Пугачев көтерілісіне қатысқан қазақ қызы

30.05.2014 3822
Сапар Мәтенқызы (1753-1776ж.ж.) – Ақтөбе өңірі Қобда өзені бойын мекендеген табын руы отбасында дүниеге келген.

Сапар Мәтенқызы (1753-1776ж.ж.) – Ақтөбе өңірі Қобда өзені бойын мекендеген табын руы отбасында дүниеге келген. Ел алдында сөйлеген сөзінен, жүзеге асырған саяси, әскери іс-қимылдарынан, халыққа шашқан ұрандарынан – ескіше айырықша сауатты, ой-өрісі кең жан болғандығы халық ауызындағы әңгімелерден белгілі. Сапар қыз 16-17 жас шамасында өз руының орташа ауқатты адамына тұрмысқа шығады. Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтар Жоңғарияға қашқан кезде Сапардың күйеуі солардың қолынан қаза табады. Сапар келіншек қазаның артын бағып, жыл өткен соң әмеңгерлік жолмен күйеуінің інісі Жанбалтаның етегінен ұстайды.

Бұл – қазақ халқының, әсіресе Кіші жүздің Е.Пугачев көтерілісінен (1773-1775ж.ж.) кейінгі қанқұйлы жазалаудың тақсыретін тартып, қыбырламақ түгілі сыбырлауға шамасы келмей бұғып қалған кезі еді. Сапар келіншек от басы, ошақ қасында жүріп, ел-халқының тағдырына қабырғасы қайысқан, әріден ойлайтын, ақыл көкжиегі кең, ызғындай жұртына тарыққанда тірек болар көсем әйел екенін, осы кезде таныта білді.

1775 жылдың қыркүйек айында Елек, Қобда өзендерінің сағасында отырған табын, тама рулары дүр етіп атқа қонып, ереуілдеп шыға келді. Ол тарихта «Көктемір көтерілісі» деген атаққа ие болды. Ғажабы сол – бұл жойқын ереуілге жел берген ел ұстаған хан да, қоңыраулы найза өңгерген батыр-бағылан да емес, табиғатынан нәзік жаратылған әлсіз де аурушаң, бірақ халқына деген сүйіспеншілігі ат басындай асау жүрегіне сыймаған, ержүрек – Сапар келіншек еді. Табын, тама рулары арасында қалыптасқан өз беделін пайдаланып, қазақ жерін білгенінше белінен таптаған орыс отаршыларына қарсы елді көтеруді ойлады. Жүрегінде оты бар жас күйеуі Жанбалта оның сенімді серігіне айналды.

Сапар келіншектің айырықша қабілетті, қатарынан озып туған көшелі жан екені – күрес тактикасы мен саяси бағдарламасынан анық аңғарылады. Қазақ халқы Е.Пугачев көтерілісіне үлкен үміт артқан еді. Ол қазақ халқының басына бар жақсылықты үйіп төкті: жеке дербес мемлекеттік, теңдік пен бостандық, тіпті Жайық, Орынбор казак-орыстарында Қазақ хандығының қарамағына беруге уәде етті. Бірақ Кіші жүз ханы Нұралы әліптің артын бағып, оны түсіне қоймады. Ханының ауызы қисайысына қараған қазақ даласының атқамінерлері «ақ патшаға берген антымызды аттамаймыз» деп қайратты ерге қол ұшын бермеді, керісінше, білек сыбанып желпінген ерлердің бетін кері қағумен болды. Сөйткенмен де, ашық, жасырын Е.Пугачев соңына ергендер аз болмады. Алайда, Е.Пугачев өліп, көтерілістің жаншылғанына бір жыл болған-ды. Сапар келіншек елеулі нәтижелерге жете тұрып, аяқ астынан мезгілсіз аяқталған осы көтерілісті қайта жандандыруды ойлады. Пугачев атын ұрандаса, оның жасырынып қалған серіктері, есесі кеткен Жайық бойы казак-орыстары, арғы беттегі қалмақтар, терістіктегі башқұрттар, ішкі тараптағы мордва, чуваш, черемістер – Пугачевтің кешегі қарулы қосынының мүшелері қайтадан атқа қонады деп дәмеленді. Сапар келіншектің ой ауқымының кеңдігі осындай болды.

Осынау арманды ойды жүзеге асыру жолында әйел аты басты кедергіге айналды. «Байтал шауып бәйге алмас» - деген қазақ даласына әбден сіңіскен пәлсапалардың бірі еді. Осы жағдайда орыс отаршыларына қарсы елді көтеру арманы Сапар келіншекті тарихта баламасы жоқ, ең қиын да қатерлі авантюраға бас тігуге мәжбүр етті. Ол өз пірі Көк бұқа – «Көктемір» атынан әрекет етуге бел буды.

Тама, табын руларының 1775 жылдың қыркүйегінде «Көктемір» пірдің әмірімен атқа қонып, Қобда бойында 1500 қол жиғаны Орынбор мен Петерборға әйгілі болды. Е.Пугачев бүлігіне қол бергені үшін жаппай қылыш жүзінен өткізілген, біржола «жуасытылған» қазақтардан мұндай басбұзарлық шыққанына күмәнді патша сарайы Орынборға қайта-қайта сұрау салды. Орынбор губернаторы Рейнедорп мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін өз «жансыздарын» көтеріліс ошағы орталығына жіберіп, хатталған мәліметтер алды. Сол мәліметтер бүгінде Ресей сыртқы істер министрлігінің архивінде сақтаулы.

Е.Пугачев көтерілісінің жалғасы іспеттес Сапар келіншек көтерілісіне дем беріп, арқау болар адамдар көбейді. Сөйтіп, Сапар келіншек ұстанған стратегияның негіссіз болмағаны, оның көсемге тән зор саяси қабілет иесі екеніне көз жеткіземіз.

1776 жылдың басынан әрбір ұлт-азаттық қозғалысында болатын бұлтақ, қарсы күштердің іріткі әрекеті басталды. Алдымен Досалы сұлтан көтерілістен ірге айырып, Орынбор губернаторы Рейнедорпқа хат жолдап, кінәларын жуып-шаюға кірісті. Және қырға көтерілісшілерді тоқтату үшін жазалаушы отряд шығаруды өтінді. Адалдығын таныту үшін Тұз қамалының іргесіне көшіп барды. Көп ұзамай оның баласы Сейдалы сұлтанда көтеріліс сапынан кетті.

Нұралы хан да көтерілісті ыдыратуға жанын салды. 1775 жылдың соңында Сапар келіншекке өзінің атақты старшыны Сырым Датұлын жұмсап, бекерге қан төккеннен нәтиже шықпайтынын ескертіп, жоспарынан бас тартуға шақырды. Бірақ одан да ештеңе өнбеді. Рейнедорпқа хат жолдап, табын, тама ауылдарына жазалаушы отряд шығаруды, болмаса башқұрттарды айдап салуды ұсынды. Ақыры Нұралы өзі бас болып Сапар келіншек ауылдарына аттаныс жасап, онысы да сәтсіз аяқталды.

Жиналған жасақты иіріп ұстап тұруға болмайтынына, соза берсе ішкі іріткіден көтерілісшілер ыдырап кететініне көзі жеткен Сапар 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Көтерілісті табын, тама, байбақты, жағалбайлы, шекті, кердері рулары қолдады. Жасақ саны 10 мыңға жетті. Бұл әжептәуір күш болғанмен, орысты мұқатуға аздық етті. Сапар келіншек отаршыларды күйрете алмайтынын білді, бірақ қылышты қынабынан суырмау керек, суырған соң сілтеу парыз екенін ұғынды.

Орыс отаршылары негізгі күштері Қобда бойына орналасқан көтерілісшілер шабуылдауы мүмкін деген қамалдарды нығайтып, бекітіп тастап отырған. Сапар сол себепті күшті бір жерге топтамай, жеңіл жасақтар құрып, қамсыз отырған қамалдарға тұтқиылдан шабуылдау әдістерін қолданған. Немесе партизан соғысын бастады. Мысалы, олар Красногорский қамалының бекінісінің мықтылығын біліп, Орынборға қарай бұрылып, қайта қайырылып Чернореченский, Елек қамалдарына шабуылдады. Шағын жеңіл жасақтар бір мезгілде Верхнеуральский, Қызыл, Таналық, Ор, Ильин, Гурев, Чернореченский, Елек қамалдарына лап қойды. Қамалдар бір-біріне көмекке келіп, қол ұшын беру мүмкіндігінен айырылды. Сапар келіншектің соғыс тактикасы әжептәуір жеңіске жеткізді: табын Қалыбай, тама Қадыр, Садыр, Жанболат, Тасболат және жағалбайлы топтары Қалмақ редутын күйретіп жіберді. Жайық топтары Кирсанов хуторын алды. Ал Гурьев бағытында әрекеттенгендер Жайықтан өтіп, Астраханға ілігіп, Краснояр, Чернояр елді-мекендерін шапты. Бұлай шашырай әрекет ету көтеріліс күштерінің ауқымды екенін аңғартып, орыс билігіне қарсы күштерді ояту амалы еді. Бірақ қолдау мардымсыз болды. Пугачев көтерілісінен кейін қылыш жүзінен өткен Еділ, Жайық казак-орыстары, башқұрттар үн-түнсіз жатты.

1776 жылдың жаз айларының ортасында көтеріліс сап тыйылды. Архив құжаттарында оның себебі туралы дерек жоқ. Әдетте, мұндай көтерілістен кейін жазалау шаралары болуы тиіс. Көтерілістің аяқ астынан сап тыйылуы – Сапар келіншектің өлімімен байланысты болса керек.

Шамасы, табиғатынан аурушаң, әлсіз жан – жүйкеге түскен сұмдық ауырлықтың салмағын көтере алмай, оқыс үзілген сияқты. Қалай болғанменде, ол алғашқы ұлт-азаттық қозғалыстың қарлығашы болып, тарихымызға өшпестей із қалдырып, алтын әріптермен сақталды. Алғашқы ұлт-азаттық қозғалысын бастаушы әйел болу – бұл оқиғаның мәні мен мазмұнын еселеп арттыра түседі.

Сапар келіншектің жерленген жері Қобда бойында, болмаса Қобда-Қиыл аралығында болса керек. Себебі ол туралы архивтерде нақты дерек жоқ.

Бұл көтеріліс туралы мәлімет мәдениеттанушы, философ Әнес Сарайдың «Қазақстан әйелдері» журналына (1997 жылғы, ақпан №2) берген мақаласынан алынды. 

Мәлімет беруші: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, өлке тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айбек Ертемиров.

Ұқсас материалдар