Қандастар Ассамблея

Радловтың бақылауынша “қазақ” сөзі ескі дəуірден үзілмей айтылып келе жатқан тайпаның аты

16.10.2014 6025
Радловтың бақылауынша “қазақ” сөзі ескі дəуірден үзілмей айтылып келе жатқан тайпаның аты

Əлкей Марғұлан да: “Көп зерттеген ғалымдардың дəлелдеуінше, бұл (қазақ. - С.Ж. ) тарихи аңызға айналған ескі сөз. А.И. Левшин (II, 41-42) мен В.В. Радловтың (193) бақылауынша “қазақ” сөзі ескі дəуірден үзілмей айтылып келе жатқан тайпаның аты. Ғалымдардың зерттеуінше, хазар, қазақ тайпалары Каспий теңізінің төңірегінде, Солтүстік Кавказда ерте кезден қоныстанған елдер. Қазақтар Орта Азиядан Алтай, Саян тауына дейін белгілі. Қазақ ол қазақ халқының ойында көп ғасыр бойы айтылып келе жатқан сөз. Халық оған көп заман этникалық мəн бермей, көбінесе ұлы тайпаларының атымен жүруге ерекше мəн берген” дейді. Демек академик Əлкей Марғұлан бұл атты хазар халқының атымен де байланыстырыпты.

Əйгiлi ғалым А. Н. Бернштам “қазақ” сөзi жайындағы В. В. Радловтың, Г. Вам берийдiң, В. В. Бартольдтiң, А. Н. Самойловичтiң, Н. Я. Маррдың т. б. пайымдауларын талдай келiп, “казақ” деген сөздiң түп-төркiнi ежелгi замандағы каспи (ғұндар) жəне сақ тайпаларының бiрiгуiнен пайда болған деген екен. М. Ақынжанов пен С. Мұқанов та осы пікірді қуаттайды. Ал, Ғалым Ə. Қоңыратбаев өзiнiң «Көне мəдениет жазбалары» атты еңбегiнде А. Н. Бернштам пiкiрiн қостай келе: “қазақ” сөзiнiң түбiрi “ғұз-сақ” (оғыз-сақ) дейтiн екi түрлi тайпа атының бiрлесуiнен туған дейді. “Хас” пен “сақ” екеуінің қосылысынан (нағыз сақ) туған деушілер де аз емес.

Əнес Сарай: “Академик Н. Я. Марр қазақ, хазар сөздерінің түбірі “қас”, “қаз” дей келіп, тарихта ежелден мəлім кас-ки, кас-пи тайпаларымен байланы- стырады. Ғалым ертеде Кавказ тауын əрі асып, бері асып жүрген кас-ки, ка- сог тайпаларының есімі “Солтүстік Кавказ халықтарының арасында, соның ішінде қазақ атауында сақталған” “Кас-ки - қазақ сөзінің арғы тегі” деп ашып көрсеткен  Б. Грозный: “Kасхи біздің заманымыздан бұрын Каспий теңізінің батысын мекендеген ғұн тайпасы. Касхи сөзінің түбірі “кас”, “каз”. Касак, касог сөздерінің түбірі де осыдан алынған Кавказ, Каспий бəрі де бір түбірден” деп қорытыпты. Сақ, скифтер туралы кейінгі кездегі тың зерттеулер аталмыш ғалымдардың шындыққа бір табан жақын екеніне сендіре бастағандай Каспий теңізінде, Кав-кас (Кавказ) тауында есімі мəңгіге қалғанына қарағанда өте ірі, іргелі тайпа болғаны даусыз, біздің шамалауымызша ол тарих бетіне б. з. б. 2 мыңыншы жылдардың шамасында шықты. Атақты Kас тайпасының бір бөлегі жырылып Бабыл барғанымен, негізгі ұйытқысы байырғы отанында қалып қойған. Олар кіндік қандары тамған ата жұрт Каспий теңізінің арғы-бергі жағалауларын ен жайлап жатқан. Ал, біздің дəуіріміздің басында Страбон олардың Каспий теңізінің шығыс жағалауын, яғни Маңғыстау атырабын жайлап, қыстап отырғанын мəлімдейді. Біздіңше “қазақ” атауын кас-пи, кас-ки тайпаларына негіз болған кас түбірінен іздеген жөн. Сонда бұл тайпа қайда кетті? Əрине жеті қыр асып жер түбіне кеткен жоқ, осы топыраққа, осы топырақты мекендеген басқа тайпаларға сіңісті деп жобалаудың ақылға ешбір шетіндігі жоқ. Ал, бұл кезде Орта Азия мен Қазақстан топырағындағы айналасына ең ықпалды күш Қаңлы бірлестігі еді. Қорыта айтқанда, осы ақ жалғауы арқылы қас түбірінен қас-ақ атауы пайда болған. Яғни грек тілінің пи жалғауының əсерінен батыс жазбаларында каспи атанған, ал шын мəніндегі төл есімі қас тайпасының жаңа дəуір басында сақ əлемінің арасына сіңісіп қасақ атануы əбден заңды құбылыс сияқты” дейді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар