Қандастар Ассамблея

ОЙ ҚАЗЫНАСЫ, СЕЗІМ ДАРИЯСЫ (Өз заманының біртуар перзенті Əбіш Кекілбай туралы)

27.08.2014 3219
ОЙ ҚАЗЫНАСЫ, СЕЗІМ ДАРИЯСЫ (Өз заманының біртуар перзенті Əбіш Кекілбай туралы)

Кейбір кездері адам баласының жан дүниесінде бір тұлғаға қатысты ерекше бір сүйіспеншілік, айрықша бір сезім шарлап жүреді. Ал, оның түп-тамыры, бастау көзі қайдан, қалай екендігін түсінуде, ұғынуда қиынның қиыны болып кеуделенеді. Жаныңа сұлулық сыйлап жүрген ондай сүйіспеншілік пен асқақ сезімді қапелімде тілге тиек етіп алмайтының да, жаза алмайтының да анық. Өйткені ондай сұлу, асқақ дүние терең ойлап айтуды не жазуды қажет етеді. Бұндай ұшы-қиыры жоқ кеңістікте тек бір нəрсе ұғынықты болып тұрғандай болып кейіп танытады. Ол – сүю, ол – сыйлау, ол – игілік сынды барлық жақсылық атаулыға лайық əсем бір сыр. Менің бұл сырым, біз білетін ойшыл жазушы, ақын, саясаткер, би, шешен, ақылман, сөз зергері, аудармашы, қысқасы, адами қасиеттердің тұнбасы, адамзаттың адал, таза тұлғасы Əбіш Кекілбай ағамыз туралы.

Адамға кейде айтатын не жазатын дүниесі сырға толы табиғат жаратылысының біртұтас болмысындай болып көрінетіні бар. Сол болмыстың ішіне үңілсең, қатпар-қатпары құпияға толы шексіз əлем. Тұтас бір əлемді сырттан қарап ішкі сырын айта да, жаза да алмайтының анық. Ал, Əбіш Кекілбай кеңістігі жаратылыс тұтас-тығының біртұтас бөлшегіндей болып көрінеді. Сосын ол туралы айту һəм жазу күрделеніп кете береді. Ойлайсың, уақыт келер, менің де Əбіш əлемі туралы таныным кеңейе түсер, сөйтіп өмірдің белгілі бір кезеңін күтесің. Бірақ уақыт тоқтаусыз зырылдап өтіп бара жатыр. Ал, сенің сырың заман қатпарында қалып, мəңгі өшіп, бір сұлу сыр ажарын бұл дүниеде көрсете алмастан өз ішіне бүгіп кете беруі де мүмкін. Осыдан барып, ғылым жүйесіне жүгінесің, ғылым табиғат пен адам болмысындағы белгісіз сыр əлемін өскен ортасымен, заманымен сəйкестендіре зерттейді. Ғылымның нəтижелеріне қарағанда, адам болмысындағы рухани жəне  дүниеуи құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтап үйлесімді өмір кешу өте сирек құбылыс. Сондықтан бірі Ескендір Зұлқарнайын сынды дүниеден көзі тоймай өтеді. Ал, Қожа Ахмет Яссауи сынды сопылар адам өмірінің мəнін таза руханиятпен байланыстыра илаһи махаббат жолын таңдайды. Осыдан адамзатқа тұлға ретінде баға беріп, таразылау қиынның қиыны.

Осы тұрғыдан қарағанда, Əбіш Кекілбай саяси майданның да кейіпкері болып келе жатыр. Адамзат қоғамының күрделі, күрмелі һəм көлеңкелі қабаты саясат болғандықтан оның бəрі саяси кейіпкердің өмірімен қабаттасып жатады. Бұған дəлел еліміз тəуелсіздік алғаннан кейінгі жыл-дары қайшылықтарға толы көзқарастарға тап болды. Сол себепті Əбіш Кекілбайды өз биігінен көре білу үшін саяси ызғар өтіне қарсы тұру немесе оған көз жүгірту керек бо- лады. Мəселен, ұлт тағдырын ойлаған зиялы қашанда Əбіш Кекілбайұлының саяси тұлғасын өз заманының ұлттық саяси қайраткері ретінде қарастыруы табиғи шешім. Өйткені мемлекет құрылымы Əбіш Кекілбайды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республика-сының Парламенті депутаты, Сенат Төрағасы, Президент кеңесшісі, Парламент жоғарғы палатасының сенаторы болуын қажет етті. Оның бірде біреуі Əбіш Кекілбайға қажет емес-ті. Бірақ, Əбіш Кекілбай ондай қажеттілікті өтеуге міндетті еді. Осындай қайшылықтар ортасында үйлесімді шаруа тындыру тек қана ерекше тарихи тұлғалардың маңдайына жазылған. Əбіш Кекілбайдың саяси сахнада болуы еліміздің бүгінгі жəне ертеңгі ұлттық болмысына із салатыны сезіліп тұр. Бұл қазіргі саяси биліктің болмысымен де тікелей қатысты қажеттілік болып табылады. Əбіш Кекілбай саяси тұлға болғандықтан оған біраз жұрт сүйсіне қарайды, енді біразы іш жиып қарайды. Сөйтіп Əбіш Кекілбайдың тұтастай бітім-болмысы саяси иірімдердің тұңғиығында қалып, өзгеше тəсілмен зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Саясат майданының да өзіндік ережесі бар. Бірақ, кейбір азаматтар өздерін саясат керуенінің жүгіндей сезінеді. Сөйтіп қоғамның да, мемлекеттің де, қалыпты тіршілігінің шырқын бұзады. Ал, Əбіш Кекілбай саясатта өзіне жүктелген салмақты са- насымен қабылдап, жүрегімен сезініп жүктелген міндетті барынша таза атқаруға тырысып та, күресіп те келе жатыр. Əбіш Кекілбайдың творчествосы жайлы əңгіме бөлек. Ал, саясат саласында өзіндік орны бар екендігі оның сөйлеген сөздерінен, жасаған іс-қимылынан, ылғи елдің назарында болып келе жатқандығынан байқалады.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар