Қандастар Ассамблея

ҚР Ұлттық музейі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған алғашқы шарасын өткізді

06.12.2014 7400
2014 жылғы 4 желтоқсанда сағат 16.00 – де ҚР Ұлттық музейінде 2015 жылы аталып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің ұлы бетбұрысы» атты дөңгелек үстел өтеді.

Алдағы жылы ҚР Ұлттық музейінде  аталып өтетін «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойына орай 4 желтоқсан күні «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің ұлы бетбұрысы» атты дөңгелек үстел өтті.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кездесуінде:

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы,  бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», – деп 2015 жылы қазақ халқы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінін айтқан болатын.

Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы Қазақстан тарихының өзекті мәселесі болып табылады. Ал Аңырақай шайқасы  біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңіс.

Бүгінгі буынның санасына отаншылдық пен елжандылықты сіңіруді мақсат тұтатын шараны ҚР Ұлттық музейі Мәдени-білім беру жұмыстары бөлімі, ғалымдар және ҚазМЗУ коледжінің тарих пәнінің оқытушылары мен студенттері бірлесіп  ұйымдастырған.

«Бүгін біз қазақ-жоңғар арасында болған Аңырақай шайқасының 285 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізіп жатырмыз. Бұл шайқас туралы дұрыс түсінік қалыптастыру қазақ мемлекеттілігін дамытудың маңызды мәселесі болып табылады. Келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне ҚР Ұлттық музейі бірнеше жобаны жүзеге асырғалы отыр. Оның ішінде экспозициялық-көрме, конференциялар мен семинарлар және азаматтық пен патриотизмді қалыптастыратын басқа да шаралар болады", - деді дөңгелек үстелдің модераторы, ҚР Ұлттық музейінің ғылымим хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Роза ҚАДЫСОВА.

Дөңгелек үстелдің қатысушылары көшпенділер мемлекеттілігінің құрылуы мен қалыптасуы, олардың ұлт ретінде сақталуы, жоңғар шапқыншылығынан ұлан-ғайыр жерді аман алып қалып, оны ұрпағына аманаттауы сынды тақырыптарды талқылады.

Ұқсас материалдар