ҚР Білім және ғылым министрі мектеп оқушыларын Білім күнімен құттықтады

01.09.2016 2469
Елімізде биыл 1 қыркүйек күні 2,8 млн оқушы мектепке барады

Астанада №70 мектеп-лицейдің алғашқы қоңырауына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Жаңа оқу жылының басталғанымен шын жүректен құттықтаймын. Әр ата-ананың арман-мақсаты - өз балаларының дұрыстап оқып, білімді болып, білім мен ғылымның арқасында елдің елеулі азаматтары болып, есімдері елге танылғаны. Мемлекетіміз, Елбасы барлық жағдай жасап жатыр. Әр ата-ананың осы арманы орындалсын! Сәт сапар тілеймін!» - деді министр оқушылар мен ата-аналарға тілеген ақжолтай тілегінде.

Айта кетейік, елімізде биыл 1 қыркүйек күні 2,8 млн оқушы мектепке барады. Олардың 370 мыңы - алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер.

Қазақстанның барлық орта білім беру мекемелерінде Білім күні ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Конституция күніне орай салтанатты түрде алғашқы қоңырау ұйымдастырылады, сондай-ақ бірыңғай «Мен - өз елімнің патриотымын» тақырыбында сабақ өтеді.

Жергілікті атқару органдарының мәліметіне сүйенсек, жаңа оқу жылы қарсаңында есігін ашқалы отырған мектептер саны - 7126. Жаңа оқу жылына дейін 60 жаңа мектеп пайдалануға берілу жоспарланған, ал 2016 жылдың соңына дейін 32 жаңа мектеп берілмек.


inform.kz

Ұқсас материалдар