Қандастар Ассамблея

Қожаберген жырау

03.09.2014 2675
Қазақ халқының ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақын­жырауларының, әнші, күйші­сазгерлерінің және халық батырларының бірі – Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлы

Жырыма құлағың сал, азаматым,

Ұнаса менің айтқан насихатым.

Кеудеңде шыбын жаның болса егер,

Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын.

Қожаберген жырау

 

Қазақ халқының ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақын­жырауларының, әнші, күйші­сазгерлерінің және халық батырларының бірі – Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлы (1663­1763) екендігі баршаға аян. Толыбай сыншы ұлы – ақын, тек жай ғана батыр емес, кезінде қазақ халқының әскерін басқарған қолбасшы, әйгілі ғұлама, шежіреші. Оған оның өз шығармасы «Елім­ай» жыр­дастанының бірінші бөліміндегі мына шумақтар да айғақ бола алады:

 

Өнерге жас шағымнан құштар болғам,

Самарқанд, Бұхарадан білім алғам.

Атанып үздік шәкірт қатарында,

Ең үлкен медресесін тәмамдағам.

Ерлікпен мағлұм болдым алыс-жатқа,

Ән шырқап, қобыз тарттық көңіл шатта.

Бітіріп медресені шыққаннан соң

Имам боп он жетімде міндім атқа.

Он сегізде әйгілі балуан болып,

Он тоғызда іліндім батыр атқа.

Жиырмада имам болмай, ақын болып,

Сыймайтын іс жасадым шариғатқа.

Тіліне араб, парсы болдым жетік,

Оны да қолданбадым өнер етіп.

Шамамша қол бастаған сардар болып,

Мен жүрдім мұсылманға қызмет етіп.

 

Сонымен қатар, Қожабергеннің ғұлама ордабасы, әскербасы, батыр екендігіне оның шәкірті Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты дастанындағы мына шумақтардың өзі­ақ дәлел бола алады:

Қожаберген ұстазым

Бұхара барып оқыған.

Төрт-бес тілді үйреніп,

Көкейге берік тоқыған.

 

Жалаулы найза, қобызды,

Домбырасын қолға алған.

Қамалға шабар алдында

Шығарып өлең толғаған.

 

Жырын сүйген баршасы,

Болмаса кейбір оңбаған.

Алла, аруақ жебеу боп,

Жорықта жолын оңдаған.

 

Қиын-қыстау  кезеңде

Намысын қозғап өлеңмен.

Батыр, ақын ұстазым,

Қалың қолға дем берген.

 

Қожаберген 1663 жылы наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының (бұрынғыша Қызылжар аймағының) Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосы орналасқан жерде бұрын болған Толыбай сыншы қарағайы деген орманның қойнауында дүниеге келіп, сол туған жерінде 1763 жылы қазан айында жүз бір жасқа қарағанда ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегін сол төңіректегі «Бүркіт қонған» деген орманның маңындағы әкесінің есімімен аталатын Толыбай сыншы бейітіне елі жерлепті. Ақынның әкесі Толыбай сыншы Дәуленұлы (1603­1680) заманында Қазақ, Ноғай (Қарағаш, Маңғыт  рулары),  Қарақалпақ, Сібір татары (Ескер, Барабы, Құралаш рулары, Шалабай естектерінің (Челябинск башқұрттарының) біріккен әскерінің ордабасысы болыпты. Барабы, Ескер, Құралаш руларының, Шалабай башқұрттарының жасағының қазақ әскерінің құрамында болуына оларға қазақ хандығының ықпалы басым болуы себепкер болған екен. Қожабергеннің өз әкесі Толыбай сыншы да, атасы Дәулен батыр да, бабасы Таузар сардар да өз замандарында үш жүздің әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушілері болыпты. Оларды өздерімен тұстас ақын­жыраулар өлеңдеріне қосып, ерліктерін жырларына арқау етіпті (шежіре деректері бойынша).

Жыраудың анасы – Ақбілек Баянауыл өңірін мекендейтін Орта жүз Сүйіндік Арғын Айдабол бидің қызы екен. Ол кісі де өнері асқан сынықшы, тоқымашы, тігінші болыпты. Ол жайында Қожаберген өзінің «Елім­ай» жырының бірінші бөлімінде былай дейді:

 

Орта жүз Арғындағы асыл тектен,

Анамның шыққан заты Сүйіндіктен.

Жиырма ұлдың көкжал туған ең кіші ем,

Тұңғыш қыз Айдаболдың Ақбілектен.

 

Толыбай сыншының өз анасы Жамал кезінде Самарқанд шаһарын және оған қоса Самарқанд уәлаятын билеп­төстеген, сол шаһарда үлкен ғимараттар салуға үлес қосқан, медресе ашқан. Кіші жүз ішінде Әлімұлының Төртқара руынан шыққан әйгілі Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының (1576­1656) туған апасы екен. Сол себепті Толыбай сыншы қолбасшы өзінің Майлы би, Өтежан, Өтегелді, Өтеген, Өтепберген, Өтеулі, Өтеміс, Қарабас, Әмір, Өмір, Темір, Батыр, Бабыр, Бадыр, Өтебай, Өтеғұл, Еділ, Жайық, Қожаберген есімді ұлдарын нағашылары  Ақша  би,  Жалаңтөс  баһадүрдың  Самарқанд, Үргеніш, Бұхара шаһарларындағы жоғары дәрежелі діни білім беретін медреселерде ұстаздық қызмет атқаратын өнерлі, білімпаз ұлдарына ертіп апарып, солардың үйлеріне қойып, сол білім ордаларында оқытады. Толыбай сыншының жиырма төрт баласының он тоғызы аталмыш қалалардағы медреседе оқып, хадимше сауаттарын жетілдіріп, діни білімдерін толықтырып, көне түрік, араб, парсы, өзбек тілдерін жақсы үйреніп, сол оқу орындарын өте жақсы тәмамдап шығыпты.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Ұқсас материалдар