Қандастар Ассамблея

ҚР Конституциясының 75-бабына түсіндірме

21.09.2015 4992
ҚР Конституциясының 75-бабына түсіндірме

ҚР Конституциясы, 75-бап

1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.

2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердiң қатысуымен жүзеге асырылады.

3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.

4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi.

 

1. Соттар мемлекеттік билік тармақтарының бірі бола тұра, елдің заң шығарушы және атқарушы органдарымен тежемелік пен тепе-теңдік жүйесі арқылы ғана емес, ал өздерінің негізгі қызметі – сот төрелігін жүзеге асыру үдерісінде де өзара іс-қимыл жасайды. Сот төрелігі мәні бойынша сот билігінің ажырамас белгісі бо- лып табылады, сот төрелігін жүзеге асыру арқылы сот билігі іске асырылады.

Заңдық істер мен дауларды қолданыстағы құқық негізінде қарап шешудегі сот төрелігі мемлекеттік қызметтің ерекше түрлерінің бірі ретінде сот органдарының айрықша құзыреті болып табылады. Осы конституциялық ережені сот төрелігінің сот органдарына ғана тиесілігіне кепілдік беретін бірқатар шаралар бекітеді.

Атап айтқанда, ешбір өзге органдар мен тұлғалардың өздеріне судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ екендігі белгіленген. Оның үстіне, кімде-кім сот өкілеттігін иеленсе, ол заңда қарастырылған жауапкершілікке тартылады. Соттың айрықша өкілеттігін басқа органдарға беруді көздейтін заңнамалық актілерді шығаруға тыйым салынады. Сотта іс жүргізу тәртібімен қарауға жататын өтініштерді, арыздарды және шағымдарды ешбір басқа органдардың, лауазымды немесе өзге де тұлғалардың қарай алмайтындығы немесе бақылауға ала алмайтындығы қарастырылған.

Сот төрелігін Республиканың бірыңғай сот жүйесіне енгізілген соттар жүзеге асырады және мемлекеттік биліктің сот тармағын білдіретін органдар ретінде соттар ғана сот төрелігін жүзеге асыра алады. Демек, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштері бойынша өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың (лауазымды адамдардың) құқықтық, оның ішінде даулы да мәселелерді қарауы «сот төрелігі» ұғымына жатпайды, алайда, сонымен бірге заңда белгіленген тәртіппен оларды кейін сот органдарының қарау мүмкіндігі сақталады.

2. Сотта қаралатын істердің мазмұнына (сипатына) қарай, сот төрелігі тиісті салалық заңнамамен реттелетін түрлі іс жүргізу нысандарында жүзеге асырылады.

Конституцияда сотта іс жүргізудің толық емес тізбесі белгіленген, бұл жағдайда сот төрелігін жүзеге асырудың іс жүргізу-құқықтық тетігін өзге (қылмыстық-құқықтықты, азаматтық-құқықтықты қоспағанда) салаларда, оның ішінде соттар қызметін мамандандыру мақсатында немесе нәтижесінде дамыту мүмкіндігі қарастырылады.

Жалпы теориялық ғылымда «іс жүргізу» ұғымы уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың мазмұны бойынша ұқсас істерді шешу жөніндегі іс жүргізу әрекеттерінің жиынтығы ретінде түсіндірілетінін ескеріп, Әкімшілік іс жүргізу кодексін қабылдаумен бекітілген әкімшілік істерді қарау жөніндегі сот қызметін мамандандыру нәтижесінде түсініктеме беріліп отырған конституциялық норма өзінің одан әрі практикалық қолдануын табатынын атап өткен жөн.

Конституциялық реформаның нәтижесінде Конституцияның 75-бабының 2-тармағы «заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердiң қатысуымен жүзеге асырылады» деген ережемен толықтырылды.

Алқабилердiң қатысуымен қылмыстық сот iсiн жүргiзу іс жүзінде 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Сот ісін жүргізу үдерісін демократияландыру қажеттілігіне байланысты алқабилер институтын енгізу 2006 жылғы 16 қаңтардағы «Алқабилер туралы» Заңын қабылдау және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылды. Алқабилердің құқықтық мәртебесі, тәуелсіздік кепілдіктері, қызметінің экономикалық және ұйымдастырушылық негіздері арнайы Заңда белгіленген, ал қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі құқықтылығы ҚР ҚІЖК-імен реттеледі.

Конституцияның нормаларын толығырақ іске асыру мақсатында қазіргі уақытта заңнамада айыпталушының оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішін мәлімдеу құқығы оған алдын ала тергеудің аяқталуы туралы хабарланып, танысу үшін істің барлық материалдарын беру кезінде ғана емес, сондай-ақ одан кейін де, тіпті, сот басты сот талқылауын тағайындаған сәтке дейін бекітілген.

Алқабилердің қатысуымен өтетін сот ісін жүргізуді жүзеге асыру ережелерінде көрсетілген өзгерістер, Парламент депутаттарының өтініші бойынша сот практикасынан алынған оқиғаны қарауға негізделген Конституциялық     Кеңестің

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-тармағын, 62-бабының 2 және 8-тармақтарын, 76-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы» 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 қаулысын, орындау үшін енгізілгендігін атап өткен жөн.

3. Осы конституциялық нормада Қазақстан Республикасы сот жүйесінің құры- лымы белгіленеді, оны Жоғарғы Сот, жергілікті және басқа да соттар құрайды.

Жоғарғы Сот азаматтық, қылмыстық және жергілікті, сондай-ақ басқа да соттарда қаралатын өзге де істер бойынша  жоғары  сот  органы  болып табылады, заңмен көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметіне қадағалауды жүзеге асырады. Жоғарғы Сот сот практикасын зерделеу және жинақтау негізінде жергілікті және өзге де соттарға сот төрелігі мәселелері бойынша түсіндірмелер береді, сондай-ақ Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстанның қолданыстағы құқығын құрайтын нормативтік қаулыларды қабылдайды.

Жергілікті соттардың санатына облыстық және оларға теңестірілген (Астана және Алматы қалаларының қалалық соттары), сондай-ақ аудандық және оларға теңестірілген (қалалық сот, ауданаралық сот) соттар жатады.

Соңғы конституциялық реформа нәтижесінде қаралып отырған норма біршама өзгерді, атап айтқанда, 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңның негізінде сот органдарының құрамына Жоғарғы Сот пен жергілікті соттармен қатар «басқа» соттар енгізілді.

Конституцияға аталған толықтыруды енгізу құрамына мамандандырылған соттар кіретін сот органдарының қолданылып жүрген жүйесін елдің Негізгі заңында көрсету объективтік қажеттілігімен түсіндіріледі. Конституциялық заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес мамандандырылған соттарға «әскери, қаржылық, экономикалық, әкімшілік соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа да соттар» жатады. Олар сот жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады, оларды Президент құрады және олар облыстық не аудандық сот мәртебесіне ие болады.

Соттарды буындарға бөлуден басқа, заңнамада сот сатыларын бөлу көзделген. Соңғы заңнамалық жаңалықтарға байланысты, Республикада оңтайлы үш буынды сот жүйесін құру аяқталды. Ол бойынша аудандық және оларға теңестірілген соттар бірінші саты бойынша істерді, облыстық және оларға теңестірілген соттар – істерді апелляциялық және кассациялық тәртіппен қарайды, ал Жоғарғы Сот қадағалау саты болып танылды.

4. Сот жүйесін құру мен оның қызмет етуінің негізін қалаушы мәселелер Конституцияда белгіленген, сот құрылымы мен судья мәртебесінің ерекшеліктерін егжей-тегжейлі реттеу 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңда жүзеге асырылған.

Конституциялық заң Қазақстан сот жүйесінің бірлігін жариялайды, ол сот төрелiгiнің бiрыңғай ұстанымдарымен, сот iсiн жүргiзудiң бiрыңғай нысандарымен, судьялардың бiрыңғай мәртебесiмен және барлық соттарды бір көзден – Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

Ерекше өкілеттігі бар, қызметі мемлекеттің Конституциясымен және заңдарымен белгіленген құқықтық шеңберден шығатын төтенше соттарды құруға конституциялық тыйым салу сот билігі тәуелсіздігінің маңызды кепілдігі болып табылады.

Отандық заңнамада «мамандандырылған» және «арнайы» соттар құқықтық ұғымдарын бөліп ажыратады. Мамандандырылған соттармен салыстырғанда арнайы соттарға Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағын ресми түсiндiру туралы» № 1 Қаулысында белгіленгендей, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және мемлекеттік билікті бөлудің белгіленген ұстанымдарына қарағанда қазақстандық құқықтық жүйеге қолайсыз бірқатар белгілер тән болады.

Біздің мемлекеттің тарихын (Одақ құрамындағы) талдау негізінде, мемлекеттік дамудың ерте кезеңдерінде (ХХ ғасырдың 20–30-жылдары) төтенше сот және соттан тыс органдары болғаны белгілі, біршама кейін олар арнайы соттар болып қайта ұйымдастырылды. Олардың мақсаттық ұстанымдарының,   сондай-ақ құқықтық құру, соттылығын айқындау және сот төрелігін адам мен азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау конституциялық құқығына, сондай- ақ барлығының заң мен сот алдындағы теңдігіне қысым жасау мүмкіндігін болдырмайтын заң нормаларының негізінде ғана жүзеге асыру.

Сот жүйесінде «басқа» соттардың болуы туралы конституциялық норманың (Конституцияның 75-бабының 3-тармағы) және Конституциялық заңда мамандандырылған соттардың толық емес тізбесін айқындаудың (3-баптың 3-тармағы) мақсатқа сай болуын экономикалық және әкімшілік соттарды1, кәмелетке  толмағандардың істері жөніндегі соттарды, сондай-ақ Алматы қаласы өңірлік қаржылық орталық қатысушыларының азаматтық-құқықтық дауларын қарауға уәкілетті қаржылық сотты құрудың және олардың табысты қызмет етуінің практикасы растайды.

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленгендей, сот-құқықтық жүйені дамытудың негізгі арқауы соттар мен судьяларды мамандандыру, оның ішінде ювеналдық соттарды дамыту, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құру болып табылады, келешекте салық және басқа да мамандандырылған соттар құрылуы мүмкін. Тұжырымдаманың ережелерін орындау шеңберінде 2010 жылдан бастап мамандандырылған ауданаралық соттардың және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық  әскери соттардың қызметі қарастырылған,   олар аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарайтын болады.

Бұл жағдай, сонымен қатар сот жүйесінің қазақстандық моделі қазіргі заман қоғамы мен мемлекетінің өзекті мәселелеріне уақтылы және тиесілі ден қоюы үшін қолайлы екендігін растайды.


Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

Ұқсас материалдар