Қандастар Ассамблея

ҚР Конституциясының 81-бабына түсіндірме

17.09.2015 3134
Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

ҚР Конституциясы, 80-бап

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де істер жөніндегі жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады. 

 

Конституцияда Жоғарғы Сотқа жоғары сот органы мәртебесінің берілуі абсолютты сипатта болады, себебі Қазақстан Республикасында заңда көзделген іс жүргізу нысандарында жергілікті және басқа да соттардың қызметін қадағалайтын және сот практикасының мәселелері бойынша түсіндірме беретін өзге жоғары сот органы жоқ. Мысалы, Ресей Федерациясында Жоғары Төрелік сот бар, ал Қазақстанда ондай сот жоқ. Біздің елімізде заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын және Конституцияға сәйкестігін анықтау функцияларын Конституциялық сот емес, Конституциялық кеңес орындайды, ал ол шын мәнінде сот болып табылмайды.

Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және жоғарыда аталған Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi және басқа соттар құрайды.

Осы Конституциялық заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы

Сот жүйесiнiң бiрлiгi:

1) барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;

2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;

3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;

4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;

5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;

6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде Жоғарғы Сот жоғары сатыда тұрады, ол оның заңда белгіленген өкілеттіктеріне байланысты болады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес, Жоғарғы Сот:

1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын қарайды;

2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

3) нормативтік қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелері бойынша

түсіндірме береді;

4) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Жоғарғы Соттың органдарына:

1) жалпы отырыс;

2) азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы;

3) қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы жатады.

Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультациялық кеңес құрылады.

Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңда Жоғарғы Соттың өкілеттігіне сот істерін қарау және сот практикасын зерделеу мәселелері ғана емес, сонымен бірге Жоғары Сот Кеңесінің қарауына жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен олардың сот алқаларының төрағаларының қызметтеріне кандидатураларды, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне кандидатураларды енгізу мәселелері, Республика соттары төрағаларының, сот алқалары төрағаларының және судьяларының өкілеттіктерін тоқтату мәселелері туралы ұсынымдар енгізу де жатады.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасының Президентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар, судьяларды мемлекеттiк наградалармен марапаттау және оларға құрметтi атақтар және т.б. беру туралы ұсынымдар енгiзуге өкілетті.

Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 21-бабында Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының өкілеттіктері жан-жақтылы реттелген, олар судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға, біркелкі сот практикасын қалыптастыруға бағытталған ұйымдастырушылық іс-шараларды және т.б. жүзеге асырады.

Жалпы отырыс Жоғарғы Соттың маңызды органы болып табылады, онда ұйымдық сипаттағы барлық мәселелер шешіледі, олардың негізінде Төраға жеке-дара емес, алқалы негізде Жоғары Сот Кеңесіне кадрлық және басқа да мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар енгізеді.

Сот реформасын жүргізу және үш буынды сот жүйесін енгізу барысында 2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен Жоғарғы Соттың құрамынан азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқалар алынып тасталды. Облыстық және оған теңестірілген соттардан қадағалау функциялары мен қадағалау алқалары толығымен алынып тасталғандықтан қазіргі уақытта Жоғарғы Сот сот жүйесіндегі бірыңғай қадағалау сатысы болып табылады. Сонымен бірге әділеттілік қалпына келтіріліп, әркімнің сот арқылы қорғануға тең құқылылығы нақты қамтамасыз етілді, бұрын Жоғарғы Сот қылмыстық және азаматтық істердің кейбір санаттарын қадағалау тәртібімен қарай алмайтын еді. Мысалы, белгіленген сомадан асатын мүліктік даулар, сондай-ақ аса ауыр емес қылмыстар туралы қылмыстық істер осы сатыда қарауға жатпайтын. Үш буынды сот жүйесін енгізудің нәтижесінде істерді апелляциялық және кассациялық тәртіппен қарау жөніндегі өкілеттіктер облыстық және оған теңестірілген соттарға берілді, ал қадағалау функциялары толығымен Жоғарғы Сотта қалдырылды. Мұның өзі істерді қарау тәртібін недәуір жеңілдетті. Осы шаралар соттардың құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Міне осылайша, Жоғарғы Соттың жергілікті және басқа да соттарда қаралатын азаматтық, қылмыстық және өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы ретіндегі Конституцияның 81-бабында бекітілген өкілеттіктері және заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асыруы жергілікті және басқа да соттарда қаралған сот істерін қадағалау тәртібімен қарауы арқылы іске асырылады. Жергілікті және басқа да соттардың сот практикасын жинақтауды жүргізу барысында да осы өкілеттіктер жүзеге асырылады. Сот практикасын жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау мәселелері қаралады.

Жоғарғы Соттың бірінші сатыдағы сот ретіндегі өкілеттіктеріне келетін болсақ, Құқықтық саясат тұжырымдамасында осы сотқа қадағалау функцияларын ғана беріп, оның қарауына жатқызылған істерді мейлінше шектеу немесе толық алып тастау көзделген болатын. Осы ережені орындау үшін «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен Жоғарғы Соттың қарауына бірінші саты бойынша Сайлау туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ Республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген істер ғана жатқызылған.

Конституцияның 81-бабында Жоғарғы Соттың қызмет аясы белгіленген және  бұл нормада оның нормативтік қаулыларды қабылдауы көрсетілмеген. Алайда Конституцияның 4-бабында қолданылатын құқықтың қатарына Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулылары жатқызылған, оларды қабылдау оның қызметінің аясына жатады.

Осыны негізге ала отырып, Жоғарғы Соттың сот практикасының мәселелері бойынша түсіндірме беру туралы Конституцияның түсіндіріліп отырған бабында бекітілген функциясы нормативтік қаулыларды қабылдау тәртібімен іске асырылады, себебі ол соттарға түсіндірме беру жөнінде қандай да бір басқа ресми актілер қабылдамайды.

Жоғарғы Сот жұмысының осы бір бөлігінің мақсаты істердің жекелеген санаттары бойынша заңнаманы қолдану және біркелкі практиканы жүргізу жөнінде соттарға тиісті бағыт беру болып табылады. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының құқықтық сипатын бүгінгі күнге дейін ғылымның кейбір өкілдерінің, сондай-ақ жекелеген практикалық қызметкерлердің біркелкі қабылдамауына, дау тудыруына (олардың мәні нормативтік қаулылар нормативтік құқықтық актілер болып табыла ма, олар заңда белгіленген бастапқы нормаларды ауыстырмай ма және құқықтың дербес көздері бола ма деген сұрақтарды қамтиды) қарамастан, Қазақстан Республикасы Конституциясының

4-бабымен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары Конституциямен, соған сәйкес заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және халықаралық шарттар мен қатар қолданылатын құқыққа жатқызылды.

Конституцияда Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының қолданылатын құқық ретінде бекітілуі олар өздерінің құқықтық сипаты бойынша құқықтық дербес көзі болмағанымен, оларда мазмұндалған түсіндірмелерде толықтырудың, нақтылаудың, заңдарды дұрыс қолдануды түсіндірудің болуына байланысты. Заң шығарушы заңдарды ауырлатпау үшін ең жалпы ережелерді береді, оларды мәні жағынан өзгертпей егжей-тегжейлі нақтылау Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында беріледі. Заңдар реттеп отырған жекелеген құқықтық қатынастарды егжей-тегжейлі қарастыра алмайды. Құқық нормалары, көбінесе, жалпы, абстрактілі сипатта болады. Құқық нормасы қаншалықты абстрактілі болса, ол қамтитын ұқсас құқықтық қатынастар соншалықты көп болады.

Сонымен, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары құқық нормаларын түсіндіреді және нақтылайды, олардың мәнін өзгертпей, абстрактілігін төмендетіп, нақты жағдайларға қатысты қарастырады, бұл оны нормативтік құқықтық актілерге жатқызуға және, бір уақытта, қандай да бір заңдарды нақты істер бойынша қолдану жөніндегі Жоғарғы Соттың түсіндірмелері деп есептеуге негіз болады.

Осыған ұқсас Нормативтік құқықтық актілер туралы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары нормативтік құқықтық актілерге жатқызылған.

Сот практикасын, оның заңға сәйкес болуын зерттеу, сот істерін қарау кезінде заңдарды қолданғанда туындайтын қандай да бір қиындықтарды анықтау Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыны қабылдауы үшін негіз болатынын ескерген жөн.

Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының реттеуші әсері болады, яғни Жоғарғы Сот қабылдаған нормативтік ережелер құқықтық қатынастардың көптеген субъектілеріне және сондай көп өмірлік жағдайларға қолданылады. Нормативтік қаулылардың заңдық күші сол нақтыланатын және егжей-тегжейлі қаралатын нормативтік құқықтық актінің күшінің деңгейіне тікелей жақын болады.

Конституцияда Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының нормативтік құқықтық

актілерге жатқызылуы қазіргі уақытта сот жүйесі мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі болуына байланысты болады. Олар бір-бірінен бөлінгенімен, қажеттілігіне қарай, өзара әрекеттеседі. Осы пікірді негізге алсақ, Жоғарғы Соттың қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және дамытуға құқық нормаларын нақтылайтын ғана емес, сондай-ақ оларды белгілі бір дәрежеде толықтыратын да нормативтік қаулыларды қабылдау арқылы қатысуы аса қажетті болып табылады.

Бұл жағдайды заң шығарушы органның құзыретіне Жоғарғы Соттың арала суы деп қарауға болмайды, өйткені заң шығарушы орган сот практикасын білмей соттарға түсіндірме бере алмайды.


Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

Ұқсас материалдар