы да болған еліміздің танымал тұлғасы, жастарды классикалық музыкаға тартуға көп үлес қосып жүрген, аса ардақты, мен үшін орны ерекше Мұсақожаева Айман Қожабекқызы.

Ол былай болып еді. Айман Қожабекқызы өз университетінің (Қазақ ұлттық өнер университеті) студенттерімен жетекшілерін шетелге гастрольге алып шығатын болды. Мені де шақырды. Мен өзімнің соло шығармаларымның бірін ойнайын деп ойлап едім. Айман Қожабекқызы колледж студенттерінен құралған симфониялық оркестрді алып шығатын болған соң, маған симфониялық оркестрге арналған шығарма болса дұрыс болар еді деген. Сол сөзі «Қазақ рапсодиясының» шығуына түрткі болды. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерінен, колледж оқушыларынан құралған симфониялық оркестрімен «Қазақ рапсодиясын» Алматы, Астана, Лондон, Париж, Сеул қалаларының өнер сүйер қауымының қошеметіне ие болды.

Бұл – рояль мен симфониялық оркестрге арналған шығарма. Оркестр инструменттеріне партиялар жазған кезде, немесе оркестровка жасаған кезде мен оны шахмат ойнағанға теңеуге болады деп есептеймін – өйткені әр инструмент, әр фигура сияқты тек керек кезде жұмсалып тұру керек. Оның үстіне соло-рояльдың орны бөлек. «Қазақ рапсодиясында» менің заманауи Қазақстанды қалай қабылдайтыным, оның қарқынды дамуын сезінуім көрініс тапқан. Мен өз сезімдерімді әркімге түсінікті дыбыстық музыкалық белгілер арқылы беруге тырыстым. Әлемдік мәдениетте өзгелердің арасында біздің еліміздің, біздің халқымыздың мәдениетінің ең жақсы қырлары айқын көрінгені өте маңызды! Соны музыка арқылы халыққа жеткізуге тырыстым. «Қазақ рапсодиясы» Америкада шыққан «Discography» атты Америка ұлттық Иллинойс университетінің жинағына енді. Ол жинақта XV ғасырдан бастап фортепиано мен оркестрге арналған танымал шығармалар жинақталған. Қазақстаннан төрт композитордың ғана шығармалары аталған. Олар – Ғазиза Жұбанова, Тілес Қажығалиев, Серік Еркімбеков және мен. Айтып кететін жағдай – ең соңғы қазақстандық шығарма – 1980-ші жылы тіркелген екен. Сонда 34 жылдан кейін Қазақстаннан тіркелген шығарма – «Қазақ рапсодиясы» болды. Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан жалғыс шығарма екен. Бұл жинақ жөнінде америкалық достарым жазып жіберді, жақында ғана білдім. Ал кейінгі жазған «Forward into the Sunlight» атты скрипка мен оркестрге арналған шығармам халықаралық деңгейдегі музыканттар арасында үлкен қызығушылық туғызуда. Жалпы мақтаныш деп есептеуге болмас, дүниежүзінде менің жасымда симфониялық оркестрге туынды жазатын музыканттар санаулы-ақ екен.

– Болашақ жоспарың қандай? Қазақтың Моцарты болуға дайынсың ба?

- Жауаб: Әр адамның болашағы оның құндылықтары мен жан-дүниесіне, өмір сүретін ортасына байланысты. Адам өмірі – жеке құбылыс. Классикалық музыкасының «Сontemporary academic classics» атты заманауи тармағы бар. Осы тармақта өнер көрсеткен көптеген аты аңызға айналған батыс композиторлары көрсетілген. Бұл тармақтың негізі – Jet whistle, Multiphonix, Slap, Tongue-Ram, air noise, key noise, bridge, extr.sul.pont., khrull. және т.б. жаңа ойнау үлгілері, олар классикалық музыкалық инструменттерде қолданылады және nanomusic, spectralism, sonorix, electroacoustic music атты жанрлардың негізін қалайды. Осы бағыттарға Германиядағы Дармштадт академиясы, Автриядағы IMPULS Graz академиясы, Франциядағы IRCAM орталығы арналғын. Қазақстанда осы заманауи тармақта музыка жазатын композитор көп емес. Менің ойым – осы заманауи классикалық музыканы бүкіл Қазақстан жастарына танымал ету және Батысқа Қазақстанда осындай дамыған музыка тармақтары бар екенін көрсету. Осы жағынан Қазақстан басқа мемлекеттермен тең болуына үлес қосқым келеді.

 – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар