Қандастар Ассамблея

Пауло Коэльоның кітабынан

25.07.2016 7849
Даналық сөздер

Адам өз табиғатында күнәһар және оған Құдай берген қасиеттер – Құдайдың қайырымы, жақсы тәртіп үшін берілген сый емес. Мен өте жақсымын деп өркөкіректік таныта кетсек, онымыз үшін жаза аламыз.

Сондықтан да Құдай «мен өз қабілет-қарымыммен жақсы дәрежеге жеттім» деп мастанған құлын әуелі тәубесіне келтірді, соны түсініп өркөкіректігіне өкінген сәтте кешірді. Сөйтті де бұрынғы қалпына қайта оралтты.

Өзін-өзі әулие санағандар Құдайға күпірлік келтіреді. Адам өз әлсіздіктері мен кемшіліктерін біле жүруі тиіс.

 

Зиярат етуші Пауло Коэльо

 

Бұл еңбекке Бразилияның курортты қаласы Копакабанада тұратын ерекше тағдыр иесі, осы заманғы ең атақты жазушылардың бірі Пауло Коэльоның кітаптарынан үзінділер арқау болған. Оның жазғандары түгелдей дерлік өз басынан өткергендері. Сондықтан да шыншыл.

Бүгінде Пауло Коэльоның кітаптары әлемнің 155 елінде 56 тілде жарық көрген. Олардың жалпы таралымы 70 миллион данадан асады. Ресейде 1999 жылы алғашқы шыққан кітаптарының бар болғаны 3000 данасы ғана сатылса, 2003 жылы 3 миллион данасы сатылған.

Паулоның орыс тіліне сегіз кітабы аударылған. Олар: «Алхимик», «Мен Рио-Пьедраның жағасына отырдым да жылап жібердім», «Вероника өлуге бел байлады», «Дию және сеньорита Прим», «Бесінші тау», «Нұрлы әлем сарбазының кітабы», «Он бір минут» және «Заһир».

Қазақ оқырманына ұсынылып отырған әлемдік әдебиеттің жаңа нұсқаларымен танысу мүмкіндігін беретін Пауло Коэльоның кітаптарындағы кейбір түйінді ойлары бірімізді болмаса бірімізді жаңа ойларға жетелері хақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Алхимик» кітабынан

 

«Алхимик» бүгінгі заманға лайық ертегі-әпсаналар жиынтығы. Сантьяго қойшының белгісіз жаққа сапар шегуінің нәтижесінде пайда болған «Өз Жолы» деген түсініктің төңірегінде адамның өзін-өзі тануы мен табуы, сол арқылы Жаратушы белгілеп берген жолды іздеуі қызықты оқиғалар арқылы тартымды суреттеледі.

 

Өз Тағдырының жүзеге асуына қол жеткізу – адамның бірден-бір міндеті…

Барлық адамдар жас кезінде-ақ өз тағдырын біледі… Бірақ уақыт өте келе жасырын бір күш сол тағдырының жүзеге асуы мүмкін еместігін дәлелдей бастайды.

Бұл күш адамға жақсылық тілемейтіндей көрінеді, дегенмен шын мәнінде, ол, адамға өз тағдырын қалай жүзеге асыруға болатынын көрсетіп тұрады. Ол, осыған адамның рухы мен жігерін дайындайды. Бұл планетада бір ұлы ақиқат бар: егер сен шынымен бір нәрсені қаласаң, оған жетесің, өйткені мұндай қалау Әлемнің көкірегінде пайда болады. Нақ осы – сенің Жерде не үшін жүргеніңді білдіреді.

Әлемнің Жаны адамның бақытынан қуат алады. Бақытынан, және де қасіретінен, күншілдігінен, қызғанышынан. Адамда жалғыз ғана міндет бар - өз Тағдырына ең соңына дейін еру. Барлығы – осында. Есте сақтайтын бір нәрсе – адам бір нәрсені қалағанда, бүкіл Әлем оның мақсатының орындалуына жәрдемдеседі.

 

* * *

Адамда өз арманының орындалуына керек нәрсенің барлығы бар.

 

* * *

Өз Тағдырың деген не? Бұл біздің ең ұлы мақсатымыз, ол – Жердегі бізге Жаратушының дайындап қойған жолы. Әр жолы, біз бір нәрсені қуана және рахаттана орындасақ, ол біздің Өз Тағдырымызға ергенімізді көрсетеді. Бірақ, сол жолмен жүріп, өзінің ұлы арманына жетуге барлығымыздың бірдей батылдығымыз жете бермейді.

Неге барлық адамдардың көздеген мақсаттары мен армандары орындала бермейді?

Бұған төрт нәрсе кедергі болады. Біріншісі – адамдарды жастайынан орындала бермейтін нәрсені армандай бермеуді үйреткендіктен. Ол – адамның арманының шолақ болып қалуына, оны орындаудың алдындағы қорқыныштың пайда болуына, содан адам өзін-өзі айыпты сезінуіне алып келеді. Сол жүк адамның еңсесін езе береді.

Егер адам бұл кедергіні жеңе қалса, сөйтіп өз жүрегінің түкпіріндегі арманын биік қоя алса және ол мақсатын орындау жолындағы күрестен бас тартпаса, онда адамды екінші тексеру – махаббат күтіп тұрады. Адам өзінің өмірде жетемін және өз бойымнан өткізіп көремін дегені өзінің жақын жандарына қатер не қасірет әкелуі мүмкін деп түсінеді. Ол – махаббаттың ешуақытта кедергі болмайтынын, оның зияны жоқтығын, қайта ол ілгері жетелейтінін түсінбеуден келіп шығады.

Егер адам махаббаттың да кедергі емес екенін сезінсе, онда оған үшінші кедергі – сәтсіздік пен жеңілу қорқынышы кез болады.  Екі кедергіден өткен адамда қайтуға жол жоқ, сондықтан Нұрлы әлем сарбазы өмірде кездесетін қиын сәттерде төзімді болып, Бүкіл әлем оның мақсатының орындалуына тілектес болып тұрғанын ұдайы есте сақтауы керек.

Осы жолда жеңілістің қаншалықты керегі бар?

Ол керек пе, жоқ па, бәрібір кездесіп тұрады. Адам өз мақсаты мен арманы үшін күресті бастай сала, тәжірибесіздіктен көптеген қателіктерге жол береді. Бірақ, тұрмыстың мағынасының өзі – жеті рет құлап сегіз рет тұру ғой.

Адам осы үш кедергіден де өткенде, оған соңғы кедергі – бүкіл ғұмырының арманы орындалу қорқынышы кездеседі. Адам өз арманы орындалғанда, мақсаттары орындалмай қалған адамдардың алдында өзін айыптыдай сезінеді. Жан-жағына қарап, басқалар жетпеген биікке жеткенде адам өзін оған лайықты еместей сезінеді. Бұл жолда қаншама қиындықтар болғаны, басынан өткен қобалжу, уайым мен қайғы, арманының орындалуы жолындағы шеккен жапа мен шыққан шығын есінен шығады.

Осы төрт кедергінің ішіндегі ең зұлымы – осы соңғысы, өйткені ол - өз жетістігі мен жеткен жеңісіне қуана білмеуге әкеліп соғады.

 

* * *

Оскар Уайльд «адамдар өздерінің өте жақсы көретінін алдымен қиратады»  дейді.

 

* * *

Мен ішкі дүниемнің қамауында бола жүріп, мынадай маңызды қорытындылар жасадым: біз кей ақиқатты әуелі бүкіл жан-дүниемізбен кері итермелеп барып қабылдаймыз; өз тағдырыңнан қашудың қажеті жоқ – бәрібір қашып құтыла алмайсың; Жаратушы қатаң талап етеді, бірақ, Оның кешірімділігі де шексіз.

 

* * *

 «Қой жайып жүрген адамға кітап оқудың не керегі бар, қойлар кез-келген кітаптан көп нәрсені үйрете алады» - дейді қойшы Сантьяго.

«Қойларға рахат, ештеңені ойлап, шешім іздеп жатпайды. Мүмкін, сондықтан да олар маған тығылса керек» - дейді ол тағы да.

«Қойлардың басында тамақ табудан басқа не бар?… Мүмкін адамдар да солай шығар…».

«Қойлармен бірге жүрген адам онша жалғызсырамайды…».

 

* * *

Адамдар биіктерге өрмелейтін себебі – бүгінгі өмірден жақсырақ өмір бар ма деп іздейді. Жер-жерді аралау, теңізге шығу да адамдардың бақытты болудың өзге жолдарын іздеу себебінен келіп шығады. Бірақ, олар, айналып келгенде, кешегілердің өмірі бүгінгілердікінен жақсырақ екеніне көздері жетеді.

 

* * *

Кейбір сәттерде адамдардың өмірі өздеріне бағынбай, оларды тағдыр басқарып кетеді деген сөз мүлдем өтірік.

 

* * *

Адамның төңірегіндегі адамдар өзгеріп тұрмаса, олар адамның бүкіл болмысына еніп кетеді. Сөйтеді де, олар адамның қалыпты өмірін өзгертуге тырысады. Егер сен олар қалағандай бола білмесең - ренжиді.

 

* * *

Ғаламдағы барлық нәрсенің бағасы бар.

 

* * *

Адамдар өз өмірлерінің мағынасы не екенін өте ерте сезіндік деп ойлайды. Мүмкін сондықтан да болар, олардан өте ерте бас тартады.

Өзіңде жоқ нәрсені бар деп ойлау – соған ие болу құқығынан айырылып қалу қаупін туғызады.

 

* * *

Адамның әрбір күні бір-біріне ұқсас болса, адамдар өз өмірлерінде күн шыққалы бергі болып жатқан жақсы нәрселерді сезінуден қала бастайды.

 

* * *

Өмірінде бірінші рет карта ойнауға отырған адам ұта бастайды. Істі жаңадан бастағандардың жолы болатыны да осы заңдылыққа бағынады. Өйткені өмір сенің өз Тағдырыңа еруіңді қалайды, сөйтеді де сәттілік арқылы сенің тәбетіңді ашады.

 

* * *

Жер жүзінде барлығы біртұтас. Сондықтан адам өз Тағдырына соңына дейін ергені мақұл.

 

* * *

Бақыттың құпиясы – өмірдің таңғажайып және қызықты екенін көруде, бірақ байқаусызда кездескен екі тамшы бақытты шайқап-төгіп алмауды да ұмытпау маңызды.

 

* * *

Бірқалыпты тіршілікке үйреніп қалған адам ауық-ауық ой-санасын қалдықтардан тазартып отыруы керек.

 

* * *

Біздің әрбіріміз өз өмірімізде бір рет болса да қасиетті Мекке қаласына баруымыз керек. Жасымда мен аз ғана қаржы жинақтағанда кішкене дүкен сатып алдым. Ойладым: «біраз байып аламын да Меккеге барамын» деп.  Содан менде ақша көбейе бастады, саудамды ешкімге сеніп тастап кеткім келмеді, өйткені сауда қалыпты дамуынан бір ажыраса қалпына келтіру қиын. Менің дүкенімнің жанынан адамдар жылма-жыл Меккеге зиярат етуге кетіп бара жатты. Олар ішінде ондаған малайлары бар байлар бар еді, олар жолына ондаған түйе жегіп жүретін. Бірақ көпшілігі менен гөрі кедейірек болатын.

Мен оларды қайта оралған кездерінде де көрдім, олар бақытты және риза пейілде еді. Өзгелердің етіктерін жамаумен күн көретін бір етікшіден: «жол жүрудің қиыншылығы көп болды ма?» деп сұрағанымда маған «Меккеге бару жолында бір жыл жүргенде көрген қиыншылығым, көрші ауылға тері іздеп барғанда көрген қиыншылықтай да болған жоқ» деді.

Мен Меккеге бару жайлы армандаумен өмір кештім. Сол арманым мені күнделікті күйкі тірліктің арасында аман сақтап қалды. Көндіге келе, мен, арманым орындала қалса, онда алда өмір сүрудің не керегі бар деп ойлайтын болдым. Арманым орындала қалғанда мен үлкен өкінішке тап болармын деп ойладым.

Осылайша мен бұрын қалай өмір сүрген болсам, солай өмір сүре беруге көндіктім. Осы жылдар ішінде менің достарым кетті, келді, кедейленді, байып кетті. Осыны ойласам көңілімді терең мұң басады. Қазір мен өзім салған кішкене дүкеннің көлемі менің арманыма лайық болғанын түсінемін. Мен өмірімде өзгерістер жасауға ұмтылмадым, тіптен, оның қалай жасалуы мүмкін екенін де білмедім. Мен өзіме-өзім әбден үйреніп кеттім.

 

* * *

Қойларда өздері еш үйрене алмайтын нәрселер баршылық. Олар талғажау боларлық тамақ пен су іздеуден басқаны білмейді. Оны да қойларды айдап жүріп үйретесің.

 

* * *

Кез-келген істе шешімге келу – істің басы ғана. Адам таңдау жасап, бір шешімге келгенде, қайда апарып тастары белгісіз, ағысы қатты суға сүңгіп кеткендей болады.

 

* * *

Қай істі болмасын жүзеге асыру жолында белгілерге тап боласың. Олар, кейде, «жолы болу» және «сәйкес келіп қалу» деп аталады.

 

* * *

Өз Жолыңда қаншалықты алысқа жетсең, ол жол сенің өміріңді соншалықты күштірек айқындайды.

 

* * *

Шөл дала соншалықты үлкен әрі шексіз, сондықтан сен өзіңді құмның бір түйіршігі ретінде елестетесің.

 

* * *

Алхимияда Әлемнің Жаны деген түсінік бар. Егер бір нәрсені бүкіл жаныңмен қаласаң, онда сен Әлемнің Жанына жақындайсың. Ол саған қуат болады.

 

* * *

Жер бетіндегі нәрсенің бәрі өзгеріп тұрады, өйткені жердің өзінің де жаны бар. Біз бәріміз – сол Жанның бір бөлшегіміз, сондықтан жердің бізге ылғи жақсылық жасап тұратынына мән бере бермейміз.

 

* * *

Белгісіз нәрседен қорқа бермеу керек, өйткені әркім қалағанын ала алады, жетемін деген биігіне жетеді.

 

* * *

Егер әркім қорғасыннан алтын жасай беретін болса, алтынның құны қорғасындікіне пара-пар болып кетпей ме?

 

* * *

Әркімнің оқып-үйрену жолы әртүрлі, бірінікі біріне сай келмейді. Бірақ, бәріміз өз Жолымызды іздеуіміз керек. Онымыз үшін біз құрметке лайықпыз.

 

* * *

Мен тірімін, өйткені қазір мен құрма жеп отырмын. Жол жүрсем, соның тауқыметімен боламын. Соғысу қажет болса, барымды салуым керек, оның жолында өлім де қорқынышты емес. Өйткені мен нақ осы сәтте өмір сүруге тиіспін, онсыз болашақ болмайды. Егер сен осы сәтпен өмір сүрсең - бақыттысың.  Сонда сен, шөл далада да тіршілік бар екенін, аспанда жұлдыздар жарқырайтынын, әскерлердің ұрысқа әзір отыратынын түсінесің. Өмір осылай ғана таусылмайтын мереке болуы мүмкін, өйткені, бұлай болғанда онда нақ осы сәттен басқа ештеңе қалмас еді.

 

* * *

Әдетте жақсылар мен жамандардың соғысы болмайды, соғыс тек билік үшін ғана болады. Ондай соғыстар басталса, ұзаққа созылады, өйткені Құдай жеңушілердің де, жеңілушілердің де жағында.

 

* * *

Менің бүгінгі жасағанымды осыдан он жыл бұрын да жасауға болар еді. Бірақ, он жыл кешіккенімнің өзі жиырма жыл кешіккенмен салыстырғанда бақыт.

 

* * *

Бар құпия қазіргі сәтте. Оған лайықты көңіл бөлсең – оны жақсартасың. Оны жақсартсаң – болашақты да жақсарта аласың. Сондықтан, болашағым жақсы болсын деген адам нақ бүгінгі сәтін қолдан жіберіп алмасын. Әрбір күн – мәңгіліктің бір бөлшегін құрайды.

 

* * *

Жамандық адамның аузына кіргенде емес, одан шыққанда.

 

* * *

Түйелерде ерекше мінез бар: олар шаршамастан жүре береді, жүре береді. Сосын, тізерлей қалады да бірден өліп кетеді. Аттар олай емес, олардың күші біртіндеп қайтады.

 

* * *

Бүгінге дейінгі тапқаның құнды заттар болса, ол өзгермейді.

 

* * *

Сүюді сөзбен мадақтау да, даттау да қажетсіз. Сүйеді, болды. Махаббат дәлелдеуді қажет етпейді.

 

* * *

Артта қалған нәрсе туралы көп ойлай беру керексіз. Адамдар көбіне қайтуды ойлайды, жүріп кетуді емес.

 

* * *

Даналар біздің өміріміз жұмаққа сәйкес құрылғанын баяғыда түсінген.

 

* * *

Ең қараңғы кез таң атуға жақындағанда болады.

 

* * *

Біз алдымызда қандай қазына жатқанын түсіне бермейміз. Ол – қазынаның кездесе кететініне сенбегендіктен.

 

* * *

Күн астында болып жатқанның бәрінің зауалынан ешкім қашып құтыла алмайды.

 

* * *

Мен өзімнің кең пейілім үшін өте көп алдым деме. Өмір оны естіп қалса, ертеңгі берерін азайтып жіберуі мүмкін.

 

* * *

Бір рет болған нәрсе ешуақытта қайтып қайталанбауы мүмкін. Ал, екі рет болған нәрсе үшінші рет те айналып келеді.

 

* * *

Жер бетіндегі әрбір адам, қандай іспен айналысқанына қарамастан, әлемнің тарихында басты рөл ойнайды. Және, осылай екенін өзі біле де бермейді.

 

 

«Мен Рио-Пьедраның жағасына отырдым да жылап жібердім» еңбегінен

 

Бұл кітап  өзінің алдында таңдау пайда бола кетіп, оған тез жауап беру қажет болған кезде, жас әйелдің бір апта ішінде басынан кешкен оқиғаларын баяндайды.

Біз көбіне бұрын-соңды болмаған нәрсе - өте бір биікте немесе шалғайда секілді сезінеміз. Жанымызда болып жатқан кереметтерді қабылдағымыз келмейді, оларға өз қақпамызды ашпай, өткізіп жібереміз.

Нағыз махаббат - өзіңді ешбір қалдықсыз, тұтастай соған бағыштағанда ғана келетін нәрсе екеніне кітапты оқыған адамның көзі жетеді.

 

Адамда кей кезде өзінің жүрегін кеудесінен жұлып алып лақтырып тастағысы келетін сезім болады. Сол арқылы барлық қиналыстан, күйініш пен сағыныштан, естеліктерден құтылғысы келеді.

 

* * *

Өмір сүруге ғана тырыс. Естеліктерді қарттарға қалдыр.

 

* * *

Махаббат туралы барлық тарихтар бір-біріне ұқсас.

 

* * *

Тәуекел ету керек. Өмірдің кереметіне біздер өзіміз соған дайын болған кезде ғана жетуге болады.

Әрбір күні, Құдай бізге, жарық күнмен бірге, бізді бақытсыз етіп жүрген нәрсенің бәрін өзгертуге мүмкіндік береді. Және, әрбір күні, біз сол мүмкіндікті байқамауға тырысатындай болып көрінгіміз келеді, ондай мүмкіншілік болмағандай, бүгінгі күннің кешегі күннен еш айырмасы жоқтай көреміз. Бірақ, өз күніне үңіле қараған адам осы сиқырлы сәтті табады. Ол, біз ертеңгі күнге есік ашқан сәтімізде, немесе кешкі ас соңынан келер тыныштық сәттерде, я болмаса бізге бір-бірінен еш айырмасы жоқ болып көрінетін мың бір сәттің әрбірінде жасырынып тұрғандай. Әйтеуір, жұлдыздардың қуаты бізге жететін және бізге таңғажайыптар жасауға мүмкіндік беретін нақ осындай сәттер бары хақ.

Ия, бақыт бізге кейде бір игілік ретінде келеді, бірақ жеңіс пен кедергілерді жеңу ретінде келуі жиі. Сиқырлы сәт бізді өзгеруге және өз армандарымызды іздеуге сапарға шығуға үндейді.  Ия, бұл жолда бізге уайым мен күйіну, қайғы мен жоғалту кездесуі мүмкін, бірақ бұлар өтпелі және із қалдыра қоймайды. Алдағы күнге біз артымызға намыстанбай және сеніммен қарап ұмтыла аламыз.

Тәуекелге барудан қорқатын адам бақытсыз. Ол қиялдың өкініші мен жеңілісі деген не екенін білмесе керек, ол армандай білетін және сол арманын шындыққа айналдыруға ұмтылатын адамдар секілді қинала білмесе керек. Бірақ, тағдыр теріс айналғанда (ол міндетті түрде теріс айналады, өйткені ол біздің әрбірімізге тиесілі), онда өз жүрегі: «Сенің әр күніңді, демалысың мен еңбектеріңді мырзалықпен орналастырған Құдайдың кереметтерімен сен не істей алдың? Сен Ұстазыңның саған сенген дарынын қалай пайдаландың? Жоғалтып аламын деп тереңірек көме салдың ба? Мейлі, онда бұдан былай саған өз өмірімді өткіздім, шашып-төктім, тауыстым және тараттым деген сезімде боласың».

Мұндай сөздерді естіген адамдар бақытсыз. Өйткені ол кереметтің болатынын, бірақ сол сиқырлы сәттердің қайтып оралмайтынын ғана айта жүргені үшін бақытсыз.

 

* * *

Бізді кейде бір мұң басады да, оны жеңу қиынға соғады. Біз осы күннің сиқырлы сәті өтіп кеткенін, біз оны ұстап қала алмағанымызды сеземіз. Сонда өмір бізден өзінің магиясын, өзінің өнерін жасырады.

Егер біз қайта туыла алсақ, онда біздің өмір сүргенімізде ешқандай мағына қалмаған болар еді.

 

* * *

Нақты тұрмыста біздер орындалмаған махаббатты махаббат деп санамаймыз. Махаббат сүйетін адамыңмен қашан да болса бір қауышармын деген үміт бар кезде (ол үміт әлсіз ғана болса да) сақталып қалса керек.

 

* * *

Дананың даналығы сүйе білетінінде. Ал ақымақтың ақымақтығы махаббатқа ие бола аламын-ау деуінде.

 

* * *

Сүйетін адам табу мен жоғалту өнерін де меңгергені дұрыс.

 

* * *

Өз жүрегін бағындыра білгенге бүкіл әлем бағынады.

 

* * *

Махаббат – тоспа сияқты: онда азғана су өтерлік титтей тесік қалса, онда жақын арада тоспа күйрейді және судың ағынын ешкім тоқтата алмайтын уақыт келеді.

Егер махаббаттың алдындағы кедергі күйресе, онда ол барлығын бағындырады: ол мүмкін іс пе, жоқ па, оған бәрібір. Махаббат басқаруға көнбейді.

 

* * *

Махаббат – ол тұтасып тұрған торлар мен қақпандар. Ол өзін сездіргісі келсе, оның жарық жағы ғана көрінеді, ал жарық түсірген көлеңкені жасырып қалады.

 

* * *

Қашан болса да біреумен күресіп жүретін адамдар болады. Ол төңірегіндегілермен де, өзімен-өзі де, өмірмен де күреске түсе кетуге әзір тұрады. Бірте-бірте оның басында әртүрлі театрлық қойылымдар пайда болады, мұның либреттосын ол, өзінің жеңілістері мен сәтсіздіктерінің айтып тұруымен  жазады.

Ең қайғылысы, ондай адамдар өз пьесасын жеке өзі ғана орындамайды, оған өзге де актерларды тартады.

Мұндай адамдар сахнаға шақырғанда өзін жапа шегуші ретінде көрсеткісі келеді, өмір толы әділетсіздік деп шағынады, өзгелерден кеңес, жәрдем сұрап, ара түсуін тілейді.

 

* * *

Титтей ғана көлденең жатқан шөпті көре қалатындардың таулар мен далаларды, тұтас ормандарды байқамайтындай болатыны бар.

 

* * *

Өмірде соңына дейін күресуге тұратын нәрселер бар.

 

* * *

Жаңа киген бәтіңке аяқты әр жерінен қысады. Өмір де солай: ол бізді әлі басымыздан өткізіп көрмеген сәттерде қыспаққа алады. Біз оны қаламауымыз мүмкін, бірақ, бізге соның өзі керек болып тұрған болар.

 

* * *

Бір кісі өмірге қалыптасуға тырысып, ештеңе шығара алмай жүрген ескі досын кездестіріпті. «Оған аздаған ақша берсем қайтер екен» деп ойлапты. Досына жолыққанда, оның байып кетіп, көп жылғы қарыздарының барлығынан құтылғанын естіпті.

Мұндай табыстың себебін сұрағанда досынан: «Мен бұрын басқа адамша өмір сүрген екенмін» деген жауап алыпты.

- Қалай?

- Басқа адам дегенім – осы күнге дейін қалай болуым керектігін оқытқысы келгенін, өзім олай болуды қаламасам да тыңдап жүре берген адам. Ол адам бүкіл өмірінде көп ақша жинап, қартайғанда аштан өлмеудің жолын іздеу керектігіне сенген. Олай ойлаған сайын ол орындалуы мүмкін емес алып жоспарлар жасап, оны орындауды армандап жүргенде, алдағы тірліктегі күні таусылып бара жатқанын сезінеді екен. Сөйтіп, кешіккенін білгенде ғана өкінеді.

- Ал қазір сен қандайсың?

- Мен қазір тек жүрегімнің әмірін тыңдаймын. Қорқыныш пен өкініш орнын менде кереметке сену мен барлық нәрсеге шаттана қарау қабілеті басқан. Жеңілістер бар, одан қаншалықты сақ болғанда да құтыла алмау мүмкін. Сондықтан, өз арманыңды орындау жолында күрес, майданда кейде жеңіліске ұшырасаң да,  оның күйреумен салыстырғанда бақыт екенін түсін. Мен осы ақиқатты түсінгелі бері өзімді-өзім тапқандай болдым. Бұрынғы қалпымды тастадым. Ол маған жабысып айырылғысы келмеді, қорқытып та көрді, мені орынсыз тәуекелге барып жатырсың, болашағың мен кейінгі күнге ештеңе қалмай барады деп иландырғысы да келді.

Бірақ мен оған қайырылып та қарамадым. Бұрынғы қалпымды өз ішімнен қуып шыққалы Құдайдың қуаты керемет жетістіктерге жеткізді.

 

* * *

Құдай біздермен ойын ойнайды және біздің ойнағымыз келе ме, жоқ па, оны сұрамайды. Оған сенің артыңда не бар: сүйіктің бе, үй, қызмет, карьера ма, арман ба, бәрібір. Құдай сенің өмірің жайлы мәліметтерді білмейді, білгісі де келмейді, білгісі келсе сенің қай затың қайда тұрғанын, сенің үміт-тілектеріңді, соны орындау жолындағы табандылығың мен еңбекқорлығыңды да білер еді де, мүмкін, соған сәйкес әрекет еткен болар ма еді?!.  Құдай сенің жасаған есептерің мен құрған жоспарларыңды еске алып жатпайды, ол Әлемнің бір түкпірінде ойын ойнап отырып, басқа біреуге ауыса салады. Ойын кезінде Құдайдың бойынан бір толқын тарап тұрады, ол жақсылық та, жамандық та әкелуі мүмкін, оның қалай болып тиетіні ешкімге аян емес.

 

* * *

Бүкіл әлем қашанда біздің армандарымыздың орындалуына жәрдемдесуге әзір, ол, тіпті, ақымақтау арман болса да. Өйткені ол – біздің арманымыз, және, осылайша армандауға қалайша жеткеніміз өзімізге ғана аян.

 

* * *

Махаббат – есірткі сияқты. Алдымен бір рахат сезімге бөленесің, өзіңді жеңіл сезініп, сол сезімнің ішінде тұтастай еріп кеткендей боласың. Келесі күні – тағы қалайсың. Сезіну саған қаншама ұнап тұрса да, соған мүлде беріліп кеткенше өзіңнің кез-келген сәтте одан бас тарта алатыныңа сенесің. Ол кезде сен сүйіктің жайлы екі минут ойлап, үш минут ұмыта аласың. Бірақ біртіндеп оған үйренесің де, толықтай соған бағынышты болып қаласың. Енді сен ол туралы үш сағат ойлайсың да, екі минут ұмытатын боласың. Ол жаныңда болмаса, нашақорлар сияқты бірнәрсе жетпей тұрғандай сипалана бересің. Нашақор секілді бір салым есірткі үшін ұрлық-қарлыққа да, өлтіріп жіберуге де әзір тұрасың, махаббатың үшін кез-келген қорлануға дайынсың.

 

* * *

Кейбір үнсіздік сәттері бізге бір-бірімізге ештеңе түсіндірудің қажеті болмай қалғанын білдіреді.

 

* * *

Мен ең жақсы күндерімді, солардан құралған жылдарымды қағазға үңіліп, бірдеңелерді түртпектеп өткіздім, бірақ олар менің онсыз да жатқа білетін нәрселерімнен басқа ештеңе де үйреткен жоқ.

 

* * *

Құдай, егер ол бар болса, онда ол - әрі Әке, әрі Шеше.

 

* * *

Махаббат туралы айтудың керегі жоқ, оның өз дауысы бар және өзі туралы өзі-ақ сөйлеп береді.

 

* * *

Махаббат – қашан да жаңа. Махаббаттың өмірде неше рет кездескені де маңызды емес: бір рет пе, екі немесе үш рет пе. Әр жолы біз бір бейтаныс және түйсігіміз үшін жаңа нәрсемен кездесеміз. Махаббат бізді аспанға шығаруы да, жерге тығып жіберуі де мүмкін, бірақ бұрынғы орнымызда қалдырмайды. Махаббатты кері қайтарып жібере алмайсың, өйткені ол – біздің тұрмысымыздың тамағы. Одан бас тартсақ – жемістен қайысқан өмір ағашының жемісін қолымыз жетіп тұрса да үзіп алуға батылымыз жетпей құр қарап отырып аштан өлеміз. Қайда тұрғанына қарамастан махаббатты іздеу керек, оны іздеу өкіну мен мұң сағаттарына, күндерге, апталарға созылса да.

Мәселе мынада: егер біз махаббатты шындап іздесек, ол өзі де біз жаққа қарай беттей бастайды.

Және бізді құтқарады.

 

* * *

Сүюден қорыққан арулар, қорқыныш нәтижесінде махаббатын жоғалтады.

 

* * *

Вампирлер аласұрып серік іздейді. Бірақ, олар сүюге қабілетсіз. Сондықтан да вампирлерді өлтіру үшін олардың жүрегіне қазық тығып алу керек деген сенім шыққан. Солай еткенде ғана жүрек махаббат қуатын босатады, ол жамандықты жояды.

 

* * *

Махаббат біртіндеп келмейді.

 

* * *

Буддистердің өз шындығы бар, кришнаиттер мен индустерде де, мұсылмандар мен иудейлерде де солай. Егер адам сенімге ие болса, ол Құдаймен бүртұтас болады және ғажайып жетістіктерге жете алады. Мұны білу аз – таңдау жасау жолында да тәуекел керек. Мен католик дінін таңдадым, өйткені осы дін аясынд